ТҰҒЫРЫ БИІК ЕЛІМІЗ МӘҢГІ ЖАСАСЫН
Азаттық деген асыл сөз. Тәуелсіздік деген тәтті ұғым. Бұл – кешегі ел үшін егеулі найза қолға алып, ұлтарақтай жер үшін ат үстінен түспеген батыр бабалардан қалған жәдігер сөз. Біз – ғасырлар бойы аңсап, еркіндікке қолы жеткен, арман-мұраты тең өрілген, тайқазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дана халықпыз.
Міне, сол бақыт түндігін ашқан Тәуелсіздік бүгінде халқымызға тәңір сыйлаған құт-берекеге жұғысты болып отыр. Осы жалауы желбіреген бостандықта қазақ халқы асыққанына жетіп, аңсағанын көрді. Өткеннің өкінішін жуып, тарихтың қателігін жөнге келтірген телегей-теңіз тірліктер атқарылды. Тас бұғаудан босанған Тәуелсіздік ұлтының тынысын ашты. Бүгінде Асан қайғы баба іздеген жерұйықтың қайнар бұлағынан сусындаған ұлт болдық. Шаңырағымызға азаттықтың ақ құсы қонған байтақ ел болдық. Ұлт тарихының жылнамасы жаңа дәуірде жаңаша жазыла бастады. Даму мен жаңарудың қиындығы мен қуанышын, жетістіктері мен жеңісті сәттерін бірге көріп келе жатқанымызға, міне, 32 жыл толды. Азаттық шын мәнінде қазақтың ұлттық рухы мен ерік-жігерінде жатыр. Алты алаштың ардақтысы, ұлтының еркіндігін аңсаған Әлихан Бөкейханов өз заманында халқына арнап «Тірі болсақ алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болар!» деп елдік сенімін айтқан екен. Қазақ халқы – күннің шуағымен нұрланып, тал бесіктей тербелген Тәуелсіздігінің бетінен қақпай белін буды, қабағын түсірмей маңдайын ашты, табанын ауыртпай қадамын нықтады. Осылайша, еліміздің тарихи жетістіктері тәуелсіздік жылдары айқын көрініс тапты.
Тәуелсіздік жылдары еліміздің шекарасы бекемделді. Қандай заман болсын, белі майысса да беті ашық, қиындыққа жолықса да жігері жарқын қазақ халқы ертеңі мен кемел келешегіне деген сенімін жоғалтқан жоқ. Біз – ары мен намысы үшін жанын садаға еткен текті халықтың ұрпағымыз. Біз – ата дәстүр жол болған, үлкеннің сөзі жөн болған, алтынды ұнтақ, асылды жұрнақ етпеген халықтың ұрпағымыз. Біз осылайша, өркениет әлемінде егемендігін паш еткен еркін елге айналдық. Тірлікті бірліктен іздеген ұлы бабаларымыздан қалған «Ынтымақ қайда барасың, береке-бірлікке барамын» деген аманат сөз қашанда алдағы өміріміздің басты қағидасы болсын.
Жанат Жұмаділдаев,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
елімнің бақытын
тербеткен тәуелсіздікСонау 15-ғасырда Керей мен Жәнібек тасын қалап, Қазақ хандығы құрылғаннан кейін. Олардың ұрпақтары: Қасым, Тәуке, Тәуекел Хандардың тұсында Қазақ елі іргесі кеңейген еді Орта азиядағы мықты азулы
мемлекетке айналғаны
тарихтан белгілі. 18-ғасырдың басында тұтқиылдан басталған Жоңғар шапқыншылығы мамыражай жатқан тәуелсіз мемлекетіміздің шырқын бұзды. Аз ғана уақытта еліміздің оңтүстік аймақтарын басып алды. Қазақ жері қанға боялды. «Елімайлап» шұбырған жұрттың көші Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұламаға айналды. Міне, осы кезде ел дегенде еңіреп туған ерлер ақ найзасын қолына алып а, құдайлап, атқа қонды. Еліміздің тәуелсіздігі жолында ата жаумен жан аямай шайқасып, қазақ жеріне біржола аластады. Тәуелсіз жолында қаншама көтеріліс қозғалыс, толқулар орын алды десеңші. Атап айтқанда Сырым батыр көтерілісі, Исатай-Махамбет, он жыл бойы Ресей патшалығымен алысқан Кенесары қозғалысы. Кеңес заманында 30-31 жылдары Қазақстанның көптеген аймақтарында болған көтерілістер, Алматыда 1986 жылы Желтоқсанда жастардың алаңға шығуы, осылардың барлығы да тәуелсіздігін армандаған халықтың өктемшіл, отаршыл саясатқа деген қарсы ашу ызадан туындаған еді.
Кешегі Алаш арыстарының да түпкі мақсаты осы тәуелсіздік болатын. Олар осы жолда бастарын бәйгеге тікті. Тәуелсіздік жолында барлығы да құрбан болды. 1986 жылғы Алматыдағы жастардың қозғалысы ғасырлар бойғы бодандықтың сірескен сеңіне сызат түсіріп, уақыт өте келе сол сең сөгіліп, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуелсіздік бізге әрине оңай келе қойған жоқ. Ол өте қымбатқа түсті мыңдаған жандардың жазықсыз қаны төгілді. Қымбатты жастар тұғыры биік Тәуелсіздікті бағалай, қастерлей білейік. «Мен жастарға сенемін»-деп Мағжан аталарың айтқандай Тәуелсіздіктің ғұмыры ұзақ болуы келешек жастардың қолында.
Қасен Төлеутаев,
зейнеткер, Өндіріс ауылы
Елімніѕ еркін жолы
Тәуелсіздік – еліміздің жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі. Бүгінгі күннің жетістіктері осы Тәуелсіздіктің арқасында келді. Отыз екі жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісіне қыруар жұмыстар жасалды.
Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Ата-бабамыз армандаған тәуелсіз күн арайлап атып, көк байрағымыз көкке желбіреді. Жас елдің тарихындағы жаңа дәуір өзінің бастауын Тәуелсіздіктен алады. Сондықтан Тәуелсіздік мерейтойы ерекше мәнге ие. Биылғы айтулы жылды жоғары дәрежеде ұйымдастыру және идеологиялық деңгейге жеткізу міндеті тұр. Ел тарихындағы осындай бірегей белесті толайым табыстармен қарсы алу баршамыз үшін үлкен сын. Тәуелсіздік тойы жалпы халықтық сипатқа ие болып, отандастарымызға айрықша рух беруі керек. Тәуелсіздік тойына әрбір қазақстандық өз үлесін қосуы тиіс. Бүгінгі уақыт – елдіктің, егемендіктің, кемелдену мен келешекке құлаш сермеудің тамаша кезеңіне айналуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, елімізде халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруге қатысты үлкен шаралар қарастырылған, экономиканы индустриялық инновациялық дамыту бойынша жаңа міндеттер қойылған. Осылардың негізінде тәуелсіздік пен тұрақтылықты, келісім мен бейбіт өмірді нығайта түсетін боламыз. Ел Тәуелсіздігінің жылдары ішінде елімізді дүниежүзі танып, Елбасының ерен еңбегінің, сындарлы саясатының арқасында саяси-экономикалық, әлеуметтік табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік алдық. Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы.
Ж.Құлжабекова,
тілдерді оқыту орталығы Сарысу аудандық бөлімше меңгерушісі
Зейінді бала
Алматы қаласында Қазақстан Республикасының «Оқу-ағарту» министрлігінің №514 бұйрығына сүйене отырып «Алтын білім кілті» әдістемелік ғылыми-зерттеу орталығының қолдауымен халықаралық «Zeyindi bala» журналының ұйымдастыруымен «Бояулар құпиясы» атты онлайын конкурсы өтті.
Осы конкурста еліміздің түкпір-түкпірлерінен дарынды оқушылар өз бақтарын сынады.
Ауданымыздың намысын қорғау үшін «Мәдени мұра» бірлестінің «Жас суретші» үйірмесінің жетекшісі Забира Жұмабекованың оқушылары да қатысты. Жарыс нәтижесінде бейнелеу және көркем еңбек бағыты бойынша Наушабек Айым және Дәуітбек Аяла 1-орынды иеленді. Жарыс жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Алтын кїз байќауы
АУДАНдық БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАЛАЛАР-ЖАСӨСПІРІМДЕР ОРТАЛЫҒының бұқаралық бөлім меңгерушісі Н.Ыдрысованың ұйымдастыруымен оқушылар арасында «Алтын күз» байқауы өтті.
Шараның мақсаты-оқушылардың күз табиғатын ерекшеліктері туралы түсінік беру, күзге байланысты астық, көкөніс, жеміс-жидектер туралы білімдерін кеңейту. Алтын күздің адамға берер пайдасын түсіндіру және табиғатты сүюге тәрбиелеу.
Байқауға өнері мен білімі жарасқан балалар қатысып, бақтарын сынады. Шара барысында балалардың қабілеттері шыңдалып, болашаққа деген ойлары сараланды.
Байқаудың нәтижесінде «Мәдени мұра» бірлестігінің «Жас суретші» үйірмесінің жетекшісі Забира Жұмабекованың оқушылары Ашықбек Ерасыл және Науышбек Айым 3-орынмен марапатталды.
«Sarysý-Aqparat»