АУДАН ӘКІМІ С.МАМЫТОВТЫҢ 31 МАМЫР – САЯСИ ҚУҒЫН- СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН СӨЗІ
Құрметті сарысулықтар!
Жыл сайын мамырдың 31-і елімізде саяси – қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді.
Бұл күні біз жазықсыз жазаланған арыстарымыз бен ашаршылық жылдарында құрбан болғандарды еске алып, рухтарына тағзым етеміз.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қолдан жасалған ашаршылық салдарынан екі миллионға жуық қазақ құрбан болды.
Ұлтымыздың ең ардақты азаматтары саяси қуғын — сүргінге түсті.
Олар «Халық жауы» деген жаламен қырғынға ұшырады. 100 мыңнан астам адам сотталып, 25 мыңнан астам адам атылды.
Олардың арасында Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ораз Жандосов секілді ұлтымыздың бетке ұстар азаматтарымен қатар, Сарысудан шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлері Әшір Бүркітбаев, Жанайдар Садуақасов, Бәкен Серікбаев, Дінмұхаммед Әділов сияқты көптеген арыстарымыз болды.
Сол бір зұлмат жылдары облысымызда 5 мыңнан астам жамбылдық жазықсыз жазаланды. Саяси қуғын — сүргін және ашаршылық Сарысу ауданын да айналып өткен жоқ.
Сол кездегі ауданның бірінші хатшысы Нұрыш Данияровтан бас-тап, атақты әнші Сапалай Исатаев, Ақмедия Сармолдаев, Жазкен Омарбеков, Мәдікен Ысқақов, Жантөре Иманов, Тілеп Бөпежанов, Жақсылық Аяпов, Байна Сәрсенов, Құрманбек Оралбеков, Көшен Исабеков сияқты көптеген ауданның бетке ұстар азаматтары дерлік қамалды. Көпшілігі атылды, біразы түрмеде өмірден озды.
1928 жылы алғашқы тәркілеуге іліккен сарысулық ірі 8 байдың арасында атақты қобызшы Ықыластың үлкен ұлы Түсіпбек те болды. Солақай саясаттың кесірінен орта шаруаға дейін тәркіленді. Қолындағы малынан айырылған ел аштыққа ұрынды.
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен қолдан жасалған ашаршылықтың салдарынан Сарысу өзенінің бойынан үдере көшкен ел ұзақ жолдың бойында, Бетпақдалада қынадай қырылды.
Тарихи деректерге сүйенсек, Сарысу өзенінің бойынан шыққан алты мыңнан аса шаңырақтың Қаратау өңіріне 2 мыңға жетер-жетпесі ғана іліккен.
Бұл біздің халқымыздың үлкен қайғы-қасіреті. Сондай – ақ сол жылдары көптеген ұлт өкілдері Қазақстанға күштеп жер аударылды. Ресми деректер бойынша Қазақстанға 800 мыңдай неміс, 102 мың поляк, 18 мыңдай кәріс отбасы, 507 мыңдай кавказдықтар, қырым татарлары, түріктер, гректер, күрділер тағы басқалар келген.
Осындай қиын кезде оларды қазақ халқы бауырларына басты. Өздері қиналып отырғанына қарамастан қолындағы барымен бөлісті.
Біздің ауданымызда да тарихи Отанынан еріксіз қоныс аударған өзге ұлт өкілдері (неміс, кәріс, күрді т.б) тұрып жатыр. Ауданымызда ең көп шоғырланған өзге ұлт өкілдері Арыстанды ауылында. Бұл елді мекенде 278 күрді ұлтының өкілдері мамыражай күн кешуде.
Бүгінде тағдыры бір отандастарымыз Қазақстан халқы деген ұлы елге айналды.
Қадірлі жерлестер!
«Өткенге — салауат, болашаққа — ғибрат» деген дана халқымыз. Біз өткен қасіретті жылдарды ұмытпаймыз. Оны тарих үшін, тағылым үшін есте ұстауға тиіспіз.
Біз жазықсыз жапа шегіп, қанқұйлы саясаттың және ашаршылықтың құрбаны болған адамдардың рухтарының алдында бас иеміз. Тағзым етеміз. Олардың рухы ел жадында мәңгі сақталады.
Енді егемен еліміздің тарихында мұндай зұлмат болмасын деп тілейік!
Тәуелсіздігімізді,бекем бірлігімізді сақтайық!
Елдігіміз еңселі, мемлекеттігіміз мәңгі болсын ағайын!
Тарихта өшпес із қалдырған
Құрметті жерлестер!
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні — еліміз үшін айрықша маңызға ие. Халқымыз қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес.
Сол жылдары Кеңес үкіметінің қазақ елінің ішінде жүргізген зобалаң саясаты орасан зор зардап әкелді. Оның әсіресе қазақ ұлтына зияны мол болды. Мал басының саны күрт төмендеп кетті. Малынан айырылған, әрі күштеп қоныс аударылған ауылдар жаңа жағдайға бірден көндіге алмай тұрмыс-күйлерін нашарлатып алып, жаппай ашаршылыққа ұшырады. Қазақтың қаншама тұлғалары, ұлт зиялылары сол саясаттың құрбандарына айналып, жаппай қуғындауға ұшырады. Қазақ даласында болған ашаршылық салдарынан екі миллионға дейін адам құрбан болды.
Кеңес Одағының барлық аймақтарын қамтыған қуғын-сүргін шаралары ауданымызды да теріс айналып өтпеді. Ғасырлар бойы көшпелі тірлікпен күн кешіп, төрт түлік малдан азығын айырып, еркін өмір сүрген халықты күштеп ұжымдастыру Сарысу халқын да қынадай қырды. Мемлекет және қоғам қайраткерлері Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуақасовтар нәубетке ұшыраған сарысулықтар көшінің алдынан шығып, қиналған халыққа қажетті көмектер көрсетті. Аудан аумағын таңдауға ерік беріп, ауданымызды ұйымдастыруға тікелей ықпал етті.
Ауыр кезеңде Қазақстан ондаған этнос үшін туған мекеніндей болды.
Қазақ халқы, өздері қуғын-сүргінге ұшырап отырғанына қарамастан тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлыстарға қамқорлық көрсетті. Олардың қатарында финдер, поляктар, кавказдықтар және басқа да көптеген түрлі ұлт өкілдері болды. Елімізге қоныстанған сол этностар өкілдерінің барлығы бүгінде біздің отандастарымызға айналды.
Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болған азаматтар тарихта өшпес із қалдырды. Қазақ үшін қайғы-қасіретті, тарих бетінде өз таңбасы қалған бұл жылдарды еш ұрпақ ұмытпақ емес. Өткенге салауат айтып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын жадымызда сақтау – біздің қасиетті борышымыз. Сол замандағы қиын кезеңдер біздің бірлігімізді одан әрі бекемдеп, мәңгілікке сақталатын болады.
Ш.Мұсабеков,
аудандық мәслихаттың төрағасы