Шежіре тұнған, асылдар туған құт мекен

0

Туған жер деген, шіркін, туған анаңдай емес пе?! Ана мейірімін қанша көрсең де, жанында қанша жүрсең де, оның шапағатына мейірің қанушы ма еді, маңдайыңнан сипаған алақанының

                      табын ұмыта аласың ба?! 

Туған жерге деген сезім де, пейіл де дәл сондай.

Уа, дариға, алтын бесік- туған жер,

Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр!

Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,

Ақын болмай, тасың болсам мен егер….

Сүйем сені туған ел — атамекен,

Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.

Жер мен көктің жәннаты бір өзіңсің,

Сенен артық не табам, қайда кетем,

– деп жырлайды қазақтың дүлдүл ақыны Қасым Аманжолов туған жеріне тағзым етіп (кейбір мәліметтер бойынша, Қасым ақын туған атамекені Қарқаралы өңірінен бәзбір себептерден ерте — бала жаста Орал аймағына қоныс аударып, балалар үйінде өсіп, жетіліп, өкініштісі, бірде-бір рет Қарқаралыдағы туған ауылына аяқ баспапты).

Туған жер — тірі пендеге тірек. Туған жердің, туған өлкенің әр тасы, әр бұтасы, ойы мен қыры өткенді ойға түсіреді, тарихтан сыр шертеді. Мұңайтады, қуантады, серпілтеді, жүрегіңді жұмсартып, жігерлендіреді.

Бүкіл Алашқа танымал жазушы Шерхан Мұртаза: «Парижде болдым — Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым — Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркта болдым — олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым — оны да түсімде көрмедім…

Түсіме күн сайын Мыңбұлақ келеді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін», — деп жазған екен жарықтық.

Ал әлемге әйгілі ұлы композитор Фредерик Шопен Францияда көз жұмар алдында «Жүрегім Польшаны сағынатын. Мен Испания, Англия, Францияда болған кезімде Польшаны, Варшаваны жүрегім іздеп тұрды. Менің мәйітім осында қалғанымен, жүрегімді Польшаға жеткізіңдер!» деп өсиет қалдырыпты. Сөйтіп, оның мүрдесі Париждің Пер-Лашез пантеонына жерленеді. Ал ұлы композитордың жүрегі коньякқа салынып, шекарада тұрған орыс әскерлерінен жасырын түрде сазгердің сүйікті әпкесі Людвига аса қайсарлық жасап, шекарашыларға көрсетпей інісінің жүрегін Варшаваға жеткізеді. Шопен қайтқаннан 30 жыл өткеннен соң ғана оның жүрегі Әулие Крест шіркеуіне жерленеді. Бәзбіреулерге аңыздай болып көрінетін осы оқиға туған жерімізге — алтын бесігімізге деген махаббаттың символындай болып көрінеді. Бұл дегенің, тегі,  туған жер мен өз перзенті арасындағы тартылыс күшінің бірі болар? Ойлап отырсаң, сірә, бұл табиғаттың әлі біз біле қоймаған, терең зерттей алмай жүрген жұмбақ құбылыстарының бірі.

Кім болмасын туған жердің топырағынан нәр алады, тамыры тереңдеп, саласын кеңге жаяды. Барлығымызға жақсы таныс «Бейбарыс» кинофильмінде басты кейіпкер (рөлді сомдаған талантты актер Нұрмахан Жантөрин болатын) Сұлтан Бейбарыс өмір бойы, көзі жұмылғанша Ұлы даланың — туған өлкесінің бір уыс топырағы мен  жусанының иісін аңсаумен өтеді. Қанша жыл сыртта жүріп, үлкен белді Мысыр елін  басқарса да өзінің ана тілін ұмытпай, қазақша сөйлеп, қасына  арнайы аудармашы ұстағаны тарихтан белгілі. Туған жердің тартылу күші, туған елінің тілін, дәстүрін қадірлеу, туған елінің рухын көтеру  деген, сірә, осы болу керек!

Қазақтың көрнекті классик жазушысы Тәкен Әлімқұлов:

«Армысың, алыстағы аяулы ауылым,

Мен де кең дүниеде есен-саумын.

Тек қана құрдастармен сайраңдаған,

Сағындым кербез төсін Қаратаудың»,

— деп моншақтай жыр жолдарын төгеді.

Ия, физика ғылымында жердің тартылу күші деген түсінік бар. Менің пайымдауымша, туған жердің топырағы да кімді болмасын өзіне тартып тұратын болу керек, сірә. Әсіресе, жасы ұлғайған сайын сол күш арта түседі ме деп ойлаймын. Зер салсаңыз, жасы келген сайын адам туған жеріне, өскен өлкесіне барғысы келіп, ауасын жұтып, суына жуынып, атамекенінің сай-қыраттарын аралап, ағайын-туысқан ел арасында аунап-қунап қайтқысы келіп тұратынында көпшілік біле бермейтін бір сыр бар. Мысал керек пе? Келтірелік. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы жылдарында еліміздің Оңтүстік өңіріне жыл сайын көктем-жазда келіп, асықпай аралап, кәріқұлақ қарттармен әңгімелесіп, жергілікті аңыз-әңгімелерді қағазға түсіріп, ереше бір шабытқа мініп, мерейі өсіп Алматыға қайтады екен. Ол өйткені Семей өңіріндегі Шыңғыстауда туса да, ата-бабасы өсіп-өнген атажұрты осы Оңтүстікте екенін, түп-тамыры қожа екенін жақсы білген.

Тағдырдың айдауымен бір кезде шекара асып, жат-жұртта жүрген қаншама азамат туған елін, туған жерін аңсап өтті, арман-қиялдары орындалмай өмірлері өксікпен өтті. Біз білетін қазақтың нарқасқа перзентінің бірі Мұстафа Шоқай қай жерде жүрмесін, қай қалада тұрмасын өмірінің соңына дейін туған топырағына жетуді армандап, халқының қамын ойлап, көкірегіндегі сағынышы мен күйінішін өзімен бірге ала кетпеді ме?  Атақты авар ақыны Расул Ғамзатов кеңестік заманда қанша қадірлі болса да, Мәскеуде тұрса да  «Қабірімді туған жерден қазыңдар» деген өтініш білдіріпті.

Белгілі қаламгер Тәкен Әлімқұлов та туған жері Қаратау өңірі мен туған топырағы Созақты жиі аралаған, Баба-атада айлап жатып, шығармаларының кейіпкерлері мен ондағы шым-шытырық оқиғаларды, қызықты сюжеттер мен детальдарды, құнарлы сөздерді, елең еткізер атауларды осы ортадан алған екен. Өлер алдында: «Мені туған топырағым Баба-атаға, шешемнің қасына жерлеңдер» деп өтінгені де туған топыраққа деген сүйіспеншіліктен туған болу керек, тәйірі. Өйткені, туған жердің топырағы қастерлі, киелі, жылуы да ерекше…

Халық жазушысы Шерхан  Мұртазаның «Бір кем дүние» атты кітабында «Туған жерің» дейтұғын тәмсіл бар. Онда бүй дейді: «Тілші менен сұрайды – Жұрттың көбі қалада тұрады. Сіз неге ауылды аңсай бересіз? – деп. Мен: – «Наурызкөк, қарлығаш, тағы басқа құстар ерте көктемде сонау жердің түбіндегі Африкадан біздің елге мыңдаған шақырымды артқа қалдыра ұшып жетеді. Немене, сонда Африкада ұя салатын жер жоқ па? Құс екеш құс та туған жеріне жер түбінен ұшып жетеді. Ал мен адаммын ғой, – деймін. Кейбіреулер туған жерінен жерісе, бұл да бір кем дүние. Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас, үйірінен безінген тұлпар оңбас».

Ия, тізбелеп айта берсек, туған жеріне тартпайтын, туған жерін сағынбайтын, туған жерін аңсамайтын, туған жерін жырламайтын  адам жоқ шығар мына жарық дүниеде. Менің бір байқағаным, жас кезіңде өмірге, білімге, әлемге ұмтылып, тайталасып жүріп кір жуып, кіндік қаның тамған ауылыңды сиректеу еске аласың. Ал жас ұлғайған сайын ол әркез көкейіңде жатады екен. Тіпті, кейде түсіңе де кіреді. Сағынасың, аңсайсың. Жетіліп келе жатқан, тілдері былдыраған немерелеріңді еркелетіп жүріп, сағымдай ағып өткен жылдарыңда ой таразысынан өткізесің. Әсіресе бірде шаттыққа, бірде мұңға бөлейтін балалық шақ жиі есіңе түседі. «Бақыт деген сенің бала күндерің, Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің. Бақытын да, басқасын да білмеуің, Бақытсыз-ақ ойнап күлгенің» деп қалай тауып айтылған. Әйтеуір сағыныш сезімі мазаңды алады, жүректің нәзік қылын шертеді. Неге олай? Бұл біз білмейтін,  толық түсіне бермейтін жұмбақ дүние ме қалай?…

Өмірде туған жерге, туған елге, өзінің халқына, ағайынға, ата-анаға бас имейтін азамат жоқ болар, сірә. Туған жерді қай ақын, қай сазгер, қай халық сүймейді дейсің. Туған жерге ұлыларымыз бас иіп, ақындарымыз бен сазгерлеріміз өз шығармаларын арнаған, сол арқылы сағыныш-сезімдерін жеткізген. Әрбір саналы азамат туған топырағын, өскен ортасын құрметпен еске алады, сағынады. Сол себептен де мен туған жерге қазақтың талай тарихының куәгері, киелі де қарт Қаратау өңіріндегі Көсегенің Көкжонындағы Үшбас ауылына (қазіргі Жаңатас қаласына таяп тұрған таулы аймақ) жыл сайын сағына барамын, жас балаша еркелеп, құрбы-құрдастарыма, аға-жеңгелеріме сәлем беріп, олардың аман-саулықтарына қуанып, көңілім бір жадырап, жаңарып, тіпті жасарып қалады. Туған жерге, туған өңірге еш елді, еш жерді ауыстыра алмайсың. Өйткені, одан артық ел де, жер де жоқ.

Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!

Батырлар дүрілдеп өткен жер.

Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.

Бас иіп, иіскеп топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер!

Ойы мен қаламы жүйрік Мұқағали Мақатаевтың осы бір жыр шумақтары менің түсінігімше тура біздің топырағы киелі, тарихы мол, қасиетті Қаратау өңіріне арналғандай болады да тұрады. Туған жерге басымды иіп, әрдайым тағзым етемін.

Өмірге ерте туып асыға өскен,

Дүниеге адам қонақ түней көшкен.

Ер туып, ел қорғаған ата-баба,

Бұл күнде ізі жатыр, тозаңы өшкен…

Ия, моп-момақан болып, бірде қырат, бірде бел, бірде жазық болып жатқан жусан иісі бұрқыраған,  мұрын қытықтар киікоты мен бұлақтарды жағалай өскен жалбыздың жұпар иісі, көкмайса шөбі белден келетін, таудан сылдырып аққан бұлақтардан нәр алған ерке тау өзені, табиғаты әсем, жасыл желегі мол, жазығы көз тартар қызғалдақтарға көмкерілген мына өлке ғасырлар бойы нені көрмеді? Қазақтың киелі кең даласына, табиғаты бай өлкеге кімдер қызықпады? Қытай жоңғарларды, Ресей қалмақтарды айдап салмады ма? Жер үшін, ел үшін нендей қантөгіс-қырғындар болмады. Алысқа бармай-ақ ХV-XVI  ғасырлардағы  жаугершілік кезеңде қалмақтармен үш жүз жыл текетірескен, жан беріп, жан алған қақтығыстар неге тұрады?!

Саялы Көкжонның көне тарихы тым әріден басталатынына ескі атаулар айғақтап тұр. Осы күнге дейін «Қалмаққырған», «Қалмақөлген», «Қалмаққамалған» деген жер аттары сақталып, ескі қорымдар мен қорғандар, күл мен топырақтан көрпе жамылған көне қалашықтар  сақталып қалды емес пе? Анау өзен бойындағы Ақжар жағасын күрекпен шұқып қалсаң күйген кірпіштің немесе қыш құмыра мен ыдыстың сынығының сыңғыр етіп шыға келетіні соның айғағы. Қорғантөбе, Қарауылтөбе, Қоңыртөбе, Қамыр әулие сырын кім біледі? Біз үшін енді оның барлығы жұмбақ дүние. Бұл өлкенің әр  тасы бойына талай құпия сырды жасырып тұр. Кез-келген тасын түртіп қалсаң болды, тарих көмбесі  ашылады…

Көктем айларында бүкіл қыраттар мен сайлар жасыл кілемге оранып, даланың лала гүлдері көз жауын алады. Қызыл кітапқа енгізілген небір өсімдіктер де осында. Олардың арасында жанға дауа өсімдіктер де жеткілікті. Самал желге еркелей тербетілген қызыл, сары жауқазын гүлдер – тау қызғалдақтары қандай керемет… Осы Қаратау қызғалдақтарының жауқазындары ерте кезде Жібек жолымен ел кезген саудагерлер арқылы Түркияға, одан Еуропа елдеріне, әрі қарай Голландияға жеткізіліп, олар сандаған жылдар бойы күтіп, баптап, селекция арқылы қызғалдақтың ондаған (базбір мәліметтер бойынша 100-ден астам) түрін өсіріп, Грейг және Кауфман гүлдерінің арқасында мемлекеттің аты айдай әлемге белгілі болды емес пе? Қазіргі кезде қызғалдақтар голландиялықтар үшін айрықша табыс көзіне айналғаны рас. Бұл мемлекетке құт болып келген қасиетті гүлдің арғы түбі Қазақстан екенін олар еміс-еміс жеткен аңыз әңгімелерден ғана біледі.

Қаратау жотасында созылып жатқан Көсегенің Көкжоны атты бұл өлкенің тарихы өте бай. Ол тіпті сонау ІІ ғасырдан басталады десек те қателеспейміз. Сақтар (масагеттер) мен парсылардың арасындағы қақтығыстар болғанда сақ патшайымы Томирис (Тұмар) осы Көкжонға қол астындағы әскер басшыларын, ақылмандарын шақырып, парсының соғысқұмар Кир патшасының жер қайысқан әскерін қай жерде қарсы алғанымыз жөн деп  үш күн кеңес жүргізіп, соғысты Қаратаудың теріскейінде — Шу мен Талас өзенінің арасындағы елсіз аймакта өткізуге келісіпті. Сол майданда Томирис ханшайым  Кир патшаны әскерімен Қаратау шатқалына қамап, Кирдің басын алып, сол жерде оның басын қан толтырған меске батырып жатып: «Қанішер Кир, енді қанша қан ішкің келсе де іш, тойып іш», депті деген мәлімет бар. Аңыз болса да бұл, сірә, бекер айтылмаған болар. Әр аңыздың артында шындық тұр.

Тарих ғылымының докторы, профессор Мадияр Елеуов Қаратау бойын ұзақ жылдар зерттеген ғалымдардың бірі. Оның «Қаратаудың ортағасырлық керуен жолдары» атты еңбегінде мынадай жолдар бар: «…Жүргізілген зерттеу жұмыстарымның барысында Ұлы Жібек жолының Қазақ жері арқылы өткен тармағының бағытын анықтап, Шу, Талас өңірлері мен Қаратаудың, Сырдарияның орта ағысындағы ежелгі, ортағасырлық керуен жолдарының бағыттарын зерттедім. Олардың қатарында Шу жолы, Хан жолы, Телкөл жолы, Ұлы жол (Көсегенің көкжоны) және осы жолдармен байланысты Сырдың бойындағы ортағасырлық қалалардан шығып, Қаратаудан асатын 20-ға жуық керуен жолдарының бағыттары бар». Ойланыңызшы, ол көне керуен жолдарымен, тау соқпақтарымен кім жүріп, кім өтпеген?!

Иә, Көсегенің Көкжоны арқылы ықылым заманнан сандаған керуен жолдары өткен. Жаугершілік, аласапыран заманда талай қақтығыстар болып, Қаратаудың қара тастары қанға боялған. Жері шұрайлы, ауасы таза, суы мөлдір бұл жерұйық өңір жайлы талай қазақ жазушылары мен ақындары (Шүлкеман жырау, Майкөт ақын Сандыбаев, Мұхтар Әуезов, Тәкен Әлімқұлов, Бақберген Сәуірбеков, Аян Нысаналин, Исраил Сапарбай, Несіпбек Айтұлы, Пернебай Дүйсенбин, Дүкенбай Досжан, Дулат Шалқарбаев, Төлеу Үшқоңыров және т.б.) қалам тербеп, сыр тартып, жырларына қосқан.

«Көсегенің Көкжоны», «көсеге» деген атау неден, қалай шыққаны, оның нені меңзейтіні әлі күнге жұмбақтау. Қазақта «Көсегең көгерсін!» деген жақсы тілек білдіріп, жастарға бата беретін дәстүр сақталған. Көсегенің екі мағынасы бар. Бірі – құт, береке, өмірдің жақсы, мәнді, сәнді болуын тілеу болса, екіншісі – теңіздің, айдын көлдің табанын жал-жал етіп көтеріп тұратын су түбінің шөгіндісі, яғни дөңес арал деген сөз. Сірә, көне дәуірде Сыр өзені мен Талас-Аса өзендері теңіздей шалқып жатқан тұста қарт Қаратаудың жота-дөңестері әлгілерді екі бөліп жатқан болар. Бұл аймақ ежелгі теңіздің табаны екендігіне ғылыми дәлел жетерлік. Келе-келе топан су тартылып, таудың үсті көкорай шалғынға, табиғаты әсем аймаққа айналған сияқты. Көсегенің Көкжоны деген атауды сол дәуірлерде өмір сүрген ежелгі сақтардың, түркілердің қолдануы мүмкін. Көсегенің көкжонындағы Арыстанды ауылының маңында Ш.Уәлиханов атындағы тарихи тұрақ бар. Ол палеолит дәуірінің ескерткіші болып саналады. 1958 жылы профессор Х.Алпысбаев басқарған археологтар тобы қазба жұмыстарын жүргізіп, 6 мәдени қабат аршылып, тың мағлұматтар алған. Әрбiр мәдени қабат палеолит дәуiрiнде адамдар тұрақты бiрнеше рет мекендегенiн көрсетедi. Қабаттар сары топырақ арқылы бөлiнген. Мәдени қатпарлардың 10 метр-ге дейiнгi қалыңдығы он мыңдаған жылдар бойы бұл жер алғашқы адамдардың өмiр сүруiне өте қолайлы мекен болғандығын айғақтайды.

1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру мәселесі көтеріліп, сол жылдың көктемінде Түркістан әскери округінің бір топ әскерден демобилизацияланған жігіттері үндеу көтеріп, Көкжон өңіріндегі бірнеше колхоздардың басын біріктіріп, «Түркістан» (қазіргі Ә.Бүркітбаев ауылы) тың астық совхозының негізін қалады. Шатырлар тігіліп, алғашқы үйлердің қазығы қағылып, құрылыс қызу басталды. Даладағы бозторғайлар әніне сандаған тракторлар мен автокөліктер моторларының үні қосылып, кең даланы тербеп, тың игеру жұмысы қызды.Келер 1955 жылы аса көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов осы тың игеріп жатқан шаруашылыққа атын бұрып, 2-3 күн бойы елмен, жермен, жастардың ерен еңбегімен танысып, дидарласып, тың игерушілердің тұрмыс-тіршілігін «Түркістан осылай туған» атты әдемі очеркке сыйғызып, оны облыстық және республикалық газеттерге жариялатты. Кейін ол шығармасы кітаптарына енді.

Көкжон туралы ақын-жазушылардың еңбектерінен біраз мәліметтер алуға болады. Мысалы, қазақтың белгілі классик жазушысы Тәкен Әлімқұлов Баба-атадан келіп, алғашқы еңбек жолын осы «Үшбас» колхозында есепші-табелшік болып бастаған. Ол туралы ол өзінің аяқталмай қалған «Жизнь в скитаниях» деген орыс тілінде жазған әдеби естелігінде келтіреді («Тұлпар тақылеттес тұлға», Алматы, «Білім бас-пасы», 2008, 260 бет). Алғашқы жыр жолдарын осы әсем өңірге арнап, «Үшбас өзені» деген өлең де шығарған.

Сарысу ауданының ең биік нүктесі — киелі Қаратаудың жотасындағы Аққырқа асуы. Бұл асудан бүкіл аймақ анық көрінеді, табиғаттың әсем көркі көз тартады, ерке самалы бетіңді өбеді.  Ол туралы:

«Жер биігі сол маңайда Аққырқа,

Ақ бесік боп тербетілген ел-жұртқа.

Шіркін, ғажап, тіл бітіп бір сөйлесе

Қандырар ед шежірелеп мол сырға.

Аймалады Аққырқаның самалы.

Баурап жанды туған жердің бап әні,

Жүректерден шыққан ыстық сағыныш,

«Түркістанға» құс боп ұшып барады.

Киелі жер, иелі жер Аққырқа,

Қасиетіңді жаздым қосып ән-жырға.

Шапағатың бөлеп тұр ғой Жаңатас,

Саудакент пен Үшбасты да ақ нұрға»

депті ақын Сайлаухан Ашанов деген азамат «Туған жерім – тұғырым» атты жыр жинағында (Тараз,2001, 28-29 беттер).

Көсегенің жонында Үшбас деген шүйкімдей менің туған ауылым бар. Үшбас атауы ауылдың күншығыс жағын қоршап тұрған үш таудан алынған. Бастөбе, Ортатөбе, Аяқтөбе деген әр тау-төбенің өз жеке аттары бар. Бұл көптеген көз жасындай мөлдір, таза, мол сулы бұлақтардан (Бәйімбет, Қаракөз, Майбұлақ, Тасбұлақ, Шырымбет, Әулиебұлақ және т.с.) басталып, Созақ өңіріндегі емдік қасиеті мол Қызылкөл көліне құятын Үшбас өзенінің соңы. Шілденің ыстығында өзен суы азайғанымен, көктемде қыста мол түскен қардың еріген суына жаңбыр-жауын қосылып, буырқанған тау өзеніне айналатын, тіпті ағысы ат өткізбейтін тентек мінезі бар.

Мына Қорғантөбе, Қарауылтөбе, Қоңыртөбе, Қамыр әулие, Аққырқаның, ескі зираттар мен қорымдардың сырын кім біледі? Неге анау бір таулы қыратты Аюсоққан, екіншісін – Бүркітті, үшіншісін – Арыстанды, төртіншісін – Бұзаушоқы, әне бір суы мол, шөбі шүйгін жалпақ сазды Бәйімбет сазы (бұл сазда кеңес дәуірінде біраз жыл жазғы аудандық пионер лагері болыпты), басқа бір күңгей беттегі сазды Үркімбай сазы (белгілі ғалым, академик Марс Фазылұлы Үркімбаевтың бабаларының жайлауы) деп атаған? Қаратау сілемдеріндегі Бүркітті мен Итауыз деп аталатын қақпа арасында қалмақ шапқыншылары мен қазақтар арасында кескілескен үлкен ұрыс болыпты деген аңыз-әңгіме, сірә, бекерден-бекер айтылмаған болар… Ол жерде жоңғарлар қырғынға ұшырап, жеңілістің ащы дәмін татып, тарыдай шашылып, тоз-тоз болып кетіпті. Ол жер қазір «Қалмаққырған» деп атануы осы тарихи оқиғаның куәсі секілді.

Тарихы терең Көкжонда ХХ жүзжылдықта колхоздастыру кезеңінде Сарысу ауданы бойынша бар болғаны екі-ақ орта мектеп болған. Оның бірі аудан орталығы Саудакентте болса, екіншісі Көкжондағы Үшбаста болған. Соңғысының жанында интернат болып, сол аймақтағы ауылдардың балалары білім алған. Мектепте Сыпатай Адамбаев, Бейсенбек Солтыбаев және басқалар ұстаздық еткен.  Сол оқушылар арасынан Р.Ерсейітов, А.Сәрсенбаев, И.Жақанов және т.б. азаматтар мектептен кейін жоғары білім алып, көп жылдар ел басқарған, елге танылған. Еліміздің тарихында есімдері қалған қазақтың алғашқы тау-кен инженерінің бірі, Алматыдағы политехникалық институтының ұйымдастырушысы әрі алғашқы ректоры Әшір Бүркітбаев, Түркістан қаласы атқару комитеті бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер басқармасының бастығы болған Ағабек Байдуллаев осы Көкжондағы Қаратас, Үшбас ауылдарының тумалары. Өкініштісі, екеуі де 1937-1938 жылдары «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен. Ел аузында қалған елеулі азаматтың бірі осы өңірдегі жеті қолхоздың басын біріктіріп, ұзақ жылдар ауылдық кеңестің төрағасы болған Жұмағұл Ахатов. Жүздеген ақ түйе өсіріп, ерен еңбегімен танылған, Мәскеуге жолдама алып, кеудесіне орден таққан  түйеші Құлыбек Аманқұлов, айтулы шебер ұстаханашы Жанұзақ Бибергенов, есепші-бухгалтерлер Сарыпбек, Мырзатай, ферма басшылары Әшірқұл Исабеков, Амид Асанов,  диірменшілер Сәулімбай мен Асанқұл, өткен жүзжылдықтың 50-шы жылдары тың көтеруге ерекше үлес қосып, мемлекет қамбасына  тонналап астық құйған механизаторлар Данат Мұратов, Нұрәлі Байжанов, Мейрамбай Жұмағұлов, Зебер Төлепов, Келесбай Сәулімбайұлы, Өмірбек Жақышев, Ілес Айтжанов, Ермекбай Ақылбеков, Атайбек Айнабеков, Бөкебай Керімбаев және т.б. әр жылдары мемлекеттік орден-медальдармен, Құрмет грамоталарымен наградталып, есімдері тарихқа  алтын әріппен жазылған. Олардың ұрпақтары қазір де осы өңірде тіршілік етіп, еңбек көрігін қыздырып жүр.

Тәубе, қазір де бұл өңірдің еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі, халық табысы, жерасты байлығы ел аузында жүр.  Анау Аққырқа асуында бой түзеген қатпар-қатпар тастардың астынан фосфор рудасын тауып, мол тыңайтқыштар  көзін ашып, ел байлығын асырып жатқан  «Қазфосфат» және «ЕвроХим» компанияларының еліміздің экономикасының дамуына қосып жатқан үлесі ұлан-ғайыр. Қырат-қыраттарды қуалай орнатылған жел генераторлары  еліміздің энергетика саласына өз үлесін еселеп қосып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Түрік ағайындардың қолдауымен сода өндіретін завод құрылысы да қарқынды жүріп жатыр…

Туған жерінің әсем табиғатын, киелі топырағын, тынысыңды аша түсетін саф ауасын, сусыныңды қандыратын  зәмзам суына тең келетін мөлдір суын, тай-құлындай тебісіп  бірге өскен замандастарын сағынбайтын қазақ жоқ шығар, тегі. Менің ойымша, алыстағы ағайынмен үздіксіз хабарласып, қайғысына да, қуанышына да ортақтасып жүретін, туысқанға адал, бауырмалдық сезімінен айрылмаған халық — қазақ халқы  десек қателеспейміз.

«Дүниеде туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ» — деген екен көрнекті, саңлақ қаламгер Ғабит Мүсірепов. Бұл — бос айтылмаған сөз. Туған-өскен жерден артық жер жоқ. Өйткені, туған жерің — тірегің, атажұртың — алтын бесігің.  Сұлу, мөлдір, қимас сағынышқа толы дүние сол! Жүрегіңе жағымды тылсым жаратылыс! Туған жер — екінші анаң. Рас қой. Туған жер топырағының құдіретін басқа дүниемен алмас-тыру мүмкін емес.  Ол — біздің көңіл-күйіміздің емшісі. Онда өткізген балалық шақ, әй, бір тәтті, әй, бір бал-шекер күндер екен-ау, шіркін!..

Елдің ерке ақыны атанған Нарша Қашағанов досым туған жеріне арнаған жыр жолдарында:

«Сенде жатыр бабаларым ақылды,

Сәл ұзасам, солар мені шақырды.

Ұшқан ұям өзің едің алғашқы,

Қонар жерім сен боларсың ақырғы»,- деп жырлайды.

Ия, кез келген адамның бойындағы ерекше қасиет ананың ақ сүтімен бірге туған жердің киелі топырағынан, шипа ауасы мен таза суымен сіңетіні рас. Адамның табиғаты туған топырағына тартып тұратыны сондықтан болу керек, сірә! Бұл — кіндік қанымыз тамған топырақтың, туған жердің тылсым сырға толы құдіреті екенін мойындауымыз керек.

Барғым келеді, туған жерім, өзіңе,

Тау-тастарың елес болды көзіме.

Жазылып-ақ кететіндей көрінем,

Бір аунасам қасиетті жеріме!-

деп армандаған  екен белгілі жазушы Оралхан Бөкейдің қарындасы Мәншүк дүниеден озар алдындағы жазып кеткен соңғы өлең шумақтарында. Ия, туған жердің қадір-қасиетін ұға білу, бағалай білу қандай керемет, шіркін!

Осы жерде ел аузында сақталып қалған мына бір аңыз-әңгіме еске түседі. Желмаяға отырып, өзіне қара қобызын серік етіп,  қоңыр күйді аңыратып Жерұйық іздеп, төрткүл дүниені кезген Асан қайғы Қаратаудың қырқасындағы шырайлы мекен, көрікті Көсегенің Көкжонына қызыға қарап тұрып:

«Басқаның бәрін қисаң да,

Көкжонды, шіркін қимайсың.

Өңгеріп алып кетер ем,

Ат сауырына симайсың»

-деген екен жарықтық. Осы бір шумақтың өзі Көкжонның биік бағасын беріп тұр емес пе?!

Алаштың біртуар азаматы Әлихан Бөкейхан: «Туған жердің әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек», – деп орынды айтқан. Егер олай болса, қазақтың әрбір түйір тасының, өзен мен көлінің, бұлағы мен сазының, қырлары мен белестерінің, жайлауы мен қыстауының тарихы бар, есімдері ел есінде қалған дегдар азаматтардың ізі бар. Тек өткенімізді саралап, бүгінгімізді байыптай алуымыз керек. Осыған жеткілікті түрде көңіл бөлсек, ілгері қарай дамып, өркениетті елдер қатарына қосыларымыз анық.

Иә, әркімнің өз туған жері өзіне ыстық, өзіне ардақты, өзіне қымбат, өзінің Мекке-Мединасы. Мейлі ол басқа жердегідей тас-тауды қуалай аққан бұлағы сылдырлап, көкшалғыны аяққа оралмасын, сыңсыған көрікті орман-тоғайлы болмасын, мейлі ол желі азынап тұрған сүреңсіз елді мекен болсын — балғын бақытты балалық шағың өтіп, шыбық мініп, көбелек қуған, замандас-құрдастарыңмен тай-құлындай тебісіп өскен, бірге доп қуған, көкпар тартқан, адам ретінде қалыптасып, ес білген туған жерің. Ол — жүрек түкпірінде қалғымай жататын мәңгілік жырлап өтер жырыңыз, мәңгілік сарқылмайтын сағынышыңыз. Отанды сүю, оған деген махаббат, оған қызмет ету туған жерден, туған елден, туған тілден бастау алады. Туған жер — ата-бабаның кiндiгi байланған киелі жер. Сондықтан, туған жерге көңіліміз суып, жүрегіміздің лүпілі баяулап, тереңде жатқан сағынышымыз бен кіршіксіз махаббатымыз азаймасын, ағайын!

Ақын Шәміл Мұхамеджановтың туған жерге арнаған мынадай бір сырлы өлеңі бар:

«Мейлі батыр, мейлі ғалым, данасың,

Бәрібір сен туған жерге баласың.

Сырқатыңның табам десең дауасын,

Бір жұтып қайт туған жердің ауасын!»

Туған жерден қол үзбейік! Туған жер әркез сағындырып, жүрегімізді жылытып жүрсін. Туған жерден нәр алып, көңілді демдеп, қанаттанып  жүрелік!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының

докторы,  профессор, 

Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.