КРЕДИТІ БАР ҚЫЗ
Қауынбай орталық көшеден үйіне сіркесі су көтермей көңілсіз қайтты. Алақандай ауыл ішінде гу-гу әңгіме жел тиген өрттей өршіп тұр. Екінің бірінің аузындағы жел сөздерді ұната қойған жоқ. Жол-жөнекей алып-сатар шикіл сары Әлиасқардың құрқылтайдың ұясындай үйіне жабыстыра құрылыс жүргізіп ашқан дүкеніне соқты. Насыбай алмақ болған. Жеке кәсіпкер атанған Әлиасқардың қара қатыны екі-үш әйелге серіппедей серпіліп, әңгіменің майын ағызып тұр екен.
-Құдайға шүкір, тәуба. Төрт құбыламыз түгел. Ешкімнен кем емеспіз. Көштің алдындамыз. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Құдай қосқан құдалардың ортасында жорға да, дорба да жүріп жатыр. Қыздың өлтірісі 9000 доллардан асты. Бізге бәрібір. Ішпегеніміз алдымызда, ішкеніміз арт… Бәрінен де ұлын үйлендіре, қызын ұзата алмағандарға обал-ақ. Жанымыз ашиды. Құдай қосқан қариям Әлиасқар екеуміз қысылып келген ағайын болса көмек қолын созуға әзір отырмыз…
Қауынбай дүкеннен күйініп шықты. Тотияйын түсті насыбайды алақанына молдау салып, ерніне лақтырды. Қара қатынның сөзі өзіне оқ боп атылғандай сезінді. Ұлдың үйленбеуі жанын жабырқатып жіберді.
Қаз ашуын тырнадан алады. Келе пеш түбінде жайбарақат жүн түтіп отырған әйеліне ұрынды.
-Бұл дүниеде не болып жатқанынан еш хабарың жоқ. Жерге жабысып қалғандай жалпиып отырғаннан басқаны білмейсің. Қалыңмалдың көтерілгенін естідің бе сен, қатын?
Әйелдің жауабы әзір екен.
-Көтеріле берсін. Онда менің шаруам қанша?-деді күлім қағып.
Алқымын ашу қысқан Қауынбай зілдене, тістене сөйледі.
-Өй, сен қатын несіне жетісіп күлесің? Есің дұрыс па, өзі? Өмірдің көшінен қалған екенсің. Ұлыңның жүрісі анау, екі қолын алдына сыйғыза алмай. Отау тігіп, үй-жай болайын, әке-шешемді қуантайын, немере сүйгізейін деген ой қаперіне кіріп шықпайды. Бәріне сен кінәлісің. Қолдың кірі бар кезде аяқтандырып алайық деп зар иледім. Қарты бар үйдің, қазынасы бар. Жанайқайымды құлағыңа ілдің бе? «Ойбай, балам әлі жас. 24-ке енді келді. 25-ке толсын. Оң мен солын танысын. Отызында үйленсе де кештік етпейді. Аузыңды абайлап ашып, жапсаң қайтеді. Тіптен баламның алатын қызы әлі туған жоқ» деп бөстің-ау. Көзкөрген замандас ала көз Дауылбайдың қызын келін етейік дедім. Бас білмеген байталдай ер-тоқымыңды бауырыңа алып туладың. Ұлыма пар емес. Бір көзі қылилау, кірпігі қысқа деп біреудің әлпештеген қызын кемсіттің. Онда ана қауақбас Әбутәліптің оң жақта отырған қызын алсын деп ем. Танауы тәмпіш, ерні жалпақ, сүйіп қосылмаса махаббаттары баянсыз болады деп қиғылық салдың. Барып тұрған санасыз ақымақсың-ау. Әйтпесе, махаббат, сахаббатта сенің шаруаң қанша. Ата-бабаларымыз бесік құда болып-ақ ұрпақтарын бақытты еткен жоқ па? Бәрін бүлдіріп, кері тартып жүрген сен. Күйдіргісің. Мұрнынан есек құрт түскен шикіл сары Әлиасқардың кәмерсант қара қатыны қыздың өлтірісі 9000 доллардан асты. Ұлын үйлендіре, қызын ұзата алмағандарға обал-ақ деп қара аспанды суға алып тұр бағана.
Шыдамның да шегі бар. Қатирашқа да тіл бітті.
-Қаладан «оптым» әкелген затын үш есе пұлдап, кісі ақысын жеген Әлиасқардың қара қатыны екі дүниеде оңбайды. Жегені желкесінен шықсын. Ақырзаман соның басына келсін. Құдай қосқан қосағыңа, бауыр етің балаңа тіл тигізіп күнәға батпа, отағасы. Шүкір, ел аман, жұрт тыныш. Баламыз бұйрық болып, сәтін салған күні үйленер. 8 наурыз күні үйленемін, әкемді қуантамын деп отыр.
Әйелінен табанасты салмақты сөз, қуанышты хабар күтпеген Қауынбай сең соққан балықтай тосылып қалды. Оның үстіне ұлының «Үйленемін, әкемді қуантамын» деген сөзінен етжүрегі елжіреп кетті.
Қатираш әңгімесін қайта сабақтады.
-Жүздесіп, сырласып жүрген қызы екеуміз қосылсақ бақытты боламыз. Бірақ, мойнымда жарты миллион кредитім бар. Папаң мен мамаң қарсы болатын шығар деп жылап жіберіпті.
Айтымы мен қайтымы тез Қауынбай қойдай жуасып қалды.
-Япыр-ай, орманды елдің ішінде кредиті жоқ қыз болмай қалып па?-деді күмілжіп.
-«Бірі кем дүние» деген осы, қария. Ештеңе етпейді. Елдің ішінде, аузын ашса жүрегі, алақанын ашса ақшасы көрінген ағайынның ортасындамыз. «Егіз қозы туса, бір түп жусан артық бітеді», «Өзің емес, өзіңді сүйгенді ал» деген бабаларымыз. Келін балаңды сүйсе бақытты болады.
Қауынбайдың аузына құм құйылды. Көңілі толқып, нарқоспақ түйесін, арқыраған айғырын, сүзеген бұқасын, отыз шақты ұсақ тұяғын ақбас Тәуекелдің «КамАЗ»-ына тиеп, Қарабұлақтың базарына пұлдады. Өмірдің гүлі мен нұры әйелдер мерекесі күні кредиті бар қыз ақ босаға аттады. Келін боп көпшілікке иіліп сәлем жасады.
Шаңырақтарын шаттық кернеп, көптен күткен қуаныштан бастары айналған Қауынбай мен Қатираш естерінен танып қала жаздады.
Құрдастың Қалжыңы
Қауынбай қатты қапаланды. Тәуекел досына қарны ашты. Өкпесі қара қазанның түп күйесіндей болды. Отыз жылдан асқан достықтың мөлдір сезіміне қылау түсті. Соңғы кездесу есіне түссе зығырданы қайнап, қаны қараяды. Жас келді ме, әлде «нервісі» жұқарды ма кім білсін. Кейінгі кезде кезерген ернін кетік тісімен шайнап, күбірлеп сөйлейтінді шығарды. «Енді көрмеймін. Желкемнің шұқыры көрсін. Бүйткен досы құрысын. Ақша, дүниеден өлген сормаңдай жарымес. Сонша пейілі тарылып. Қарызға бір қап ұн берсе тағынан таятындай. Дурак, доңыз жылы туған есалаң. Астапралла мен де доңыз жылы туған екем ғой».
Қауынбайдың өкпесі мен қанын қарайтқан оқиға өтпелі кезеңнің өкпек желі өкіріп тұрған тұста болған еді. Кеңес өкіметі құлады. Кеңшардың көк трәктірлерін дарылдатып күн-көріс жасап жүрген Қауынбай мен Тәуекел жұмыссыз қалды. Әйел ерге, ер жерге қараған күн туды. Жасынан еті тірі, қызынып сөйлегенде аузынан түкірігі шашырайтын Тәуекел пысықтық танытты. Тірнектеп жинаған мал-жанын «срочно» сатты да дүкен ашты. Қыздай қосылған қосағын құрмет тұтты. Дүкен маңдайшасына әйелінің атын айшықтап «Аршакүл» деп жаздырды. Ағайын шіркін күншіл. «Ұяттағы, онысы несі. Ұл-қыздары бар емес пе? Маңдай әжімі бес елі «не красивый» әйелінің атын қойып…» деп күңкілдесті. Тәуекел көпке топырақ шашқан жоқ. Қолын құлаштай сермеді. Күбірлеп сөйлеп, қара жерге шырт түкірді. «Шорту, іштері күйсе тұз жаласын».
Қарапайым Қауынбай қысыла бастады. Қолдың қысқалығы білінді. Құдайдың топырлатып бере салған тоғыз қара домалағын асырау, күнкөріс жайы алаңдата түсті. Қауынбай жатқа жақ ашпай іштей күйінді. Әйелін жазғырды. «Райхан да тоқтамай туа берген екен. Тоқтат деп мен де айтпаппын. Өзінің күйіп тұрған қымбатшылықпен түк ісі жоқ. Енді бір бала туам. Артық, кемі жоқ он болсын деді. Енді мынау, айы-күні жетіп, үйдің қат-қабат шаруасынан қалып. УЗИ-ге түскен екен. Ұл бопты. Тәңір жарылқап аман-есен босанса атын Кенжетай қоямыз. Сонымен тоқтаймыз. Енді айтқанын істесем Қауынбай атым өшсін.».
Соңғы екі жылда Тәуекелдің аты алақандай ауыл ішінде аспандап кетті. «Тәуекел коммерсант», «Теңгемен де, доллармен де процент береді», «Әйеліне ай сайын алты көйлек әпереді екен», «Бұрынғы трәктір айдаған Тәуекел емес, кісілік көрсетеді», «Шіркін, баршылық-ай» деген қауесет сөздер құйын қуған желдей есілді. Тәуекелдің «коммерсант» болғанына жүрегі жарылардай қуанғанның бірі Қауынбай еді. «Дұрыс бопты. Досым жарады. Қысылсақ бара жатармыз» деп іштей риза боп жүрді.
Құдайдың күні көп. Аяғы ауырлаған Райхан ертеңгісін жоқшылықты құлаққағыс етті.
-Жүріп-тұруым қиындап барады. Үйде екі-үш ашытатын ұн қалды. Өзің әрекет етерсің.
Қауынбай сары уайымға салынған жоқ. Қартайған көк есектің жауыр арқасына ер салды. Тепеңдетіп Тәуекелдің үйіне жетті. Коммерсант досы дүкен ішінде газетке шұқшиып сөзжұмбақ шешіп отыр екен. Көптен көрмеген Қауынбай сағыныш сезімін сездіріп құшағын жая ұмтылды. Досы тосын мінез танытты. «Страшны» салқын амандасты. Қауынбайдың лүпіл қағысы баяулаған осал жүрегі шым етті. Тіксініп қалды.
-Таң атпай жүріпсің,-деді Тәуекел сыздана сөйлеп.
Көңіл күйі сілтідей бұзылса да Қауынбай қиналып келгенін жасыра алмады. Сөздерін де үзіп-жұлқып әзер айтты.
-Қарызға… бір қап ұн… Өзіңді өзімсініп… Дос деп келдім.
Тәуекел жылы шырай танытпады. Жауабын да тез қайтарды.
-Бере алмаймын. Қарыз болған «табардың» ақшасы айналымға түспейді. «Крезиіс, бәнкрөтқа» ұшыратады,-деді.
Табанасты «дәвлениесі» көтерілген Қауынбай қайтып сөзге келмеді. Жауар күндей түнеріп далаға шықты. Кәрі есегі ақырып тұр екен. Ашуын содан алды. Қақ маңдайынан қамшымен тартып жіберіп үнін өшірді. «Кәрі қақпас, сонша өкіріп. Енді Тәуекел маған дос емес. Көрсем көзім шықсын. Есіл-дерті ақша, дүние болған қауақ бас. Сегіз класты әзер бітіріп еді. Ұяттағы-ай. Сауаты бар адамдай сөзжұмбақ шешкен боп отыр. Өзінше кісі болғандағысы ғой. Әдіре қал. Басқа білмесе де менен ұялсайшы. Үш жыл қатарынан мәтемәтикадан күзгі сынға қалып ең ғой. Ой, сұмдық-ай. Орысша сөйлейтін бопты. Крезіс, бәнкрөт дейді. Жарасса бұйырмасын».
Қауынбай көп күн бойы жарылатын сыздауықтай сыздап жүрді. Бұл кезде Тәуекелдің де сіркесі су көтермей «кришасы» біртүрлі боп кеткен еді. Қатты өкінді. Бармағын шайнады. «Ұят болды-ау. Ақымақ екем. Өзіңді өзімсініп, дос деп келдім деді емес пе. Әйелінің аяғы ауыр. Тоғыз баласы бар. Бір қап ұнды қарызсыз-ақ бере салғанымда ғой. Досым жер-көкке сыймай кететін еді» деп қинала күрсінді. Ең соңында «Дәмге шақырайын, кешірім сұрайын» деген оймақтай ой түйді.
Көңілі қатты қалған екен. Қауынбай шақырған дәмге келмеді. «Әуре болмай-ақ қойсын. Біздің арамызда достық жоқ» деген жүрекке ауыр тиетін дұғай сәлем жолдапты. Тәуекелдің жігері құм болды. Салы суға кетті. Өстіп діңкесі құрып жүргенде Наурыз мерекесі де кеп қалды. Ескі жылдың соңғы күні тұмау тиіп мұрттай ұшты. Төсекке құлады. Өз жөтеліне жиі-жиі шашалған Тәуекелдің шақша басына сұмдық ой келсін. «Тұмау дұрыс келді. Сәтін салды деген осы. Қауынбай құрдасты қатырайын. Қатты ауырып о дүниеге жүргелі жатыр. Үзір-мүзір айтысайық. Тез жетсін деп хабар бергізейін»
Достарын сағынған Аршакүл күлім қағып Қауынбайдың үйіне телефон қоңырауын шалды. Күйеуінің сөзін қаз-қалпында жеткізді. Суыт хабарды естіген аңқау мінезді Қауынбай кідірген жоқ. Барғаным дұрыс деп шешті.
Қауынбай босаға аттап, бөлмеге бас сұққанда Тәуекел теріс қарап қара терге малшынып рахаттанып жатыр еді. Тізе бүккен Қауынбай досының қолынан ұстап:
-Тәуке, қалайсың?,-деді.
Жауап болмады.
-Кешір, досым,-деді Қауынбай толқи сөйлеп,-Мен ұнды басқа біреуден алдым. Ешкім аштан өліп жатқан жоқ. Мен өкпемді кештім. Сен өлмеші. Ертең наурыз мейрамы. Жаңа жыл… Басқа не айтам..
Тәуекел күлкіден қысылып өліп кете жаздады. Одан әрі шыдауға дәрмені жетпеді. Орнынан атып тұрып досына құшағын жая ұмтылды. Бір жылғы төлдер, дос-құрдастар күн мен түн теңескен Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі кешін осылайша қалжыңмен қарсы алған еді.
Темірлан Әбілдаев,
ардагер журналист