ҚОНЫС ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ
Мемлекет тарапынан тұрғындарға бүгінгі таңда көптеген қолдаулар жүзеге асуда. Игілікті істердің жаңа бағыттары жүзеге асып, қайта жаңғыртудың жарқын қадамына жол бастап келеді.
Осы орайда, 30 тамыз — Конституция күні қаламызда жағымды жаңалықпен басталды. Айшықты мерекеде Жаңатас қаласындағы 1 шағын аудандағы нөмір 46-шы, 48 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі: — Осы айтулы мереке қарсаңында биыл құрылғанына 55 жыл толып отырған ауданымыздың орталығы Жаңатас қаласында тағы бір қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Жаңатас қаласындағы 1 шағын аудандағы нөмір 46-шы, 48 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылып, пайдалануға беріліп отыр. Меншік иесі, жеке кәсіпкер Нұрбол Қайрулғалиұлы өз қаражатына жөндеген бұл тұрғын үй мемлекеттің қорынан сатып алынып, ел игілігіне берілуде. Бұл пәтерлер негізінен, әлеуметтік жағынан осал топтарға және жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған көп балалы отбасыларға табысталатын болады. Біз әрқашанда Сіздердің қуаныштарыңызға ортақпыз, — деп қоныс тойын тойлап жатқан барша тұрғындарға ыстық тілегін жолдады. Сонымен қатар, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек пен мердігер, жеке кәсіпкер Нұрбол Қайрулғалиұлы да жылы лебіздерін білдірді.
Өз кезегінде жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде алып отырған Патшайым Шілмәнбетова әжей мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды жүзеге асырып жүрген аудан басшылығына ризашылығын жеткізді. Көпқабатты тұрғын үйдің лентасы қиылып, шашу шашылды. Аудандық мәдениет үйінің әншісі Мейіржан Омаров әуелете ән шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Тұрғын үй кезегін ұзақ жылдар бойы күтіп келген көпбалалы әке, 5 қызды тәрбиелеп өсіріп отырған Жаңатас қаласының тұрғыны Саламат Абдикешов ыстық ықыласын білдіріп, аудан басшылығына алғысын жаудырды: — Жайлы үйге қол жеткізуді армандап жүргенімізге қаншама уақыт болды. Міне бүгін айшықты мереке күні үкілеген үмітіміз ақталып, үйлі болып отырмыз. Осы орайда, аудан әкіміне ризашылығымды білдіремін, — деді.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»
Ќазаќстанныѕ
алтын кітабыныѕ иегері
Кенжебаев Шоқан ағамыз ауданымызға танымал азаматтың бірі. Білмейтіндер кем де-кем десе де болады. Өнегелі ғұмырын еселі еңбекпен өрнектеген ағамыз үлкен өмірдің өткелін кешіп, соқпақты сүрлеуін жүріп өтті.
Өткен аптада аудан әкімі Сәкен Мамытов «Қазақстанның алтын кітабына» шыққан Ш.Кенжебаевты қабылдап, ауданымыздың дамуына өзіндік үлес қосқан еңбек ардагерінің өмір жолын тілге тиек етіп, «Қазақстанның алтын кітабының иегері» медалін тапсырып, сый-сияпат жасады.
Шоқан ағамыз жайлы халықтың тіліне айналған аудандық, облыстық баспасөз беттерінде ойы ұшқыр, қаламы қарымды көптеген журналистер көлемді мақала, өткір очерк-тер жазғанының куәсі болғанбыз. Ардагер журналист Т.Әбілдаевтың «Нардың жүгін арқалаған тұлға» мақаласында Ш.Кенжебаевтың ауданға еткен еңбегі туралы жазылған. Сол мақаласынан үзінді келтіргенді жөн санадық.
Шоқан аға онжылдық мектепті тәмамдаған бетте қысқа мерзімді шопырлар дайындайтын курста оқыды. Оны бітірген соң аудандық тұтынушылар одағына жүк көлігін жүргізіп, жұмысқа орналасты. Бұл тұста ауданда төрт түлік мал өз төлі есебінен өсіп, өріс пен төскей төрі тарылған кез болатын. Сол себепті аудан малшылары шөбі шүйгін, суаты сайлы, самалды Сарыарқаны жайлайтын еді. Ауданның шекарасынан шалғай Сарыарқаны жайлаған малшыларға сауда қызметін көрсетуде, қажетті сұраныс тауарларын мезгілінде жеткізіп беруде жалын атқан жас жүргізуші ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын Бетпақдаладағы ұзақ жол сапары қиындығын еңбексүйгіш қасиетімен жеңе білді. Ол осылайша тындырымды тірлігі, қажырлы қайратымен ұжым басшылары мен малшылар қауымының ақ алғысын арқалап, ыстық ықыластарына бөленді.
1961 жылы политехникалық институтты бітіріп, инженер-құрылысшы мамандығын алып шықты.
Шоқан аға оқуды бітірісімен солтүстік облыстардың біріне берілген жолдамамен келіспей елге оралды. Алға қойған бір ғана мақсаты болды. Туған жер, өскен елдің ішінде еңбек етуге ниет етті. Кадр мәселесіне Бетпақдаланың шөлінде қалғандай қаталап отырған аудандық партия комитеті жас маманды құшақ жая қарсы алып, «Түркістан» кеңшарына прораб етіп жіберді. Бұл тың көтеру жылдары 22 ұлттың өкілдері еңбек етіп, Көсегенің көк жонына түрен салған, заңғар жазушы М.Әуезов «Түркістан солай туған» очеркінің кейіпкері болған ауыл еді. Ш.Кенжебаев он сегіз жыл ғұмырын қыратында ақ егісі жайқалған, төскейінде төрт түлік малы қаптаған өңірде өткізді. Бұл жылдары көптің ортасындағы еңбек бәсекесі жібек жіптей ширатып, шалғының жүзіндей шыңдады. 1978 жылы кеңшар ұжымы жалпы жиналыста Ш.Кенжебаевты жұмысшылар комитетінің төрағасы етіп бір ауыздан сайлап алды. Осы жаңа қызметте жүргенде ол көп шаруа тындырды. Ш.Кенжебаев өнегелі еңбегін басқа шаруашылыққа таратып қалыптастыру керек болды да, аудан басшылары оны жоғарылатып, ауданның агроөнекәсіптік кәсіподағы комитетін басқаруға жіберді. Онда үш жыл қызмет еткеннен кейін Жаңаарық кеңшарына партия ұйымының хатшысы етіп ауыстырды. Одан келесі жылы аудандағы ең ірі шаруашылықтың бірі – «Байқадам» кеңшарын басқаруға келді. Осы кеңшарға тоғыз жылға жуық басшылық еткенде іскерлік қабілеті жарық жұлдыздай жарқырап, ел-жұртқа кеңінен танылды. Облыстағы озат шаруашылықтардың қатарына жеткізді. Кеңшар көбіне көкөніс дайындаумен айналысатын еді. Бұл салада қол жеткен табыстар аз болған жоқ. Кеңшар тек қана көкөніс емес, біраз жылдың ішінде шаруашылықтың басқа да салаларын дамыта бастады.
Атап айтқанда ірі қара, сиыр малының тұқымын асылдандыру қолға алынды. Сауынды сиырларды азықтандыру ғылыми негізге сүйене жүргізілді. Аудан іргесіндегі Жаңатас қаласының 60 мың халқы сүтпен, шұбатпен, көкөніспен керегінше қамтамасыз етілді. Өтпелі кезең келіп, шаруашылықтар тараған тұста Ш.Кенжебаев аудандық орман шаруашылығы мекемесін абыроймен басқарып, құрметті зейнет демалысына шықты.
Сәулет есқараев, «Sarysý»