ЖАҢА ҚОНДЫРҒЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Қара суығын қымтап қара күз де келіп жетті. Ауданда жылыту маусымына дайындық толығымен аяқталып, іске асыруға дайын. Қаламызды жылумен қамтамасыз етіп отырған «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорнының қала үшін маңызы өте жоғары.
Осы орайда, «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, қысқы маусымға дайындық туралы аталмыш кәсіпорын директоры А.Абилов жылыту маусымы барысын баяндады: — Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлерге, 185 жеке тұрғын үйлерге, 8203 абонентке яғни 21784 қала тұрғынына (жылу алатын 6500 абонент), 41 бюджеттік мекемеге, 29 өзге де заңды тұлғаларға және 380 кәсіпкерлік нысандарға коммуналдық қызмет көрсетеді. 2024-2025 ж. жылыту маусымына дайындық өте тиянақты жүргізілді. Жалпы қазандық жылыту маусымына 97 пайыз дайын. 2024-2025 жылдардағы жоспарға сәйкес қалалық қазандықта күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, қазандықтарды ауыстыру мақсатында Германияның «BOSCH» компаниясы арқылы арнайы құрылғылар орнатылды. Аталмыш құрылғыда 4 су қазандығы, 1 бу қазандығы жұмыс жасайтын болады. Жаңа қондырғының артықшылығы ұзақ уақытқа дейін жарамдылығында және заманауи технологиялық құрылғылармен жасақталған. Қалада бірқатар жылу жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орталық саябақ пен 2- мөлтек ауданға дейінгі 1- мөлтек аудан 2 — үйдегі және 2-мөлтек аудан 29 үйдегі жылу жүйелері ауыстырылды. Қара майдың (мазут) мәселесіне келер болсақ, былтырдан қалған 1883 тонна қара май қоры бар. Қазан айының басында мердігер «KCEG» ЖШС-нің тасымалдау жұмыстары жүргізіледі. Демек, қазіргі таңда ешқандай кедергі жоқ. Биылғы жылы ыстық су мен жылу жоспарға сәйкес іске қосылатын болады.
«Судың да сұрауы бар» демекші, тұрғындардың коммуналдық қызметке қарызы қазіргі таңға 37,6 миллион теңгеге жетті. Бұл күрделі мәселе. 2024 жылдың басынан 114 абонент 4,6 миллион соммадағы құжаттары сот орындаушыға өткізілді. Соның ішінде 24 абоненттен 1,4 миллион соммада қарыздары өндірілді. Жоғарыда аталған мәселеге байланысты, (тұрғындардың назарына) қордаланған қарызды төлету мақсатында кәріз жүйесін бекітетін «ГЛОТ» аппараты Ресейден алынды. Барша тұрғындарға айтарым, қарызды уақытылы төлесе деген уәжім бар, — деді.
Қысқы қауыртқа сақадай сай болуда барлық күш жұмылдырылуда. Ендеше, қаламыздың басты жылу ошағы қазандығымыз бүтін, түтініміз түзу шықсын дегіміз келеді.
Самат ТОҚБАНОВ,
«Sarysý»