Сәт сапар, ЖАС ТҮЛЕК!

0

Мектеп табалдырығын бала шақпен аттап, болашаққа жол ашқан мерейлі сәт соңғы қоңырау шарасы еліміздің түкпіртүкпірінде  өткізілді. Түлектер алтын ұядағы қызықты кездермен қимай қоштасып, үлкен сапарға жол ашып, жарқын болашақтың есігін қақты.

Бұл күні ұлағатты ұстаздардың сүйікті шәкірттері үкілеген үмітті арқалап, табаны нардай ауыр міндетке қол созады. Ауданымыздағы 27 мектепте биылғы оқу жылын барлығы 9053 оқушы аяқтап отыр. 404 оқушы 11-ші сыныпты аяқтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Аудан бойынша 15 оқушы «Алтын белгіге», 37 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Ерекше сезімге толы «Соңғы қоңырау» шарасы өткен аптаның сенбісінде Жаңатас қаласындағы          М. Әуезов атындағы мектеп — гимназиясында ерекше толқыныспен басталды.

Шараға аудан  әкімі Сәкен Мамытов, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлдана Кабулова, ата-аналар мен ұстаздар қатысты. Мемлекеттік Әнұранмен ашылған шара барысында аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы оқушыларды, ұстаздарды, ата-аналарды кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге жылы лебізін білдірді. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өз деңгейінде тапсырып, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуіне, бойына отансүйгіштік қасиет дарыған, білімді, ой-өрісі кең азамат болып қалыптасып, өмірден өз орындарын табуына тілектестігін білдіріп, қадамдарына сәттілік тіледі. Мұнан соң аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Г.Кабулова, мектеп-гимназиясының   директоры     К.Сарсекова        және ата-аналар сөз сөйлеп, мерекелік шараның маңыздылығына тоқталды. Әдемі кешпен көмкерілген шарада мектеп өнерпаздары ән айтып, түлектер қоштасу вальсін биледі. Күміс үнімен көңілді тербеген соңғы қоңырау соғылып, жас түлектерге сәт сапар тілегендей сыңғырлады. «Соңғы қоңырау» шарасы қала мен барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылды.

                        Самат Тоқбанов,

                                         «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.