КЕЗДЕСУ ӨТКІЗІЛДІ
Жаңатас қаласының әкімі аппаратының мәжіліс залында аудандағы сұйытылған газ сату бекеттерінің иелерімен кездесу өтті. Онда халық тұтынатын сұйытылған газ бағасын тұрақтандыру мен қамтамасыз ету туралы сұраныс білдірді. Кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігі Төрағасының 2022 жылғы 5 шілдедегі №16 бұйрығымен сұйытылған газдың шекті бағасы бекітілгенін және қымбаттатып сату Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 162-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатындығы ескертілді.
Қазақстан Республикасының аумағында автогаз құю станцияларында автокөліктерге сұйытылған мұнай газын бөлшек саудамен өткізу көзделген, ал тұрғын үйге балонға толтыру үшін арнай орын белгіленуі қажет. Бұл төтенше жағдайдың алдын алудың негізгі бағыты. Сондықтан газ сатумен айналысатын тұлғаларға қатаң ескерту айтылды.
Жиын барысында аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, туризм және өнеркәсіп бөлімі басшысы Ж.Сақыпбеков кәсіпкерлерге облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасымен бірлесіп ауданға сұйытылған газ сату мен тапшылығын жою талаптарын жүзеге асыруға шақырды.