АНА ТІЛ АРДАҚТАЛДЫ
Мемлекеттік тілге деген құрмет қашан да жоғары тұрады. Көкейінде Отанға деген сезімі бар әрбір жас ана тілдің қасиетін ұғыну қажет. Осы орайда, 21 ақпан — Халықаралық ана тілі мерекесіне орай, бірқатар шаралар өткізілді.
Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық кітапхананың бірлесе ұйымдастыруымен «Ана тілің — арың бұл!» атты әдеби вернисаж өтті. Ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, өз тілін құрметтеуге, өзге тілдерді білуге, әр ұлт өкілдері арасындағы достық пен ынтымақтастықты дәріптеу мақсатында өткізілген кешті мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жақсыпейілова Салтанат құттықтау сөзбен ашып берді.
Шарада Жаңатас көпсалалы колледжінің білімгерлерінен құралған «Қыздар-ай» тобы «Қазағым-ай» биін мың бұралып билеп, кештің көркін қыздырса, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» бөлімінде әдеби композициясында кітапхана қызметкері Б.Қойлыбаева О.Асқардың «Ақ сүтіндей анамның», Ш.Уәлиханов атындағы мектеп гимназиясының оқушылары Р.Асылбекова, Щербак В, Апетова.З.Лексиковалар қазақ ақын — жазушыларының өлеңдерін жатқа оқыды.
Сондай -ақ «Анамның тілі — аяулы үні», «Толғау», «Ана», «Қазақ қызы» кітапхана қызметкерлері Р.Қадырбекова, Б.Қойлыбаева мен студенттер А.Тұрлыбаева, Б.Абдукаримовалар әсем әндерді тамылжыта орындады.
Кеш соңында «Ана тілім — асыл мұрам» атты кітап көрмесіне кітапхана қызметкері Р.Қадырбекова библиографиялық шолу жасады. Іс-шараға белсене қатысқан оқырмандар Алғыс хатпен марапатталып, сый — сияпаттар табыс-талды.
***
Ана тілі- белгілі бір этностың қалыптасып, ұлт деңгейіне дейін үздіксіз дамуына ұйытқы болып келген және сол этностың негізгі тілі саналатын, өзара қауымдаса тіршілік етуіне қажетті тіл. Әрбір адамзаттың ана тілін қастерлеуі оның мемлекеттің биік мәртебесіне қатысты қоғамдық, көзқарас пен қамқорлыққа да тікелей байланысты. Сондықтан әркімнің өз ана тілін құрметтеуі тек анасының ақ сүтін өтеу ғана емес, қоғам алдындағы азаматтық абзал парызын ақтау, сол арқылы елдің елдігін сақтау болып табылады.
Осы мақсатта Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінде «Ана тілім- айбыным» тақырыбында тәрбие сағаттары және қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі А.Алпысбаеваның ұйымдастыруымен «Тілім тірегім, соғып тұрған жүрегім» тақырыбында мәнерлеп оқу сайысы өткізілді.
Сайыста оқушы жастар белсене атсалысып, өз өнерлерін көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді.
«Sarysý-Aqparat»
Ана тілім-
елдігімнің айғағы
аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «21 ақпан-Халықаралық Ана тілі» күні мерекесіне арналған «Ана тілім-елдігімнің айғағы» атты 14-25 жас аралығында аудандық жас жазба ақындар жыр мүшәйрасы өткізілді.
Байқауға 12 үміткер қатысып, 2 кезеңнен тұратын сайыста өз өнерлерін паш етті. Жас ақындардың сайысына ақын Талғат Құсайынов, аудандық мәдениет үйінің директордың орынбасары Ғ.Тезекбаев және ақын Б.Аманбаев қазылық етіп, қатысушылардың өнерлерін бағалады. Қазылар алқасының ұйғарымымен, бас жүлдені Ә.Бүркітбаев ауылынан Келесбай Айғаным, 1 — орынды Жайылма ауылынан Ермек Абылай, 2 — орынды Саудакент ауылынан Аманжол Айсұлу, 3 — орынды Жайылма ауылынан Құдайберген Бегайым мен Досалиева Әсел қанжығасына байлады.
Байқау жеңімпаздарына арнайы диплом мен Алғыс хаттар және сыйлықтар табыс етілді.
Г. Қояналиева,
аудандық мәдениет үйінің әдістемелік бөлімінің меңгерушісі
спортшылар жарады
Өткен аптаның 23-25 ақпан күндері аралығында аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу» орталығының ұйымдастыруымен қаламыздағы Спорт кешенінде футзалдан 2011-2012 жылы туылған жасөспірімдер арасында Жамбыл облысының чемпионаты өткізілді.
Жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сарысу ауданының Құрметті азаматы, Жаңатас қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Серік Ниязов та лебізін білдіріп, шараның маңыздылығына тоқталды.
Жастардың басын біріктірген турнирге Тараз қаласы және барлық аудандардан 13 команда қатысып, бақ сынады. Үш күнге созылған жарыстың нәтижесінде аудандық №26 балалар — жасөспірімдер спорт мектебінің жас футзалшылары қарсылас шақ келтірмей, облыстық чемпионаттың жеңімпазы атанса, жүлделі екінші орынды Талас ауданының командасы, ал үшінші орынды Тараз қаласының мамандандырылған балалар- жасөспірімдер спорт мектебінің командасы иеленді.
Чемпионаттың үздік сұр мерген ойыншысы болып сарысулық жас спортшы Жаңатай Алихан атанды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан кубок, медальдар мен дипломдар тапсырылды.
Талап-талмас қанат
Тәрбие-тал бесіктен басталады. Тәрбиелі бала өз ортасының абыройы. Адам баласы өмірге келген сәттен бастап ортаға бейімделе бастайды. Адамдармен қарым-қатынас орнатып, ортада өзіндік орнын қалыптастырады.
Батыр Бауыржан бабамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Расыменде, тәртіп бар жерде білім де, сыйластық та болады.
Осы мақсатта студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, оны болдырмау мақсатында, жақында аудандық полиция бөлімімен бірлескен жоспарға сәйкес, Жаңатас көпсалалы колледжінде 3 — курс студенттері арасында «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» тақырыбында полицияның жас көмекшілері байқауы өтті.
Шараға «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры А.Пазылбеков, Жаңатас көпсалалы колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Қойлыбекова, аудандық ювеналды полиция тобының инспекторы А.Алтайұлы, сала мамандары мен колледж жастары қатысты. Сайысқа 5 команда қатысып, түрлі сынақтар мен қызықтарға толы 5 кезең бойынша тартысқа түсті.
Жарыс нәтижесінде қатысушы командаларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар тапсырылды.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»