ЖҰМЫСТАР САПАЛЫ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС
Қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы ортаны қалыптастыру бүгінгі қоғамның басты талабы. Жемқорлықтың алдын алуда ауданда түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жандандырылуда.
Өткен аптаның жұмасында ауданымызға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Қайрат Байгебаев Оразбекұлы жұмыс сапарымен келіп, бірқатар кездесулер мен қабылдаулар өткізді. Жоспарға сәйкес, әуелі аудандық білім бөлімінің ғимаратында білім саласының қызметкерлері және мектеп директорларымен кездесіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда белсенділік таныту керектігін айтты. Мұнан соң аудандық орталық аурухананың мәжіліс залында аурухана қызметкерлерімен жиын жасап, денсаулық саласындағы жемқорлық әрекетінің түбін жоюдың жолдарын түсіндірді. Сапар барысында аудандық мәдениет үйінде «Бизнеске жол» жобасы аясында аудан кәсіпкерлерін қабылдады. Мәселен, қабылдауға келген жеке кәсіпкер Р.Әшімова мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілетін қайтарымсыз гранттың комиссия мүшелерін сапалы түрде жасақтау қажеттігі туралы ұсынысын білдірді. Өз кезегінде Қайрат Оразбекұлы барлығы заң аясында іске асатынын және ұсыныстың назарда болатындығын айтты. Сондай-ақ, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, заңгерлер, нотариус, сот орындаушы және адвокаттың қатысуымен аудан тұрғындары арасында тегін заңгерлік көмек көрсету акциясы өтті. Түске дейін созылған жиындар мен қабылдауларды қорытындылау мақсатында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Қайрат Байгебаев, аудан әкімінің орынбасарлары, комиссия мүшелері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары және Жаңатас қаласы мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлық» жобасы аясында Сарысу ауданында «Адалдыққа бір қадам» атты жобасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралардың орындалуы туралы аудан әкімі аппаратының басшысы Қ. Рысдәулет, №4 Үлгілік базалық бағыт бойынша атқарылған жұмыстар және «Әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде композицияланған ақпараттық жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық жоспардың орындалуы туралы аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің басшысы Ж. Құдайбергенов, «Сарысу ауданы әкімі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2023 жылға арналған жоспарының орындалуы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарған жұмыстар туралы» аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Г. Алтынбекова, құқық бұзушылық профилактикасы бойынша атқарылған жұмыстар туралы аудандық полиция бөлімі, аудандық орталық аурухана басшылары хабарлама жасады. Комиссияның 2024 жылға арналған жоспары бекітілді.
Комиссия отырысына арнайы қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Қайрат Байгебаев сөз сөйлеп, өзекті мәселеге айналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда жұдырық болып жұмыла жұмыс жасауға шақырды. Жалпы ауданымызда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды қалыптастыратын адалдық алаңы жобалық кеңсесі жұмыс атқаруда. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін жобалық кеңседе жалпы 214 өтініш қаралды. Жалпы өтініштердің басым көпшілігі медицина саласы, үйдің кезегі, әлеуметтік көмек көрсету бағытында болды. Тиісті бөлімдерден аталған өтініштерге байланысты адалдық алаңы қатысуымен тиісті көмектер көрсетілді. Сонымен қатар адалдық алаңы чаты, адалдық елшілері чаты тиісті өтініштерді бірден шешу тәжірибесін қабылдап, жұмыс жасауда.Адалдық алаңы жобалық кеңсе қызметкерлері жыл басынан бері 97 мәрте «Сапалы жол», «Адал фарм» жобасы және мемлекет қаржысынан жүргізілген құрылыс жұмыстарына қоғамдық бақылау, зерделеу, мониторинг жұмыстарын жүргізді. Анықталған кемшіліктер бойынша ұсыныс беріп, орындалуын назарға алып отыр.
Сонымен қатар «ADAL KOMEK», «ANTIKOR LIVE» акциясы аясында 79 тікелей эфир жүргізіліп, мемлекеттік орган басшылары, ауыл әкімдері, депутаттар, заңгерлер, нотариустар, адвокаттар, сот орындаушылары тұрғындарды жиі мазалайтын сұрақтар бойынша консультативтік кеңестер беріп, әлеуметтік желі қолданушыларының сұрақтарына тікелей эфирде жауап берді.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»