ҚАРА ЖҰМЫСТЫҢ ҚАРА НАРЛАРЫ
Қаламызда таңның атысы мен кештің батысы тынбай еңбек ететін қара жұмысты бастан кешіріп жүрген жандар бар. Олар өздеріне берілген міндеттерді мүлтіксіз орындап, қаламыздың көркеюіне білек сыбана кірісіп келеді.
Біз бүгін қаламыздың 55 жылдығына орай, еңбек иелері, қалалық әкімдіктің қоғамдық жұмысшылары туралы айтпақпыз. Құрамында 40 — тан аса қызметкер қамтылған жұмысшы топ таң ата тиісті тапсырмалар алып, уақытылы аяқтауға асығады. Әсіресе дәнекерлеу, орындық орнату, арық тазалау, тал балақтау, қоқыстарды шығару жұмыстарын жасайтын жігіттердің жұмыстары ауыр.
Күннің аптап ыстығына қарамай, тірліктің қамытын киіп, тиянақты жұмыс атқарып отырған қоғамдық жұмысшылардың істері көзге көрінбеуі мүмкін. Бірақ, болашаққа ұмтылған жасыл қаланың гүлденуіне, тазалығын сақтауда үлкен істерді атқарып келеді.
Құрамында Талғат Әбибуллаев, Дүйсенбаев Аманкелді, Жұмабек Сәтжан, Ширяев Николай, Шнайдер Владимир, Теміров Дархан, Есенбаев Жұматай сынды тепсе темір үзетін жігіттердің командасының ұйымшылдығы ерекше. Топ бригадирі, қызметке 20 жылға жуық уақытын арнаған Теміров Дархан өз сөзінде: — Біздің негізгі мақсатымыз — қаламыздың дамуына теңіздің тамшысындай болса да үлес қосу. Осы орайда, жұмысымызды таң ата қалалық әкімшілік ғимаратында жиналып, қала әкімінен арнайы тапсырмалар аламыз. Кешке дейін бітіру керек жұмыстарды түгендеп, арнайы нұсқаулықтан соң іске кірісеміз. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қатал күндеріне қарамай, тірліктен қол үзбеу үшін тоқтамай жұмыс істейміз. Бұл біздің тікелей міндетіміз. Барлық әріптестерімді қаламыздың 55 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Елдігіміз еңселі, қаламыздың ғұмыры ұзақ болсын, — деді.
Үйдегі бала-шағаның қамы деп қара жұмыста шыңдалған қара нардай жігіттерге жігерлеріңіз таусылмасын деген тілек білдіреміз.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»