КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Аптаның сейсенбісінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкмідігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.
Жиынға облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Е.Байболат, аудан әкімі С.Мамытов, ҰҚК, аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімінің өкілдері, мекеме және бөлім басшылары және комиссия мүшелері қатысты. Күн тәртібінде бір мәселе бойынша 3 баяндамашы есеп берді. «Аудандық полиция бөлімі тарапынан құқық бұзушылық профилактикасы бойынша атқарған жұмыстардың есебі туралы» аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қанат Нарбеков, «Аудандық білім беру ұйымдарында құқық бұзушылық профилактикасы бойынша атқарылған жұмыстар туралы» аудандық білім бөлімінің басшысы И.Баймағамбетов, «Жаңатас қаласында құқық бұзушылық профилактикасы бойынша атқарылған жұмыстар туралы» Жаңатас қаласының әкімі И.Домалақов есеп берді. Жалпы аудан бойынша құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан бойынша прокуратура, полиция мен білім саласы қызметкерлерінің және әкімшілік мамандарының 42 өкілінен 6 мобильдік топтар құрылған. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, аудан аумағында көпшілік шоғырланатын орындарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы әлеуметтік желілерде кеңінен таралуда.
Жиында облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Е.Байболат сөз сөйлеп, құқық бұзушылықтың алдын алуды жан-жақты қолға алу керектігін айтты. Комиссия отырысында көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Жиын барысында қатысушылар сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптарын алды.
С.тоқбанов,
«Sarysý»