ХАЛЫҚПЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫС ҚАЖЕТ
Аптаның басында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі С.Мамытовтың төрағалығымен жиын өтті.
Жиынға қала, ауылдық округ әкімдері, мекеме, кәсіпорын басшылар, учаскелік референдум комиссиялары мен хатшылары қатысты.
Жиында аудан әкімі С. Мамытов сөз сөйледі: -Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы атом электр станциясын салу жөнінде республикалық референдум өткізу бойынша тапсырма берген болатын.
Республикалық референдумды өткізу уақыты ағымдағы жылдың 6 қазанына жоспарланып отыр. Бұл ретте, аудандық деңгейде референдумды ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі штаб құрамы бекітіліп, бүгінде дайындық жұмыстары басталып кетті.
Бұл саяси науқанды жоғары деңгейде өткізу Сіздер мен біздің басты міндетіміз.
Белгілі, референдум не басқа да сайлаулар кезінде саяси науқанның жоғары деңгейде өтуі ең алдымен сіздерге байланысты.
Жыл басында комиссия мүшелері жаңадан қалыптастырылды. Мүшелікте сайлау жұмыстарында мүлдем тәжірибесі жоқ азаматтар да бар. Дегенмен, көпшілігіңіз басшылық лауазымдасыздар. Саяси науқанды өз деңгейінде алып шығады деген сенімдеміз.
Бұл ретте, аудандық аумақтық референдум комиссиясымен тығыз байланыс орнатуларыңыз қажет,-деді.
Одан кейін аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Д. Шортанбаев және референдум учаскелерінің материалдық жабдықталуы бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Қ.Рысдәулет баяндама жасады.
Жиынды аудан әкімі қорытындылап, осы іс-шараны абыроймен өткізу барлығымыздың азаматтық борышымыз екендігін және бұл шараға үлкен жауапкершілікпен қарап, белсенді атсалысуға шақырды.
Сәулет есқараев, «Sarysý»