ДОСТЫҚ ТОЙЫН ТОЙЛАЙМЫЗ
Балалардың шығармашылығы мен ой-өрісін дамыту, оларға дұрыс бағыт — бағдар беру бүгінгі күннің басты талабы. Алдына нақты мақсат қойып, өмір жолын дұрыс қалыптастыра білген баланың болашағы жарқын болмақ.
Осы орайда, ауданымыздағы шығармашылық орталықтары мен аула клубтары талмай тер төгіп келеді. Жуырда Жаңатас қалалық аула клубы коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің ұйым-дастыруымен шығармашыл балалар арасында «Достық тойын тойлаймыз» атты топаралық әр ұлттық би жарысы болып өтті. Сайысты көркем әшекей үйірме жетекшісі Бекзат Абдрахманова жүргізді. Қызықты ұйымдастырылған шара барысында «Балдырған» тобы қазақ және өзбек, «Балауса» тобы испан және орыс, «Тұлпар» тобы үнді және кавказ ұлтының билерін билеп, көпшіліктің көңілінен шыға білді. Жарыс барысында балалар топпен жұмыс жасаудың ұтымдылығын көрді. Музыка үйірме жетекшісі Ермекбаев Сүндетулла ағайдың музыкалық сүйемелдеуі балалардың шабытын аша түсті. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені өзбек ұлттық биі, бірінші орын орыс ұлттық биі, екінші орынды қазақ және үнді ұлтының билері, үшінші орынды испан және кавказ ұлтының билерін орындаған жас өнерпаздар иеленді. Барлық қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан мадақтау қағазымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»