БАЛУАНДАР БЕЛДЕСТІ

0

Салауатты өмір салтын қалыптастыру адамға дұрыс өмірді сыйлап қана қоймай жаныңа сергекті серік етуге қосатын үлесі мол. Әрі жетістіктер мен жеңістерге апаратын спорт саласының кеңінен таралған түрінің бірі — грек-рим күресі. ауданымызда мықты спорт мамандары шыққан солардың бірі-Спорт және денсаулық сақтау саласының ардагері болған Тұрар Мысықбаев спортты жанынан тастамай, салауатты өмір салтын ұстануға қажырлы күш жұмсап, елеулі еңбек сіңірді.

Ардагер спортшы ұзақ қашықтыққа жүгіретін марафон жарыстарының жеңімпазы болды. Ол кісінің Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойына Жаңатас қаласынан Таразға дейін 180 шақырымнан аса жолмен жүгіргенін ел әлі айтып келеді.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында қараша айының 9-11 жұлдызы аралығында Жаңатас қаласында Сарысу ауданының Құрметті азаматы, спорт ардагері Тұрар Мысықбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен 2009-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі ашық Республикалық  турнир өтті. Республикалық турнирге Өзбекстан Республикасынан, Түркістан облысынан, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда, Тараз қалаларынан және Жамбыл, Байзақ, Меркі, Сарысу аудандарынан бағы мен бабы келіскен 500-ге жуық балуандар қатысты. Сайыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Қ.Серимов, облыс әкімдігінің білім басқармасының ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының басшысы А.Жартыбаев және жарыстың бас демеушісі, Тұрар Мысықбаевтың ұлы Қ.Тұрарұлы сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығына тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Турнирдің қорытындысы бойынша әр түрлі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Солардың ішінде Жаңатас қаласынан қатысқан бірқатар балуандар жүзден жүйрік шығып, жеңісті орындарға ие болды. Атап айтсақ, 1- орынды Мейірхан Аймахан, 2 -орынды Ернұр Шалқар және 3 -орынды Ибрагим Мельдебек пен Қуаныш  Тұрсынбек  жеңіп алды. Сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар, медальдар мен қаржылай сыйлықтар тапсырылды.

Самат Тоқбанов, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.