ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК АТАНДЫ

0

Байрақты бәсекелерде топ жарып, спорт саласына сүбелі үлес қосып жүрген  жерлес саңлақтарымыз көп. Олардың жетістігімен ел қашанда мақтанады. Биыл да ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер көп.

Мәселен үстіміздегі жылы аудан спортшылары халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық түрлі сайыстарда 521 медальді жеңіп алып, мәртебені асқақтатты. Тарқатып айтар болсақ, халықаралық жарыстардан  6 алтын, 14 күміс, 15 қола, республикалық  жарыстардан 12 алтын, 24 күміс, 36 қола және облыстық  жарыстардан 43 алтын, 41 күміс, 107 қола медаль иеленді.

Аудандық біріншіліктерде  69 алтын, 57 күміс, 97 қолаға ие болды.

Толағай табыстарға жетіп жүрген спортшыларымыз жуырда тағы бір жағымды жаңалықпен өңір жұртына қуанышты жаңалықты сыйлады.

Қазақ күресінен  ересектер және әйелдер арасында Ақтау қаласында  өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 66 келі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Нұр Аманшүкір қарсылас шақ келтірмей алтын медальді жеңіп алып, 2024 жылы өтетін Әлем чемпионатына жолдаманы иеленсе,Ал, 65 келі салмақ бойынша бағын сынаған  ару қызымыз Асылжан Орынбасарова қола жүлдені еншіледі. Айта кетейік, қос спортшы да Жайылма ауылы  Бөрібек Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінің түлегі. Жаттықтырушылары Манарбек Тоғыманов-тың үздіксіз баптауы мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде спортшыларымыз осындай жетістіктерге жетіп отыр. Нұр мен Асылжан бұған дейін де талай байрақты бәсекелерде оза шауып жүлделі орындарды иеленді. Намысты қолдан бермей биіктен көрініп жүрген спортшыларымызға тек сәттілік тілейміз.

Самат Тоқбанов, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.