ЖҰМЫСТАРМЕН ТАНЫСТЫ
Бүгінде мемлекеттің кәсіпорын саласы одан әрі жаңғырту, инфрақұрылымдық жобаларды жасау жөніндегі жаңа ауқымды міндеттерін іске асырып жатыр.
Елімізде кәсіпорын саласы табысты дамып келеді және біздің еліміздің экономикалық өсуі мен әл-ауқатының сенімді іргетасына айналған. Еліміздің жарқын болашағын кәсіпорын саласының еңбегінсіз елестету мүмкін емес. Ауданымызда «Қаратау» ТКӨК ЖШС, «ЕвроХим-Тыңайтқыш «ЖШС, «Жаңатас жел электр станциясы», «Соляная компания — Асыл тұз» сынды іргелі кәсіпорындар жұмысын жандандырып, қарыш-таудың қадамын нық басуда.
Қаламыздың инфрақұрылымын дамыту мен қолдау көрсетуде үлесі мол. Ауданымыздағы кәсіпорындар мен зауыттардың жай-күйімен танысу мақсатында аптаның бейсенбісінде Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Дәулетқожа Мамыров ауданымызға іссапармен келіп, зауыттарды аралады. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ж.Сақыпбеков өзі бастап өндіріс ошақтарының жұмыстарымен таныстырды. Сапарды өнеркәсіптік жарылғыш заттарды шығаратын шағын зауыттың жұмыстарымен танысудан бастаған Дәулетқожа Қуанышбекұлы жоспарға сәйкес жұмыстардың атқарылып жатқанын көріп оң бағасын берді. Айта кетейік, шағын зауыт 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Негізінде жарылыс құрылғыларын Алматы қаласынан жеткізетін кәсіпорынның алдағы жоспарлары айқын.
Мұнан соң «ЕвроХим — Қаратау» ЖШС кәсіпорнына барып, екінші кезеңі химиялық кешенінің құрылыс жұмыстарымен таныс-ты. Ауданымыздағы алпауыт кәсіпорынның болашағы жарқын. Екінші кезең бойынша құрылыс біткен соң жұмысшылар күшін арттыратыны белгілі. Сапар барысында Дәулетқожа Қуанышбекұлы иодталған ас тұзын өндіретін «Соляная компания Асыл Тұз» ЖШС -інде болды. Мұнда бірқатар мәселелер баршылық.
Мәселен, тұзды тиімді тасымалдауда теміржол қозғалысын салу қажеттілігі туындайды. Тапсырыстың көптігіне байланысты егер теміржол салынатын болса шығындар қысқарып, тапсырыстарды зауыт басынан тікелей вагондарға тиеуге болады. Сапар соңында қуаттылығы 100 мВт электр энергиясын өндіретін «Жаңатас жел электр станциясы» мен «Шоқпар жел электр станциясында» болып жұмыстарымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын жеткізді.
С.Тоқбанов, «Sarysý»