ГҮЛ ШОҚТАРЫН ҚОЙДЫ

0

Апта ішінде қаламызда Ауған соғысында қаза болған интернационалист-жауынгерлерге қойылған ескерткіштің алдында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына арналған митинг өтті. 

Салтанатты шараға ауған соғысы ардагерлерімен бірге мекеме, кәсіпорын басшылары және  қызметкерлері, қала тұрғындары, студенттер, ауған соғысынан оралмаған жерлестеріміздің туған-туыстары қатысты.

Жиында аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков құттықтау сөз сөйледі:

-Құрметті ауған соғысының ардагерлері!

Сіздер өздеріңіздің жауынгерлік борыштарыңызды адал атқарып, елге абыроймен аман-есен оралдыңыздар. Көптеген қазақстандық жігіттер сол  ұрыс даласында  ерлікпен қаза тапты.  Бүгін біз жат жердегі қырғи қабақ соғыста көз жұмған ағаларымыздың рухына бас иіп, тағзым етеміз.

Бүгінгі өткізіліп отырған шараның маңызы өте зор. Отанға қажет кезде жауынгерлік саптан табылған батырларымыздың өмірі бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге,- деді.

Одан кейін  аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Жұмаділдаев, ауған соғысының ардагері, ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы  М.Сыздықбаев сөз сөйледі:- 1989 жылы Кеңес әскерлері ауған жерінен шығарылды. Бұл тарихи оқиғаға да биыл 35 жыл толып отыр. Баршамызға белгілі, мыңдаған шаңыраққа орны толмас қайғы әкеліп, қасіретке душар еткен соғысқа елімізден көптеген сарбаздар қатысты. Ауданымыздан да аттанған азаматтар отты кезеңді бастан кешірді. Ауған соғысына қатысқан бір жерлесіміз соғыста ерлікпен қаза тапса, біреуі хабар-ошарсыз кетті. Қазіргі таңда ауданымызда Ауғанстанда әскери борышын өтеген  24 ауған соғысының ардагерлері тұрады,-деп  мереке иелерін құттықтап, оларды жас ұрпаққа  патриоттық тәрбие беруге,  еліміздің болашақ қорғандарын Отансүйгіштікке баулуға   шақырды.

Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндерді әуелете шырқады. Шарада өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулып, патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатындағы жиында интернационалист- жауынгерлердің ерлік істері дәріптелді.

Басқосуда жиналғандар тағзым алаңында ұрыс даласында қаза тапқан боздақтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ «Бақдәулет»  мейрамханасында ауған соғысының ардагерлеріне арналған ақ дастархан жайылып,  ардагерлерге мерекелік медальдар тапсырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.