ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРИЯ

0

Ауданымызда түтіні түзу шыққан алтын бесік, елді мекеннің бірі  Маятас ауылы.  «Үй жанында төбең болса, ерттеулі тұрған атпен тең, Ауылыңда қартың болса жазулы тұрған  хатпен тең» деп дана халқымыз  бекер айтпаса керек. Осы бір бірлігі мен тірлігі жарасқан ат төбеліндей ауылда  жазулы тұрған хатпен тең қазыналы қариялардың бірі Қойшыбаев Нұржан ағамыз десек артық  айтпаған болар едік.

Жаратқан иенің берген қуаты, қайрат жігері шығар. Жоталы жетпіс жастың үшеуіне сергек жеткен Нұрекеңнің сөз саптасы, жүріс-тұрысы ширақ, құр аттай әлі тың.

Көңіліміз жақын, сәлеміміз түзу бұл ағамызды өте жақсы танимын. Ертеректе Карл Маркс (қазіргі Маятас) елді мекені Калинин атындағы совхоздың  №1 ферма бөлімшесі еді. Осы бөлімшедегі сегізжылдық мектепті тамамдаған Нұрекең Жайылма ауылындағы В.И.Ленин (қазіргі Әйтеке би) орта мектебінде сабағын жалғастырды. Осы мектепте бұл ағамыздан үш сынып төмен оқыдым. Оқтау жұтқандай бойын тік ұстап,  сыпайы сөйлеп, «бетегеден биік, жусаннан аласа» дегендей өте қарапайым жүретінін байқайтынбыз.

Адамгершіліктің осы жақсы қарапайым қасиетінен айнымаған Нұржан ағамыз 1951 жылдың наурыз айында жарық дүние есігін ашады. Асқар тау әкесі Қойшыбай қария Ұлы Отан соғысына қатысып, кеудесін оққа төсеп, өскен елін, туған жерін жау-дан қорғаған майдангердің бірі болған екен. Жеңіс туын желбіретіп аман-есен елге оралған майдангер совхозда бухгалтер, ферма меңгеруші қызметтерін атқарады. Өмірдің жазылмаған заңы қатал. Келу бар да кету хақ. Қойшыбай қария сұрапыл соғыстан алған ауыр жарақатынан небәрі 48 жасында 1958 жылы дүниеден өтеді. Шаңырағы шайқалған отбасындағы барлық ауыртпалық төрт қыз, бір ұлмен жесір қалған асыл анасы Айымкүлдің мойнына түседі. Отбасы, қара қазан, бала-шаға қамымен колхоз жұмысында таң атырып, күн батырған Айымкүл ана отағасы аманаттай қалдырған перзенттерін қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқтырмады. Өжеттілік пен қайсарлық қазақ әйелдеріне ғана тән. Дүзде ердің, үйде әйелдің тірлігімен тыныс алған қайраты қайралған ана ұл-қыздарын қатарынан кем етпей үкілеп өсіріп жеткізеді. Мектеп табалдырығын 7 жасында аттағанда асқар тау әкеден көз жазған бала Нұржанды өмірдің өзі есейтті. Оң мен солын ерте таныды. Ертелі-кеш колхоз жұмысынан бел жазбаған анасына қолғанат болды. Балалықтың базарлы сәттерін бастан кешпеді. Асық атып, доп пен көбелек қуып ойнауға уақыты да болған жоқ. Ол осылайша бала жастан бейнет пен зейнеттің, жоқ пен бардың қадірін біліп ержетті.

Айымкүл ананы Жаратқан ие жарылқады. Аналық пәк ниетті ақ тілегін берді. Төрт қызы бойжетіп, өрісін тапты. Нұржаны да ержетіп орта мектепті тәмамдады. Күні-түні жалғыз Алладан амандығын тілеген жалғыз ұлына ақылын айтты.

-Балам, оқуыңды жалғастыр. Жоғары білім ал,-деді.

Нұржан ойлана жауап қатты.

-Апа, мен сізді жалғыз қалай тастап кетемін? Жұмыс істеп, жаныңызда жүргенім дұрыс шығар.

-Маған еш алаң болма, балам. Ел іші, ағайынның ортасындамын. Қатарыңнан қалмағаның дұрыс.

Нұржан ана көңілін қалдырмағанды жөн көрді. Тұңғыш рет ауылдан ұзақ жолға шықты. Жолы болды. Алматы қаласындағы зоотехник ветеринарлық институтқа оқуға түсті. Өкінішке орай отбасы жағдайы бұл оқу орнын оқып бітіруге мүмкіндік бермеді. Бір үйде жалғыз өзі тіршілік еткен анасының тұрмысы алаң еткен Нұржан оқудан амалсыз қол үзіп, ауылға оралды. Совхоздағы оттағы қазандай қайнап жататын сан қырлы науқандық жұмыстарға білек түре кірісіп кетті. Екі қолға бір күрек ұстап құрылысшы, аға шопанға көмекші, егіс алқабында дихан, Қаратау тау-кен комбинатында слесарь, құрылыс тресінде жұмысшы да болды.  Өмірге   ғашық, білімге құштар Н.Қойшыбаев мамандық алудан да кеш қалған жоқ. Қаратау тау-кен техникумына оқуға түсіп, 1976 жылы бітірді. Калинин атындағы совоздың директоры Сейітбек Бегманов жас кадрды құрылыс бөліміне прораб етіп қабылдады. Бұдан кейін совхоз директорлары болған Кеңес Ермашев, Оңғарбек Искаковтармен де тізе қоса еңбек етті. Негізгі саласы мал шаруашылығы болған совхозда білімді де білікті кадрлар тапшы еді. Шаруашылық басшысы болған О.Искаков қарамағындағы мамандардың іскерлік қабілеттерін тани білді. Н.Қойшыбаевты №1 ферма меңгерушілігіне тағайындады. Жиырмаға жуық отбасы мүшелері бағып, қаққан 27000 қой-ешкісі бар ферманы басқару оңай шағылатын жаңғақтай шаруа емес еді. Шаруашылықтың қыры мен сырына қанық Н.Қойшыбаев сенім үдесінен шыға білді. Ол ең алдымен жыл он екі ай күннің көзі, желдің өтінде еңбек еткен шопандар қауымының тұрмыс жағдайларына ерекше көңіл бөлді. Әрбір науқандық жұмыстар күзгі күйек алу, мал қыстату, қой төлдету, жазғы жайылым, жемшөп әзірлеуді ұйымшылдықпен уақыт талабына сай жүргізуде ілкімді іскерлік танытты. Нәтижесінде қоғамдық мал өз төлі есебінен өсті. Отардан отар өрді. Шаруашылықтың толағай табысы қайнаған тайқазанына ферма ұжымы да айтарлықтай үлестерін қосты.

Өмірден көргені, көңілге түйгені көп Н.Қойшыбаев зейнет демалысына шыққан соң қол қусырып қарап отырмады. Маятас ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланған еңбек ардагері қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытты. Өзінің кіндік қаны тамып, туып өскен ауылын көркейту мақсатында бірсыпыра игілікті істерге мұрындық болды. Аудан, облыс басшылары қатысқан алқалы жиын, маңызды басқосуларда ауыл өмірінің өзекті мәселелерін көтеруден жалыққан жоқ. Атап айтқанда ауыл көшелерінің жолдарын, медициналық пункт, кітапхана, клуб үйлерін жөндеу, балалар ойын алаңшасын салу, ауыз суды ретке келтіруде жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүргенін ауылдастары мақтаныш етеді. Қара сөзден қаймақ қалқыған дана халқымызда өмірдің өзінен алынған қанатты сөздер көп-ақ. Сондай уытты сөйлемнің бірі «Жыламаған балаға емшек бермейді» дейді. Әсіресе Нұрекеңнің ауыл орталығынан жаңа мектеп үйін салу үшін бармаған жері, баспаған тауы, қақпаған есігі қалмағанын жыр ғып айтады. Нәтижесінде өткен жылы мектеп үйінің құрылысының басталуы ауыл халқын қуанышқа бөлеген елеулі оқиғаның бірі болыпты. Әрбір өткен сайлауда комиссия хатшысы, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі болуы қоғамдық жұмыстағы өрелі істерінің нәтижесі болса керек. Еткен еңбек, төккен тер елеусіз қалған жоқ. Жоғары тиісті орындардан «Жамбыл облысы ардагерлер ұйымына 30 жыл», «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданының Құрметті ардагері», «Сарысу ауданының құрылғанына 95 жыл» медаль, төсбелгілерімен марапатталды.

Нұржан  ағамыз 1974 жылы Домбаева Данагүлмен тағдыры тоғысты, жұлдызы жарасты. Өмірдің қызығы мен қиындығын тең бөлісіп, үйлі-жайлы, балалы-шағалы болды. Құдайдың берген бес ұл-қызын үкідей үлпілдетіп өсіріп, мақсаттарына жеткізген, бүгінде 15 немере сүйген бірі ардақты ата, бірі асыл әже. Жамбыл педагогикалық институтын тәмамдаған Данагүл жеңгеміз саналы ғұмырын жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне арнады. Мамандығы бойынша физика пәнінен зейнет демалысына шыққанша дәріс берді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілді.

Маятастық қазыналы қария Н.Қойшыбаевтың өнегелі өмір, еңбек жолдары, шаңырағы шаттықа толы отбасы жайлы бір үзік сырымыз осындай.

Темірлан Әбілдаев,

ардагер журналист

тазалыќ табалдырыќтан бастау алады

Соңғы он шақты жыл көлемінде қаланы көркейту, көгалдандыру, тазалығын қалыпта ұстау мәселесіне ерекше ден қойылып, тиісті шаралар қолға алынған еді. Әсіресе, желді аймақтың тазалығын сақтау басты талап болатын. Содан бері осынша уақыт өтсе де бұл мәселе күн тәртібіндегі өзектілігін жойған жоқ.

Сала мамандарының айтуынша, қазір көпшілікке әлеуметтік желі – тазалық кепілі секілді көрінетін болған. Оған жоғарыда айтылғандай белсенді желі қолданушыларының қоқыс жиналған аумақты желіге жариялап, «тиісті мекеме не қарап отыр?» деген сынды пікір білдіруі себеп екен.

Мәселен, тазалықшылар белгіленген бір аумақты тазалап өтті дейік. Олар кеткен соң, артынша бір тұрғын тағы да қоқыс тастап үлгереді. Сосын тағы бірі тастайды. Яғни белгілі бір кезде шығармай, кез келген уақытта тастай салады. Солай қоқыс қалдығы жиналып қалады.

Ал мекеме қызметкерінің «Кім қашан қоқыс тастар екен?» деп күтіп отырмайтыны белгілі. Келесі аумақты тазалауға көшеді.  Қазір адамдардың көзі ашық, көкірегі ояу. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін екшейтіндей деңгейі бар. Сонда тұрғындарға «тазалықтың табалдырықтан басталатынын» түсіндіру соншалықты қиын болғаны ма?

Кезінде тұрғындардың арызы негізінен контейнерлер  көпқабатты үйлердің алдына қойылды.  Кейбір тұрғындар сол қоқыс тастайтын арнайы белгіленген жерге қоқыстарын тастамай көше бойындағы арықтарға тас-тай салады. Бұл өте сорақылық іс дегіміз келеді.  Бірақ мысал өнер ордасына айналған аудандық мәдениет үйінің жанындағы қоқыс тастайтын алаңша қоқысқа толы ұйытқыған жел қалдықтарды ұшырып жан-жақты ластау-да.  Қаламыз таза болсын десеңіз әр тұрғын өзінен бастау керек.    Тазалық сақшыларының сөзінше, жұртшылық арасында «мекеме міндетті» деген көзқарас қалыптасқан. Осы таптаурын түсініктің салдары жауапсыздыққа әкелуде. Ендігі бұл түсініктен арылып, қала тазалығын бір жүйеге келтіретін уақыт келген сияқты. Үйінің, тұратын жерінің таза болғанын кез келген адам қалайды. Тазалық – адамға керемет көңіл-күй сыйлайтыны белгілі. Мәселен, қала ішінде кетіп бара жатып, жан-жағыңа қараған кезде мұнтаздай таза болса керемет емес пе?! Тұрып жатқан қаламыздың тазалығы Сіз бен біздің  қолымызда.

Өткен жылы  қаламыздың орталық көшелеріне демалып отыратын орындықтар мен жарық шамдарын қойған болатын. Араға екі ай салмай жатып,  орындықтар мен шамдар сынып жатыр.  Сондай-ақ кейбір көлік жүргізушілері де жол тазалығын сақтамай, қоқыстарын көше бойына тастап кетіп жатқанын да көзіміз көріп жүр.

Бұл олқылықты сырттан келіп біреу жасамайды. Үйде отырған ата-аналар қоқысты балаларынан беріп жібереді. Апаруға ерінген олар кез-келген жерге тастап кетеді немесе талдың түптеріне қоя салады. Ал, ата-ананың балаларына берген жақсы тәрбиесі қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосқанмен тең.  Құрметті тұрғындар, жүрген жерімізде тазалық сақтап жүрейік. Мейлі ол үйдің іші, сырты, көше, басқа қала, ел, жер, тау-тас болсын. Әр адам өз қоқысын өзі тазалап жүрсе екен. Бұл елде, жерде, қалада, ауылда сіз де, мен де өмір сүріп жатырмыз. Ертең ұрпақтарымыз да осында өмір сүретін болатын. Ендеше, барымызды сақтай білейік. Бәрін өзімізден бастайық.

С.есқараев,  «Sarysý»

Қабылдау өтеді

«Қазақстан  Республикасының      Денсаулық сақ-тау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Сарысу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ бойынша жеке және тұлғалардың өкілдерін 2024 жылға қабылдау кестесі

Лауазымы Аты-жөні, тегі Қабылдау күндері Қабылдау уақыты Қызмет телефоны Басқармада орналасқан орны
Басшы Артықбаев Сәкен

Сарсенович

Дүйсенбі-жұма 1000ден 1200 дейін

1500 ден 1700 дейін

6-32-86 Жаңатас қаласы, 1 шағынаудан №18үй

семинар өтті

Қоғамның игілігіне қызмет атқаратын ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу-ұлттың жаңа сапасын қалыптастырады.

Сарысу орта мектебінде біртұтас тәрбие бағдарламасының аясында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы жоспарға сәйкес жұмыс атқаруда. «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығының жұмыс жоспарына сәйкес сынып жетекшілер Қ.Тайжанова, А.Салықбай, Ж.Қадырбековалардың ұйымдастыруымен «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу …» тақырыбында ата – аналарға арналған семинар өтті. Семинардың мақсаты білім беру ұйымы мен ата-аналары арасындағы балаларды тәрбиелеу мен дамытудағы өзара іс – қимылды нығайту және бала тәрбиесіндегі мектептің, ата – ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіру болып табылады.

Жиынды ашқан мектеп директоры Л.Шукеева мемлекет тарапынан бала тәрбиесі мен біліміне ерекше көңіл бөлініп, үнемі қолдау көрсетілетінін атап айтып ата – аналарға сәттілік тіледі. Іс-шара «Келіңіз, танысайық!» айдарымен басталды. Бұдан кейін ата – аналарға   ой  қозғау мақсатында «Wordwoll» бағдарламасы арқылы сұрақтар қойылды. Өз балалары жайлы қойылған әрбір сұраққа ата-аналар жан-жақты түсінік бере отырып, жауап айтты. Келесі тренинг «Гүл күлтешесі» деп аталды. Бұл тренингте ата-ана баласының атын гүлдің ортасына жазып, ал баласының қолынан келетін әрбір ісін гүл күлтешелеріне жазып, талқылап берді. Келесі кезектегі «Өсірмейтін тыйымдар» тренинг арқылы ата-анаға баласына көп тыйым жасай беру оның әрекет жасауға қорқып қалуына әкелетіндігін, өзіне сенімсіз, жан – жағына жалтақтап жүретіндігі түсіндірілді. Семинар соңында сынып жетекшісі Ж.Қадырбекова: «Әлемге әйгілі шығыс ғұламасы Әл – Фарабидің сөзімен айтсақ, адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі. Осыған байланысты баланы өмірге бейімдеуде мектеп,  мұғалім және ата – ананың орны бөлек»-деп қорытындылады.

Әрбір тренингке белсене қатысқан ата – аналар орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, қандай бастама болса да қолдайтындарын жеткізіп, алғыс білдірді.

Н.Рустамова, Сарысу орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

саќтыќта ќорлыќ жоќ

Газ баллондарын пайдаланған кезде абай болыңыз. Көптеген табиғи газдар адамдар үшін қауіптің ықтимал көзі болып табылады. Ең қауіптісі – күнделікті өмірде қолданылатын метан және сұйытылған газ (баллондарда). Ағып кету кезінде олар тұншығуды, улануды және ең жаманы жарылысқа әкелуі мүмкін.

Тұрмыстық газдың жарылуына жол бермеу мақсатында  аудандық ТЖБ-нің қызметкерлері газ аспаптарын пайдалану және оларға күтім жасау ережелерін мүлтіксіз сақтау туралы ескертеді:

  1. Газ аспаптары мен жабдықтарын орнатуды, реттеуді, тексеруді және жөндеуді білікті мамандарға тапсырыңыз;
  2. Газ баллонын желдетілетін жерде, тек тік күйде сақтаңыз;
  3. Шар мен газ түтігін жылу мен тікелей күн сәулесінен қорғау үшін шаралар қолданыңыз;
  4. Баллонды ауыстырмас бұрын, жаңа және пайдаланылған баллондардың крандары жабық екеніне көз жеткізіңіз;
  5. Жақын жерде от, ыстық көмір, электр аспаптары қосылған кезде газ баллонын ауыстырудан аулақ болыңыз;
  6. Баллонды газ плитасымен қосу үшін қауіпсіздік қысқыштарының көмегімен бекітілген, ұзындығы бір метрден аспайтын таңбалануы бар арнайы (кездейсоқ емес) икемді резеңке шлангіні пайдаланыңыз. Оның созылуына немесе қысылуына жол бермеңіз;
  7. Пайдаланылмайтын баллондарды (тол-тырылған немесе бос) үй – жайдан тыс жерде сақтаңыз;
  8. Балаларды газ аспаптарына жіберу жағдайларын болдырмаңыз;
  9. Газ аспаптарын қосу кезектілігін сақтаңыз: алдымен сіріңкені жағып, содан кейін газ беруді ашыңыз;
  10. Газдың ағып кетуіне жол бермеу үшін қайнаған сұйықтар отты толтырмас үшін пісіру кезінде бақылаңыз. Қыздырғыштарды үнемі тазалаңыз.
  11. Жұмыс аяқталғаннан кейін баллон кранын жабуды ұмытпаңыз.
  12. Үй – жайда газдың иісі пайда болған кезде газ беру кранын жабу, үй-жайды желдету үшін терезелер мен есіктерді дереу ашу, ашық отты пайдаланбау, электр және электр аспаптарын қоспау, телефон сымы мен розеткаларды тартып алу керек;

Егер жағдай бақылаудан шығып кетсе, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға «104», «101» немесе «112» телефоны бойынша хабарласу керек!

Ә. Бекенов,

 аудандық Төтенше

жағдайлар бөлімінің аға инженері,

азаматтық қорғау аға лейтенанты

атаулы әлеуметтік кґмек

2023 жылдың қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмекке 467 отбасының өтініштері қабылданды. Оның ішінен 323 отбасына 1625 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды (Жаңатас қаласы-265, ауылдық округтер — 58) және 144 отбасының табысы жан басына шаққанда  кедейлік шегінен асуына байланысты немесе учаскелік комиссияның акт қорытындысына сәйкес тағайындалмаған.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінен шартты ақшалай көмек              208 отбасы (1175) адам және шартсыз ақшалай көмек 115 отбасы (450) адам тағайындалды.

2023 жылға жоспар бойынша  нысаналы индикатор 81,0%. Казіргі таңға   84,3 % құрайды. Шартты ақшалай көмек алушылардың  ішінен жұмысқа жарамды 352 адам, оның ішінде 297 адам жұмыспен қамту шараларына тартылған, атап айтқанда: тұрақты жұмысқа орналасқандар  — 48, қоғамдық жұмысқа тартылғандар — 40, әлеуметтік жұмыс орнына  орналасқандар саны -8, мемлекеттік  грант алғандар саны — 5, жастар практикасына – 3 адам жолданды.Тұрақты жұмысы бар адамдар саны 193 адамды құрады. Атаулы әлеуметтік көмек және балаға ай сайынғы қосымша төлемді төлеуді атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі уәкілетті орган жергілікті бюджет қаражаты есебінен Мемлекеттік корпорация арқылы атаулы әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымның банктік шоттарына аудару жолымен жүргізілді. Бұл жағдайда  көрсетілген көмек шын мұқтаж отбасыларына беріліп, жұмыссыз азаматтардың  жұмыспен қамтылу мәселесі қарастырылды. Яғни, ұсынылған мемлекеттік қолдау жүйесі мұқтаж отбасының барлық мәселелерін шешті.

Жамбыл облысы «Еңбек мобильдігі орталығы»  КММ Сарысу аудандық

«Мансап орталығы» филиалы

Жаңатас қаласы тұрғындарының назарына

2024 жылдың 01 ақпан күні  Жаңатас қаласы әкімі аппаратының 1 қабатындағы мәжіліс залында  сағат 15:00-де Жаңатас қаласы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысы өтетіндігін хабарлаймыз.

Күн тәртібінде:

1)      2023 жылғы жыл басынан бөлінген бюджет қаражатын және жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін пайдалануға жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;

2)      Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге 2024-2026 жылдарға бөлінген бюджет қаражатын және кіріс көздерін қалыптастыру мен пайдалану мәселелерін талқылау;

3)      Коммуналдық мүліктерді басқару (жалға беру, сенімгерлік басқаруға беру т.б)

Өкілдерді тіркеу 2024 жылы 01 ақпан, сағат 14:30 да басталады.

Байланыс телефоны: 6-28-88, 6-28-17

Жаңатас қаласы әкімінің аппараты.

(ӘЗІЛ ӘҢГІМЕ)

Сыйлыќ

Әрбір отбасы, жанұяға қуаныш пен шаттық сыйлайтын Жаңа жыл мерекесі таянғалы Қауынбайдан маза кетті. Тыныш жүрген жан еді.

Күнделікті күйбең тірлікпен жүргенде ердің жасы елудің бесеуінен асыпты.. Кеше ғана мектеп бітірген бозбала еді. Өтіп бара жатқан заман-ай. Райжанмен отау тігіп, түтін түтеткеніне де табаны күректей отыз бес жыл. Әкесінен аумайтын үш ұл, екі қызды өмірге әкелген жарына мереке күндерінде бір сыйлық ұсынбапты. Ұят-ай. Жанын жегідей жеп, өзегін өртеп жүрген де осы ой.

Үйленген күні әлі есінде. Ол кезде ешкімнің қалтасында «сотка» жоқ, қызға хат жазасың. Келіспесе алып қашасың. Қой аузынан шөп алмайтын, қызға қыры жоқ Қауынбай екінші «вариантты» қалаған. Алып келді. Достары Тәуекел, Манаш, Баймұрат көп көмек көрсетті. Салдыраған сары «Москвичке» көтеріп салыс-ты, шымылдыққа көтеріп кіргізді. Райжан торға түскен сазандай тулады. «Бәріңді соттатамын» деп тістене сызылды. Көпшілік қаумалады. Тас түскен жеріне ауыр, қыз жат жұрттық деді. Келген жерін мақтады. Өтінді, сұранды. Шаршады ма әлде шарасы қалмады ма көнді. Сыңсып отырып, ақ параққа «Апа, ренжіме. Өз еркіммен келдім. Кісілерді дұрыс күтіңіздер» деп жазып берді. Өлтіріні алып елшілер аттанды.

Түн ортасында қуғыншылар келді. Момын жандар екен. Баса көктемеді, шымылдық жібін үзбеді. Ақ орамалға оранған қыздарымен оңаша сөйлесті. Күпті көңілдері орнығып, түстері жылыған «қуғыншылар» көптің көшеметімен қонақ бөлмеге озды…

Дос деп Тәуекелді айт. Қыз көрсе қысылып қалатын досының сауабын алды. Сыртынан таныстырған да, алып қашуды ұйымдастырған да сол. Ертеңіне беташар рәсімі өтті. Қуанған жұрт тарады…

Өтпелі кезеңнің өткелінде қиналғандар көп болды. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен тұста үй-жайын, аз ғана малын сатып қалаға көшкеннің бірі-Қауынбай еді.

Қалада да жұмыс көзі қат боп шықты. Бармаған мекеме, қақпаған есігі қалмады. Ауылдан келіп жұмыс іздеген ағайындар көк базарды төңіректейді екен. Үміті үзілуге шақ қалғанда бұл да көк базарға келген. Мәссаған.

-Дорогу, дорогу…,-деп алдында арба айдап ауылдасы алакөз Дауылбай келеді. Сегіз жыл сыныптас болған құрдасы. Шыдай алмады. Білегінен шап беріп, тоқтатып:

-Айқайың жер жарып… Не болды саған?-деді.

-Көрмей тұрсың ба, Коля. Кешке дейін «тәшке» қуам. Еңбекақымды «нәлішке» төлейді.

-Кімдер төлейді?

-Жүктің иелері. Мен кеттім. Уақыт жоқ, Коля. Дорогу, дорогу…

Қауынбай ойланып қалды. Қарап жүре берсе қарны ашатын түрі бар. Сегіз сыныпты әзер аяқтаған Дауылбайды қара. Орысша сөйлеп қапты. «Дорогу, Коля, нәлішке» дейді. Ал керек болса.

Райжанмен ақылдасты. Қарсы болған жоқ. Біреу әлдекімді сынайтындай не күлетіндей кез емес. Іркілмей іске кірісті. «Дороганы» бұл да айтып шыға келді. Көп түкірсе көл. Содан бері бұйырған несібені теріп келеді. Ұл ержетті. Қыз бойжетті. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырсам деген үкілі үміті, тәтті арманы алдамайтындай. Тек балалардың анасы Райжанды елемегені, осы уақытқа дейін бір сыйлық ұсынбағаны қабырғасына қатты батты.

Тәуекел де тыныш жүрмейді. Қалаға мұның үйіне келсе болды жыртылады да отырады. Мақтаншақ. Айтатыны «Қыздай қосылған келіншегіме ананы, мынаны әпердім. Бәйбішем мәз, риза болды. Бұл өмірде сыйласқанға не жетсін»-дейді. Ал түсініп көр. Сыйласқанды басқалар білмей ме екен? Досының әңгімесі Қауынбайға ешқашан ұнаған емес. Қайта іштей жүйкесін жұқартып, жігерін жасытып бітті. Енді шыдай алмайды. Тәуекелден бұл кем емес. Райжанға сыйлықтың ең мықтысын, ғажабын әпереді.

Қауынбай орнынан шапшаң да ширақ тұрды. Асығыс киініп тысқа шықты. Міне, әмбебап дүкен. Не қалайсың, бәрі бар. Тек таңдай біл. О бас-та ойланбаған екен, не аларын білмей қиналды. Үйге қайтып Райжанмен ақылдасса қайтеді. Жо-жоқ, онда қызық болмайтын сияқты. Нартәуекел. Көкшіл көйлектен көз алмай біраз тұрды. Сатушы сары қыз да байқап қалғандай. Өзі жалғап алған ұзын кірпігін жиі қағады екен. Үрдің қызындай сүйкімді-ақ. Күлімсіреп:

-Көке, қалағаныңызды айтыңыз. Көрсетейін,-деді.

-Көкшіл көйлек…

-Таңдай біледі екенсіз. Сыйлық ретінде алуға болады.

Қазіргі жастарға таң қалып, таңдай қақпасқа амалың жоқ. Ойын оқып тұрғандай айтуын қарашы. Сәл-пәл қысылған Қауынбай дұрыс, бұрысына қарамастан есептесіп, көйлекті алды. Үлкен бір іс біткендей үйіне үкідей ұшты. Ұл, қыздары мектептен  келе қоймапты. Жары жалғыз екен.

-Ертең Жаңа жыл, мерекең ғой. Мен саған сыйлық әкелдім,-деді пакетті ұсынып.

Құдай қосқан қосағының отыз бес жылдан бері аузынан сыйлық деген сөзді тұңғыш рет естіген Райжан тосылып қалды. Сенерін, не сенбесін білмеді. Пакетті ашып қалғанда көк көйлек көлбеп түсті. Көңілденіп кеткен Райжан:

-Рахмет жаным,-деп бетінен шөп еткізіп сүйіп алғанда Қауынбай қуанып әрі ұялып қалды.

Темірлан Әбілдаев,

ардагер журналист

адамдықтың белгісі

Жас буынның бойына рухани адамгершілік қасиеттерді ұялату, сонымен қатар  шыншыл, қайырымды болуға баулу  мақсатында Жаңатас көпсалалы колледжінде «Адалдық, парасаттылық – адамдықтың белгісі» тақырыбында дәріс сағаты ұйымдастырылды.

Шараға директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Д.Коданов, «Саналы ұрпақ» студенттік клубының жетекшісі, өндірістік оқыту шебері Ғ.Жұмабаев және колледж студенттері қатысты. Сөз алған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Д.Коданов  студент жастарды  белсенді, шыншыл, оқуда озат болуға, бірін — бірі сыйлап, мейіріммен қарауға шақырды. Бізге ақылдылықты, адалдықты, қарапайым — кішіпейілділікті, инабаттылықты, шыншылдықты үлкендер үйретеді. Ол — біздің ата — анамыз, ақсүтін бере отырып, ана тілімен үйретеді. Біз оны түсініп, ата — баба салт, әдеттерін үйренеміз. Адам болатын адамгершілігі бар бала — барлық жақсы қасиеттерді үйреніп, жаман мінез әдеттерден, ұнамсыз қылықтардан аулақ болуға тырысуы керек. Адамның адамгершілік, адалдық, саналылық дәрежесі – оның тәртібі мен іс — әрекетін анықтайтыны әлдеқашан дәлелденген.

Н.Шалгинбаева, Жаңатас көпсалалы колледжінің жастар ісі жөніндегі инспекторы

Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз

Кітап — білім бұлағы. Кітап — білімнің қайнар көзі. Кітап қана дәл мәнді білім береді, себебі ол адамды терең ойлауға жетелейді. Әр адам кітаптың бетін ашқан сайын оның әлемінің тылсым табиғатын, жаңа құндылықтарын үйренеді.

«Наданмен дос болғанша, кітаппен дос бол» деген ұлағат текке айтылмаған. Кітап оқыған адамның шетте қалмасы анық. Қазіргі замандағы техниканың дамуына байланыс-ты «кітапханалардың болашағы жоқ» деген сөздің қисыны келмейді. Себебі біздің білім ошағымызда  білім алушылардың  кітап оқуға деген құлшыныстарының жоғары екенін дәлелдей түсті.

Осы орайда, жақында Абылай хан атындағы мектеп-лицейінде «Оқуға құштар мектеп», » Балалар кітапханасы»  жобалары аясында  Абылай хан атындағы мектеп-лицейі оқушыларының қысқы демалыс күндерін тиімді пайдалану аясында «Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз » тақырыбында кітап оқу сағаттары ұйымдастырылды. Іс- шараның мақсаты:   баланы кітап оқуға көбірек баулу және пайдалы оқу үшін балаларға кітапты қызығып оқуға, дұрыс таңдауына көмектесу.  Кітап — рухани қазына, байлық, өмір айнасы, замана сыры, тарих шежіресі, оқу-тәрбие құралы. Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге » — деп Абай атамыз айтқандай, адам баласы үшін кітап — тілсіз тәрбиеші. Шарада балалар үйінде қандай кітап оқитындығын айтып, қызықты сәттерімен бөлісті.

Р.Уксикбаева,    Абылай хан  мектеп-лицейінің кітапхана меңгерушісі

Мереке күнгі қуаныш

Қазақстан барлық этностардың өзіндік жарқын  болмысы мен бекем бірлігі арасындағы үйлесімділікті сақтап, әлеуметтік-экономикалық дамуды нығайта отырып, қарыштап алға басып келеді. Рождество күні барша христиандар шіркеулер мен ғибадатханаларға барып, шоқынады, мерекені өзіндік сән-салтанатпен атап өтеді. Батыс елдері бұл мерекені отбасы мерекесі деп есептейді.

Рождество тарихы осыдан екі мың жыл бұрын Мария ананың Иисус-Ғайса пайғамбарды өмірге әкелген күнінен басталған. Міне, содан бері хрис-тиандар 20 ғасыр бойы тойлап келеді. Осы түні дінге сенушілер шіркеуге барып, дұғасын оқып, сол бір жарық жұлдыздың көрінуін күтеді. Сиқырға толы бұл түнде барша христиандықтар бір-бірін құттықтап, жылы сөздерін, игі тілектерін арнайды. Әрине, Рождество мерекесінде әсем безендірілген шырша әр үйдің төрінде орын алады, сыйлықтар мен халықтық серуендер, шыршаны айнала ән салып, би билеу мен карнавалдар да мереке сәні саналады. Осы орайда, апта соңында «Радонеж» орыс қоғамдастығының Жамбыл облысындағы филиалы жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Мороз Галинаның ұйымдастыруымен орыс қоғамдастығы аз қамтылған отбасылардың үйіне барып, аталмыш мерекемен құттықтап,  балаларға сыйлықтар табыс етілді. Игі шараға барлығы 15 бала қамтылды.

Бұрымды ќыз

Жаңатас қалалық аула клубының ұйымдастыруымен қысқы демалыста балалардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Бұрымды қыз» атты топішілік қыздар арасында шаш өрімінен

жарыс болып өтті.

Жарыстың мақсаты: ұлттық құндылығы-мыздың бірі болған шаш өрімін насихаттау.

Жарысқа топтардан шашы ұзын қыздар мен өруге икемі бар қыздар тартылып, түрлі өрімдер ұсынылды. 1-орынды «Балдырған» тобы жеңіп алды. 2-орынды «Тұлпар» тобы иеленді. Ал, 3 -орын ды «Балауса» тобы қанағат тұтты. Жеңімпаздар ұйым-дастырушылар тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды.

Самат Тоқбанов,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.