ЖАҢАТАСТЫҢ АҒАРТУ САЛАСЫНЫҢ БАСТАУЫНДА ТҰРҒАН ҰСТАЗ

0

Биыл Жаңатас қаласына 55 жыл толды. Осы уақыт бедерінде қаламызда жарық дүниенің есігін ашқан талай ұрпақ әке мен анадан алған, бойына сіңірген адами қасиеттерінен бөлек, білім нәрімен сусындап қияға қанат қағып, түлеп ұшты.

Талай шәкіртке өмірлік білім нәрімен ақылының толысуына тікелей ықпал жасау-шы ұлы тұлғалар-ұстаздар еді. Сол ұстаздардың бірі Жаңатас қаласының білім саласының  бастауында тұрған, қаланың білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, қала мектептерінде ұзақ жыл басшылық қызмет атқарған Маманов Тілепберген ағамыз болатын.

Тілепберген Маманов 1929 жылы Ақмола облысының Сарысу ауданындағы Ақжал жерінде дүниеге келген. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық халықты аяусыз қырғынға ұшыратып, Сарысу өзенінің бойында отырған ел Қаратауға қарай үдере көшкен. Сол ашаршылық нәубетін бастан кешіріп, Қаратау, Саудакент өңіріне зорға жеткен ұрпақ өкілдерінің бірі.

Тілепберген аға Сарысу ауданының Талдыбұлақ ауылдық кеңесіндегі «Жаңакүш», кейінірек Серго атанған орталау мектепте, аудан орталығындағы Каганович атындағы орта мектебінде оқып, білім алған.

Бүкіл елге қасірет алып келген 1941-1945 жылдардағы соғыс өрті тұтанғанда, майданға кеткен ерлердің орнын басқан ауылда қалған белі қатпаған баламен жер таянған қарт, үйде де, түзге де бірдей болған аналарымызбен  бірге шөп шабысып, егін орысып, мал бағып, соғыс жылдарының ауыртпалығын бастан кешті. Колхоздың бар жұмысына жегілді. Сол тұста ғұмыр кешкен әрбір тұлға тағдырлас еді. Колхозда есепші болып та жұмыс атқарған.

Тілепберген аға 1946 жылы «Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

1947 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1951 жылы жоғарғы дәрежелі білім алып шығады.

Содан бастап, барлық саналы ғұмырын білім саласына арнаған.  Жамбыл, Талас аудандарында және Жаңатас қаласында үздіксіз 37 жыл мектеп директоры болып, жемісті қызмет атқарды.

Ұзақ жылғы жемісті педагогикалық еңбегі үшін 1961 жылы Қазақ ССР-ы оқу ағарту ісінің озық қызметкері белгісімен, 2 рет Қазақ ССР-ы Оқу министрінің Құрмет грамотасымен, көптеген салалық және мерекелік медальдармен марапатталған.

1990 жылы Жаңатас қаласының Құрметті азаматы атанды.

Ардақты ағай жұбайы Әбубәкірқызы Сағат апамыз екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, ұл-қыздардан 21 немере 41 шөбере сүйген ардақты ата, аяулы ана болды.

Ағамыздың балалары әр салада жемісті әрі абыройлы еңбек етті, басшылық қызметтерде болды. Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, қазіргі таңда бір-бір шаңырақтың бәйтерегіне айналған ел ағалары.

1990 жылы зейнетке шықан Тілепберген ағай аудан және қала өміріне белсене аралас-ты. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген ұлағатты ұстаз жастарға, жас мамандарға ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес. Тәжірибесімен бөлісті. Зейнетке шыққаннан кейін шығармашылықпен көбірек айналысты. Жаңатастың «Қаратау кеншісі», Сарысу ауданының «Сарысу» және Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеттерінде, сондай-ақ республикалық басылымдарда жиі-жиі тарихи, деректі мақалалар жазып, жұртшылыққа танымал болған қарымды қаламгерлердің бірі болды.

Жоғарыдағы еңбек жолында айтқандай,  ұлағатты ұстаз Жамбыл, Талас аудандарымен қатар, Жаңатас қаласының білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ең алғашқы Жаңатас қаласында мектеп директоры болып келген кезін ағай өз естелігінде:

— 1963 жылы көкек айының 7 жұлдызы күні сол кездегі атаумен айтқанда Сарысу ауданының «Бүркітті» деп аталатын елді мекеніне келдім. Осында шағын ғана Бүркітті сегіз жылдық мектебіне директор болып тағайындалып, мектепті қабылдап алдым. 21 мұғалімі бар мектепте небәрі 265 бала, жалпы саны 16-ға толатын қазақ-орыс кластарында оқиды екен. Бұған дейін Жамбыл, Талас аудандарының оқушылары мен мұғалімдері көп ірі мектептерінде басшылық қызмет істеп келген менің, мұнда қалғым келмей, қайта қайтып кеткім келді.  Әрине, оған ол кездегі «партияның солдаты», «партия айтты бітті» деген қағида жол бермесі белгілі. Ол кезде «Бүркіттіге» қожайын – геологиялық кен барлау тобы. Геологиялық барлау тобының инженер, қызметкерлерінің және ойдан-қырдан көшіп келген зейнеткерлердің 150-ге тарта үйлері бар екен. Тұрғын үйлердің бәрі, мектеп орналасқан үй де, төбелері қара қағазбен жабылған, ағаштан, балшықтан соғылған. Қысты күні пешке баялыш, жусан тәрізді отындарды жағып үй жылытып, тамақ істеп ішеді.  Көше деген атымен жоқ. Қалай болса солай орналасқан, мыжырайған аласа үйлер. Міне, Жаңатастың бұрынғы бейнесі осындай еді. 1963 жылдың қараша айында Бүркіттіге темір жол жеткізілді, көзіміз ашыла бастады. 1964 жылы тамыз айында «Бүркітті» сегіз жылдық мектебі орта мектепке айналдырылып, оған Қаныш Сәтбаевтың есімі берілді. Мектеп директорлығына қалалық партия комитеті Оңтүстік Қазақстан өлкелік оқу бөлімінің бұйрығына сәйкес мені бекітті. Мектеп оқушыларының да саны 600-ге жақындап, мұғалімдер саны өсті. Әр тараптан мектепке білікті ұстаздар келе бастады. Қаратудан А.А. Ильмных, Атыраудан Л.А. Селиверстова, Алматыдан Б. Сауымбаева, А.И. Кохановская, Ресей жақтан Благова, Түркістаннан И.Т. Төлебаев, О.Г. Төлебаев, Қ. Ақмаханова т.б келіп жемісті еңбек еткен еді…,- деп жазып еске алады.

Тілепберген ағай бір әулеттің ғана емес, елдің қадірлі қариясы, ауданның Құрметті азаматы, шежіреші, тарихшы, ұлағатты ұстаз болды.

Тілепберген ағай тарихи деректер мен ескі әңгімелерді, шежірелерді жинауға үлкен еңбек сіңірді. Аудан тарихына қатысты, сондай-ақ, ауданның, Жаңатас қаласының қалыптасуы мен дамуының бастауында тұрған, елге еңбегі сіңген азаматтар туралы көптеген құнды дүниелерді жарыққа шығарды.

Бірталай танымдық дүниелері баспасөз беттерінде жарияланып, кітаптарға енгізілген.

Жазушы Пернебай Дүйсенбин ағамыздың «Сарысунама» атты аудан тарихына арналған тарихи-танымдық кітабына енгізілген, 1931-1933 жылғы ашаршылықта Бетпақдала арқылы Қаратау өңіріне шұбырған елдің бала да болса ортасында болған Тілепберген ағайдың сол бір жантүршігерлік қасіретті күндер мен сәттер туралы жазғандарын тебіренбей оқу мүмкін емес.

Байларды тәркілеу, 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын- сүргіннің Сарысуға тигізген қасіреті, «халық жауы» деп ұсталған аудан азаматтары, ағайындар туралы жазғандары өз алдына бір төбе. Сонымен қатар,  Жаңатас қаласы туралы жазғандары өсекелең ұрпаққа қалдырған құнды дүниелер.

Ұлы Абайдың «Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дегендей,  еліне адал еңбек етіп, бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге, Сарысу ауданының, Жаңатас қаласының білім саласының дамуына арнаған ардақты аға өзінің шығармашылығымен де кейінгі ұрпаққа осылайша сөз қалдырып кетті.

А. Тілемісов,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.