АЭС САЛУДАҒЫ ЕҢ БАСТЫ ҚАЖЕТТІЛІК- электр энергиясы тапшылыєын шешу

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ең маңызды жаңалықтардың бірі — АЭС салу. Бұл туралы кеңінен тоқтала келе, халықпен кеңесуді жөн көріп, референдум өткізу жайлы шешім шығарды.

Алда үлкен таңдау, маңызды сәт келе жатыр. Қазан айының 6 жұлдызында өтетін саяси науқанға дайындық қызу. Талқыға салынып жатқан ойлар көп. Жалпы, Атом электр станция-сы бізге не береді? Халыққа пайдасы қандай? Сол жайлы қысқаша тоқтала кетсем.

Атом энергиясы арқылы еліміздің әл-ауқаты түзеліп, мыңдаған жұмыс орындары ашылып, жаңа маман иелерін дайындауға ықпал етеді.

Еліміздің көптеген қалаларында экологиялық жағдайдың күрделеніп бара жатқандығы ешкімге жасырын емес. Сондықтан да біз АЭС салу арқылы тек электр энергиясына деген тапшылықты ғана емес, экологияның жақсаруына да қол жеткізетін боламыз.

Ағымдағы жылдың 6 қазанында АЭС салу жөніндегі референдум өтеді. Мемлекет басшысының бұл бастамасы Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызы зор. Қазақстанда АЭС салу экономиканың барлық салаларына, сондай-ақ ғылымға, білімге, әлеуметтік салаға оң мультипликативтік әсер етіп, жоғары технологиялық, ғылымды қажетсінетін технологиялар мен аралас салалардың жедел дамуына мүмкіндік береді.

Атом электр станциясы аталған мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, мемлекетіміздің дамуын және электр энергия тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Болашақта электр энергиясына сұраныстың жоғарылайтындығын ескерсек АЭС құрлысын салу оң шешім. Атом энергетикасын пайдаланудың тиімділігін, бұл ең алдымен, қауіпсіз, сенімді, болашақта энергия тапшылығын болдырмайтын маңызды жоба. АЭС – ел жастарына жаңа мүмкіндіктер береді. Қазақстандық жоғары оқу орындардың түлектері, әсіресе техникалық мамандық иелері өз қабілет-қарымдарын пайдаланып, атом электр станциясын салу кезінде және ол толық күшіне енген кезде жоғары жалақы төленетін беделді жұмыс орындарына орналаса алады.

АЭС қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жаңа жағдай жасайды. Электр энергияның тұрақты және қолжетімді тарифтері өндірістегі тиімсіз үстеме шығындарды азайтуға ықпал етеді. Ал бұл қадам қаражатты жаңа технологияларды енгізуге, жаңа жұмыс орындарын құруға бағыттауға мүмкіндік береді. Таза жасыл атом энергетикасы 2060 жылы көміртегі салығы енгізілген кезде отандық тауарларымыздың шетелдік нарықта сәтті бәсекелесуіне жағдай жасайды. Күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС те еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет.

Ертеңгі күнді бүгін ойлаған дұрыс. Болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдау керекпіз. АЭС-тің арқасында ең алдымен, тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жетеді. Одан кейін экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз. Тағы бір пайдасы, атом энергетикасы орталық Қазақстанда орналасса, еліміздің барлық аймағын энергиямен қамту деңгейі артады деп есептейміз. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Көмір мен газ түтінін азайтуға үлес қосуымыз керек. АЭС құрылысы Қазақстанның атом потенциалын, соның ішінде уранның қорын пайдалануға көмектеседі.

Атом энергиясын экспорттаудың арқасында экономика гүлденеді, инновациялық жобалар көбейеді әрі дамиды. Атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолдана отырып, еліміздің халықаралық аренадағы позициясы нығаяды. Халықтың мүддесіне сай АЭС жобасын қолға алып жатқан мамандарды қолдау да, қорғау да қажет. Ол – өте қиын да жауапты іс. Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, атом энергиясы қуаттылығы жағынан көмір мен газдан әлдеқайда жоғары, әрі сыртқа аз қалдық шығарады. Сондай-ақ, уранның Қазақстанның өз ішінде өндірілуі, қосымша қаржыны талап етпеуі де бұл саланың артықшылығын көбейте түседі. Осы саланың мамандары АЭС-тен алынатын энергия экологиялық ең таза әрі қауіпсіз екенін айтуда. Қазақстанмен бірге басқа көптеген елдер үшін де атом электр станцияларында электр энергиясын өндіру көмір және газбен қуаттанатын жылу электр станцияларына қарағанда әлдеқайда арзан. Әсіресе, энергетикалық дағдарыс кезінде атом электр станцияларында өндірілетін электр энергиясының құнындағы артықшылық өзіне ерекше назар аудартады. Ядролық қалдықтар және сол сияқты зиянды факторлар барынша ескерілген жағдайдың өзінде АЭС-тердің қоршаған ортаға келтірген залалы өте төмен екендігін айтып кету керек. Қазіргі уақытта АЭС-тің негізгі бәсекелесі жылу электр станция-сы болғандықтан, сонымен салыстыру орынды деп есептеледі.

Қорыта келгенде, нарықтық заманда көшке ілесіп, алға ұмтылуда нақты қадамдар мен маңызды шешімдер қажет. Бәсекеге қабілетті ел ғана еңсесін көтеріп, белін бекем буады. Мақсаты айқын мемлекеттің болашағы жарқын болмақ. Сондықтан аудан тұрғындарын саяси науқанға бей-жай қарамай, сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасауға шақырамын!

Сәкен Мамытов,

Сарысу ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.