АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ӨНІМДЕРІ ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ
Өткен аптада елордамыз Астанада ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оған әр облыстың аграрлары өз өнімдерін алып келіп, елордалықтарға ұсынған. Мұнда ет, балық, сүт, көкөністер мен жеміс-жидек сияқты түрлі азық-түлікті тікелей фермерлерден алуға мүмкіндік қарастырылды.
Елордаға ауданымыздағы шаруалар барып, жәрмеңкеге өз өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкені аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов бастап барды. Елорда тұрғындары арзан бағада ұсынылған тауарларға ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ, ауданымызда да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында ауыл- шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі әр сенбі сайын ұйымдастырылуда.
Онда жергілікті ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдері ұсынылды. Жәрмеңке түрлі, ең бастысы, сапалы өнімдерге толы болды: жұмыртқа, ұн, ет, бал, көкөністер, сүт өнімдері – барлығы қолайлы бағамен және жақсы сапада қол жетімді болды.
Мұндай ауылшаруашылық жәрмеңкелері біздің аудан үшін маңызды оқиғаға айналып, жер-гілікті кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді.
Ауыл тұрғындарына үнемі жаңа және сапалы өнімдер сатып алуға мүмкіндік беру үшін осындай іс-шаралар тоқсанына бірнеше рет өткізіледі.
Аудандық өндіріс өнімдерін облыстық жәрмеңкелерде, тіпті елордада да сатып алуға болады. Жәрмеңкеде ауыл шаруашылық өнімдері аудан тұрғындары үшін нарық бағасынан 10-15% төмендетілген бағамен ұсынылды.
Қаламыздың тұрғыны Гүлнәр Дүйсенова өтіп жатқан жәрмеңкеге өз ойын былай деп жеткізді: -Бағаны тұрақтандыру мақсатында өткізіліп жатқан ауылшаруашылығы жәрмеңкесінің тұрғындар үшін маңызы зор. Себебі, мұнда бәрі қолжетімді. Қалаған затты арзан бағада сатып алуға болады. Орналасқан жері де ыңғайлы. Қаланың орталық тұсында өткізіліп жатқан жәрмеңкеге қатынау да оңай. Нарықтық заманда күйменің құны мен түйменің бағасы шарықтап тұрған шақта жәрмеңкенің халық үшін алар орны айрықша деп ойлаймын. Азық-түлікті күнделікті тұтынатынымызды ескерсек, қымбатшылықтың қалтаны қағатыны анық.
Аталмыш жәрмеңкенің өтуіне мұрындық болып жатқан аудан басшылығына алғысымды білдіремін, — деді.
Самат ТОҚБАНОВ,
«Sarysý»