ЕРІКТІ БОЛУ ЕРЛІК ІС
Әлемге жақсылықтың нұрын шашу-өз қолымызда.
Бұған аудан жастарының «еріктілер болу арқылы алдымен қоғамды сәл де болсын өзгертуге қадам» дегені сөз дәлел. Ақысы қайтпайтын жұмыс деп емес, көп тәжірибе мен керемет адамдармен тіл табыстыратын, жаңа бастамаға апаратын ғажап жол деп ұққан абзал.
Жалпы «волонтерлік іс: латын тілінен енген термин. Мағынасы «voluntarius» — ерікті. Бұл қызметтердің кең ауқымдылығы, ішіне өзара көмектің дәстүрлі пішіндерін және өзіне деген көмектің арттыруы дегенге саяды. Волонтерлікпен айналысатын адамдарды «волонтер» деп атайды. Олар ақысыз, ерікті қоғамдық жұмыс атқаратындарға жатады. Олар алуан түрлі қызмет үлгісін көмек ретіндегі көрсетеді. Көрсетілетін қызмет тегін түрде жүзеге асады. Кез келген адам еркіне қарай волонтер бола алады. Егер өзіңіз немесе серігіңізбен айналадағы қоқысты жинасаңыз, экологиямызға тигізген аз да болса сеп. Демек волонтерлық қызмет – елдің әлеуметтік, мәдени, экономикалық және экологиялық дамуына әсер ететін күш.
Волонтердің еңбегі ақысыз. Волонтерлер – тек альтруистер емес, олар тәжірибе алу үшін, дағдыларды және білімдерді арттыру үшін, дербес қарым-қатынастың қағидаларын білу үшін жұмыс істейді. Көбінесе волонтерлік қызмет – төленетін жұмысқа жол салады, бұл жерде адам өзін жақсы жақтан көрсете алады, өзін әртүрлі қызмет аясында сынап көріп, өмірлік жолын анықтай алады.
Волонтер болу – алдымен қоғамды сәл де болсын өзгертуге қадам. Әр адам өмірден негатив көре бергенше, “менің қолымнан не келеді?” деп сұрақ қойғаны жөн. Күніне бір сағат қоғамға тегін жұмыс істеу — әр адамның азаматтық борышы болуы керек деп ойлаймын. Иә, тегін жұмыс істесеңіз де, кейін жинаған тәжірибеңіз сізге екі еселеніп көмектеседі.
5 желтоқсан – «Халықаралық волонтерлер күні» деп БҰҰ шешіміне сай қабылданған айтулы күн.
Осы мақсатта аудандық мәдениет үйінде «Патриотизм мен қайырымдылық бастауы — волонтерлер» деген атаумен ауданымыздың барша ерікті жастары, белсенді марапатталды. Атап айтар болсақ, Жаңатас көпсалалы колледжінің бір топ еріктілері, ерікті деп танылған ұстаздары, сонымен қатар, «Ең жас волонтер» номинациясымен Нарбай Расул, «Үздік мобилограф» номинациясымен Әбілқасым Нұртілеу, «Белсенді волонтер» номинациясымен Геннадий Сұлтан, «Үлгілі волонтер» номинациясымен Расил Талғат, «Үздік волонтер» номинациясын Өзбек Ерасыл иеленіп, олардың еңбегі еленіп, марапатталды.
Сондай-ақ, мекеменің әлеуметтік желісінде жарияланған «Ерікті болу — ерлік» атты онлайн байқауының жеңімпаздары да елеусіз қалмады. Түрлі қайырымдылық шараларын жастар арасында насихаттау және ерікті болуға әрбірімізді үндейтін бейнероликтер бәйгесінде үздік деп танылған Байқадам, Жаңаталап, Жайылма, Қамқалы ауылдық округінің ерікті жастары мекеменің арнайы Алғыс хаттары және бағалы сыйлықтарымен марапатталса, рухани демалыс жиынының бас себепкері болған «Волонтер» кинофильмін барша қатысушылар тамашалап, жүрек сезімдерінің түбінде тағы да ерікті болуға деген оттары маздағандай болды.
Барша ерікті болуға ниетті жастарға «қатарға қосыл, жас ерікті!» демекпіз!
Назерке Айнабекова,
«Жастар ресурстық орталығы»
КММ-нің ұйымдастыру — бақылау
бөлімінің басшысы