ЕЛ БОЛЫП ҚОЛДАЙМЫЗ

0

Жылдың алғашқы күнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат берді. Сұхбат барысында Президентіміз елдің жағдайына алаңдаушылық білдіретіндігін айтып, халықтың әл-ауқатын көтеруде бар күшін салатынын жеткізді.

Жан-жақты саланы қамтыған келелі әңгімеде түрлі мәселелер сөз болды. Шешілу жолдары да айтылды. Ол үшін тек қана бірлікпен алға ұмтылып, ел болашағының дамуы үшін бірлесе жұмыс атқаруға шақырды. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз ойыммен бөлісе кетсем, мен Президентіміздің  саясатын қолдаймын. Себебі әлеуметтің әлеуетін көтеруде бірнеше бағдарламалар қабылдап, түрлі жобаларды іске асыруда шаралар қабылдап жатыр. Ұйысқан елдің ұмтылысы жоғары болса біздің алар асуымыз алда болмақ. Бүгінде бейбітшілік құсы көкте самғап ел еңсесін түзеген сәтте халқымыз тұрмысын түзеп бақытты ғұмыр кешіп келеді. Ескі жүйе ұмытылып, Жаңа Қазақстан дәуіріне қадам бастық. Бұл туралы Президентіміз өз сөзінде : — Бір сөзбен айтсақ, ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды деп сеніммен айта аламыз. Мұның еліміз үшін айрықша маңызы бар. Себебі ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. Жұрттың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепіліне айналды. Тоқетерін айтсақ, кері кетуге халықтың өзі жол бермейді және елге жаңа леп әкелген осы өзгерістерді табандылықпен қорғайды. Мен бұған бек сенімдімін, — деді. Ендеше жаңа бағытқа жол бастаған Мемлекет Басшысының саясатын ел болып қолдау көрсететінімізге мен де сенім білдіремін.

П.Дүйсенбин, жазушы

Маңызды сұхбат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатын оқып шықтым.

«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі   Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа «Ал жаңа жылдан не күтесіз? Еліміздің алдында қандай міндеттер тұр?»  деп сұрақ қойған болатын.

Мемлекет басшысы осы сұраққа жан-жақты жауап берді.

— Мен өткен қыркүйектегі Жолдауымда жаңа экономикалық үлгіге көшетінімізді айттым, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мәселесін басты стратегиялық мақсат ретінде белгіледім. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалады.

Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жатқан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз.

Осылайша, биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негізгі бағыт-бағдары бірінші тоқсанда-ақ айқындалады. Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз.Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа.Осындай маңызды оқиғалардан бөлек, күнделікті атқарылуға тиіс жұмыстар да аз емес,-деп жауап берді. Мемлекет басшысының тұшымды жауабын қолдаймын.«Ел боламын десең, бесігінді түзе» деген, сондықтан еліміздің өркендеу жолында аянбай тер төгуіміз керек.  Келешек жастардың қолында. Жастар Отан алдындағы абыройлы міндетін адал атқару тиіс.

И.Баймағамбетов,

аудандық білім бөлімінің

 басшысы

Болашаққа бірге бағдар жасаймыз

Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кез-келген кездесулерде және сұхбаттарда ел болашағына байланыс-ты ойларын тыңғылықты жеткізіп, баяндайды.

Жылдың басында еліміздегі бас-ты төл басылым «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында маған мына сөздері көңілімнен шықты. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбаттың басында: — 2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды, — деп өткен жылдың жетістігін тілге тиек етсе, — Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады.  Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады, — деп алдағы уақытқа нақты жоспарды айқындап көрсетті. Сұхбаттың тағы бір ұнаған тұсы: -Елімізде биліктің іс-әрекетіне жария түрде келіспеушілік білдіруге толық мүмкіндік бар. Азаматтар өзін толғандыратын мәселе туралы ашық айта алады. Мен мемлекеттік органдардан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, қоғамның пікірімен санасуды талап етіп келемін. Елімізде бейбіт жиналыстарды реттейтін демократиялық сипаттағы заң бар.

Жақында петиция­ларды тапсыру және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды, — деп билік пен халықтың арасындағы диалогтың дұрыс болуы керектігін жеткізді. Халықтың үніне құлақ асуды мақсат еткен ел ғана көздеген мақсатына жете алады.

Жалпы сұхбатта бұдан бөлек елдің несие мәселесі, жер мәселесі сынды көптеген ойлар қамтылған. Көтерілген мәселелердің барлығы да алда өз шешімін табарына ел сенеді. Олай болса, игілікті істерде жұмылған жұдырықтай болып жұмыс атқарайық!

И.Домалақов, қала әкімі

Жан-жаќты жауап берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген көлемді сұхбатында Қазақстанда АЭС салу туралы сұраққа жауап берді.

Журналистің «АЭС жасыл энергия саналғанымен, қоғамда бұған қатысты әртүрлі пікір айтылып жүр. Мұндай нысан салу туралы жоспардың геосаяси астары да жоқ емес. Сіздің ұстанымыңыз қандай?» деген сұраққа Президент былай жауап берді:

– Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн. Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды. Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым. Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарламамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы. Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді-деді. Мемлекет басшысы барлық саладағы жаңалықтар мен өткен оқиғаларға түсінік беріп, жақсы анализ жасаған.  Президент соның ішінде Үкімет жұмысының тиімділігіне ерекше тоқталып өтті.

Ж.Жұмаділдаев,

 аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Озық ойлы ұлт боламыз

Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты барысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағдарлары айтылды. Халық болып жылы қабылдаған әңгіме барысында маңызды мәселелер талқыланып, көлемді ақпараттар берілді.

Сонымен алдағы уақытта не өзгеруі мүмкін? Қандай жаңалықтар күтіп тұр? Маған басты әсер еткен жағдай Президент халықтың несиесі туралы алаңдаушылық білдіріп жатқаны. Расында бүгінде несиеге байланып, қиын жағдайды бастан кешіріп жатқан тұрғындар көп. Қарыздарын төлей алмай қалып, несие тарихы бұзылып, есепшоттарында мәселелер пайда болады. Бұл ретте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: — Мен азаматтарымыздың қарыз­ға белшеден батқанына қатты алаң­даймын. Себебі бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым, — деген болатын. Демек, алда жақсы жаңалықтардың болары анық. Ендеше, мемлекеттің қарыштап дамуына аянбай еңбек етіп келе жатқан Президентіміздің саясатын қолдаймын!

Қ.Аукенов, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс

бөлімінің басшысы

өзгерістер қажет

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатын оқып шықтым. Президент кадр  саясатында қандай қағидатқа сүйенетіндігіне тоқталды.

Мемлекет басшысы айтқандай, шын мәнінде мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әрдайым бастамашыл болу керек, нақты ісімен еліне пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет.

Қазір жастардың тәрбиелі әрі оқу-мен білімге ден қоятын уақыты. Мемлекеттік қызметшілер  білімді де білікті және  сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті, арлы адам болуы керек.

Президент кадр саясатында айтқан қағидаттарды басшылыққа ала отырып, еліміздің жарқын болашағы, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында еңбек ете беретін боламыз.

Президент өз сөзінде кадр мәселесінде жастарға сенім артатындығын жеткізді:

— Мен қазақ елінің жастарына сенемін. Сондықтан олардың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын кешенді шаралар қабылданды. Президенттік жастар кадр резерві жасақталды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен кәсіби жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындала бастады.

Саяси реформалар аясында партиялардың сайлау тізімін жасақтағанда және депутат мандатын бөлгенде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін квота енгізілді. Соның нәтижесінде көптеген отаншыл жас Мәжіліс және мәслихат депутаты атанды. Өкілетті билікте жастардың үні жарқын естіле бастады. Осындай нақты қадамдар билік органдарының құрамын жаңартуға тың серпін берді,-деді.

Ендеше мемлекет басшысының саясаты елімізге оң өзгерістер алып келеді деп ойлаймын.

О.Бейсен,  мемлекеттік қызметші

Leave A Reply

Your email address will not be published.