Наурыз айы туғанда…
Жаңару мен жасампаздыққа жетелеген Наурыз мерекесі ұлт пен ұлыстың басын біріктірген ежелден келе жатқан мейрам. Тіршіліктің нәрі көрініс тауып, дала жаңаратын, күн мен түннің теңеліп, қазақы салт-дәстүрлер жаңғыратын ұлттық мерекенің құндылығы әрдайым биікте тұрады. Бұл мейрамды жұртшылық жылы құшақпен қарсы алып, бір-бірін айшықты сәтпен құттықтап жатады.
Осы орайда, ауданымызда Ұлыстың Ұлы күні кең көлемде аталып өтті. Мәдениет үйінің алаңында аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу» орталығының ұйытқы болуымен ұлттық спорттық ойындар өткізілді. Аудандық мәдениет үйінің фойесі ұлттық нақыштармен безендіріліп, түрлі тағамдар мен тәттілер қойылды.
Іс-шараға келген тұрғын-дардың көңілдерінде шат-тықтың лебі есіп тұрды. Шараға келгендерге арнайы мерекелік дастарқан жайылып, тұрғындар Наурыз көжеден дәм татты.
Мерекелік шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков, жерлесіміз, медицина ғылымдарының докторы, хирург Сағындық Ордабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мекеме, бөлім қызметкерлері, жастар өкілдері мен тұрғындар қатысты. Аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы құттықтау сөз сөйлеп, барша аудан жұртшылығына ізгі тілегін жолдай отырып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медальдарын тапсырды. Шара аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері дайындаған театрландырылған көрініс-пен бастау алды. Көріністе ауданымыздың мақтанышы, адуынды ақын Майкөт, айтулы тұлға Шоқай датқа, ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлының жарқын бейнелерін көпшілік ыстық ықыласпен тамашалады. Мұнан соң аудандық салт — дәстүрлер байқауы өткізілді. Сайысқа Сарысу ауданының Құрметті азаматтары Тыныш-тық Бектөреева, Серік Аппазов, Сахарай Қырғызбаев, кітапхана саласының ардагері Светлана Қожаназарова, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Жақсыпейілова төрелік етті. Байқау барысында «Бастаңғы», «Ұрын келу», «Сыңсу», «Құрсақ шашу», «Ат қою», «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Тұлым кесу», «Тулақ шашу», «Қазан шегелеу» сияқты салт-дәстүрлер ұсынылды.
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша Түркістан ауылдық округі 1 — орынды, Досбол, Тоғызкент аудандық округтері 2 — орынды, Жайылма ауылдық округі 3 — орындарды иеленді.
Жеңімпаздарға аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков және әділқазылар алқасының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Серік Аппазов Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Байқау соңы концерттік бағдарламаға ұласып, арнайы Тараз қаласынан келген «Номад» тобы кештің сәнін келтірді. Аудандық мәдениет үйінің әншілері әуелете ән шырқап, бишілер мың бұрала биледі.
Қасиетті Рамазан айымен тұспа — тұс келген әз-Наурыз мерекесі осылайша жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Самат ТОҚБАНОВ, «Sarysý»
Бұрыш ашылды
аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи — өлкетану музейінде Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен, “Тифло-Музей” жобасы аясында «Қолыңмен ұстап, жүрекпен сезін!» атты арнайы зағип жандарға арналған QR-код арқылы ұйымдастырылған арнайы бұрыш ашылды.
Кітаптан оқыған, құлақпен естіген мағлұ-матты қолмен ұстап сезінуге, ой-өрісін дамы-туға жол ашу.
Музей экспозициясына еркін қол жеткізуге жағдай жасау. «Тифло-Музей» жобасы арқылы зағип азаматтарымыздың кеңістікті шарлау қабілетін қалыптастыруға қол жеткізу.
Жәдігерлерге заманауи үлгідегі QR-код қойылған.Мүмкіндігі шектеулі жандардың смартфондарына жәдігердің кодын енгізу арқылы музейдегі, археология, этнография, Ықылас бөлімдеріне саяхат жасауға мүмкіндіктері бар.
Бұрыштың арнайы лентасы қиылып, домбырамен төгілдірдіп ән шырқады.
«Sarysý-Aqparat»
Ұлттық спорт ұлықталды
Салауатты өмір салтын қалыптастыру мезгіл мен жасқа қарамайды. «Шынықсаң шымыр боласың» дегендей, денені шынықтырып, бойды сергек ұстау адамға сенімділік береді.
Ұлыстың ұлы күніне орай, ұлттық спорт күні ауданымызда аталып өтіп, қаламыздағы спорт кешенінде ұлттық ойындардан аудандық жарыстар ұйымдастырылды. Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық спорт рухани жаңғырудың даңғыл жолы екенін айтып, салт-дәстүр сабақтастығын сақтап, ұрпаққа үлгі ету керектігін жеткізді.
Мұнан соң спорт саласының ардагері Жүсіп Кәрібозов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға ақ батасын берді. Сайысқа ересектер мен жастардан құралған 10 команда қатысты. Ұлттық ойындар көрініс тапқан шараның қорытындысы бойынша жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар және медальдар тапсырылды.
Ұлттық спорт күніне арналған ұлттық ойындардан жарыстар қала мен барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылды.
Тазару күніндегі
тазалық
«Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, көктемнің шуақты күні қым-қуыт тірлік пен жаңарудан тұрады. Бұл күні халық тазалыққа баса мән беріп, қолға күрек ап, қызу жұмыстарға білек сыбана кіріседі.
«Тазалық — денсаулық кепілі». Ал дені сау адамның көңіл-күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Отанымыздың келешегі, көркеюі – салауатты өмір салтын сақтау қолдауда.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ұлыстың ұлы күніне орай бекітілген Наурыз мерекесінің онкүндігінің соңғы Тазару күні ауданымызда кеңінен аталып өтті. Қала мен барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылған акцияға мекеме, бөлім, кәсіпорын қызметкерлері мен тұрғындардан жалпы саны 700-ге жуық адам тартылды. Тазалық жұмыстары барысында 6,5 тонна күл-қоқыс шығарылып, 10,2 гектар аумақ, 4,6 шақырым арық тазартылды.
Шараға аудан тұрғындары да белсенділік танытты. Сенбіліктің басты мақсаты – қала мен ауылдық округті ретке келтіру, оны ең жақсы экологиялық таза ауданға айналдыру, студент жастардың еңбекқорлығын тәрбиелеу, өңіріміздің тазалығы мен өркендеуіне өз үлесін қосу болып табылады. Бірлікпен басталған акция алдағы уақытта да жалғасын табары анық.