Жер дауы неден туындайды?
Жеке, заңды тұлғалар арасында жер телімін пайдалануға байланысты даулар саны соңғы кездері көбейіп бара жатыр.
Даулардың алдын алу, осы жөнінде тұрғындарға кеңірек түсінік беру мақсатында аудандық соттың судьясы Д.Кадерқұлқызымен сұхбаттасып, оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
-Жеке, заңды тұлғалар арасында жер телімін пайдалануға байланысты даулар саны соңғы кездері көбейіп бара жатыр. Соның ішінде ең көп қаралатыны жер учаскесіне меншік құқығын беру туралы даулар. Бұл даулардың басты себебі неде?
-Сотқа жүгінуші тараптардың жер туралы заң қағидаттары мен өз міндеттерін әлі де толық біле бермейтіндігі десек асыра айтқандық емес.
Мысалы И. есімді азамат әкімнің жер беру құқығынан айыру туралы әкімнің қаулысын заңсыз деп тануды, қолайлы әкімшілік акт шығаруды сұраған. Жауапкердің уәжі – әкімнің азамат И.-ға жер беру құқығынан бас тартуы туралы қаулысы заңды, себебі И. жер беру туралы арызды Жер кодексінің 43-бабы негізінде берген, бірақ арыз Жер кодексінің 44-1-бабы негізінде берілуі тиіс еді, сондықтан сұратылған жер учаскесін беруден бас тарту туралы әкімнің қаулысы заңды шығарылған.
АППК-ның 20-бабында әкімшілік орган, лауазымды адам, жолданымдарды қабылдайды және тіркейді, оларды және оларға қоса берілген құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдеседі, формальды қателерді жоюға және қоса берілетін құжаттарды толықтыруға мүмкіндік береді.
АППК-ның 64-бабының 4,6-баптарына сәйкес, жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйелер бойынша Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жолданымдар осы кодексте белгіленген тәртіппен қаралуға жатады. Жолданым осы кодекстегі 63-бапта белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесіне өтініші қандай талаптарға сай келмейтінін көрсетеді. Бұндай жағдайда, әкімшілік орган арыз беруші азамат И.-дың арызы Жер кодексінің 44-1-бабының талабына сәйкес келмегендіктен, арыз иесіне көмектесіп, оны талаптарға сәйкестендіру үшін ақылға қонымды мерзімді белгілеуі қажет еді. Әкімшілік орган арыз иесіне көмектеспеген. Сондықтан, сот дауланып отырған әкімнің қаулысын заңсыз деп таныған.
-Болашақта жер телімін алып, пайдаланам деушілер неге жетік мән бергені дұрыс?
-Жер кодексінің 43, 44-1-баптарында қарастырылған мән-жайларды жетік білген дұрыс. Біріншіден, жер теліміне тиісті құқыққа ие болу үшін әуелі ол жайында жеке азамат мемлекеттік органға өтініш беруі керек. Содан кейін жер учаскесін алдын ала таңдайды. Келесі кезекте жерге орналастыру жобасын әзірлеу және бекіту жүзеге асады. Ол біткеннен кейін жер теліміне ие болуға құқық беру туралы атқарушы органның шешімі шығарылады. Шешімнен соң жер телімінің шекарасын белгілеу анықталып, жер теліміне ие болу құқығын куәландыратын құжаттарды дайындау және беру жүзеге асады. Ең соңында барып берілген жер телімін құқықтық мемлекеттік тіркеуден өткізу орындалады. Жергілікті атқарушы органның жер теліміне тиісті құқықтарды табыстау жөніндегі шешімі жерге орналастыру жобасы негізінде жүзеге асырылады. Өтініш берушіге шешім қабылданған соң жер теліміне меншік құқығын немесе жер пайдалану құқығын табыстау туралы шешімнің көшірмесі тапсырылады. Мұның барлығы ыждағаттылықты, ұқыптылықты, жауапкершілікті талап етеді.
-Жер телімдеріне құқық табыстау туралы жергілікті атқарушы орган шешімінің жобасында нелер көрсетілу керек?
-Жерге құқығы табысталатын заңды немесе жеке тұлғаның атауы, жер телімінің нысаналы мақсаты, оның көлемі, жерге деген құқықтардың түрлері, ауыртпалықтар, (сервитуттар), жер телімі төлемелі ақыға берілген жағдайда жер телімін немесе жер пайдалану құқығын сатып алу бағасы, соған қатысты жер телімін сатып алу-сату шарттарын жасаудың мерзімі мен шарттары және өзге де шарттар түгелдей көрсетілуі керек.
-Қандай шағымдар сот шешімімен қанағаттандырылмайды?
-Егер де сотқа жүгінуші тарап берілген жерді уақытында және нысаналы мақсатта пайдаланбаса, құжаттары заң талаптарына сәйкес заңдастырылмаса, мемлекеттік акт алынбаса және ол құжаттар дер кезінде тіркеу органдарынан өтпесе, ондай шағымдар сот шешімімен қанағаттандырылмайды.
Тағы бір айта кететін мәселе, кейбір жер алушылар өздерінің жерге деген құқықтарын дер кезінде заңдастырмайды. Енді ол жерді уақытысында пайдаланбау себебінен екінші адамға бергенде, «бұл менің жерім» деп дауласады. Жер берілген екінші адам сол күннен бастап ол жерде құрылыс жұмысын жүргізеді. Әрі жерді заң талабына сай өз атына заңдастырып алады. Құжаты толық жасақталған мұндай жер учаскелерін мәжбүрлеп қайтаруға заң бойынша жол берілмейді. Себебі, жер телімін бірінші алған адам ол жерді уақытында мақсатты игермегендіктен жер пайдалану құқығынан айырылады.
Бір жылдары округ, қала әкімдерінің шешімімен азаматтарға тұрғын үй салу үшін жерлер бөлініп берілгенін бәріміз де жақсы білеміз. Бірақ жер алған азаматтар жергілікті жер комитетінен акт алмаған, сол себепті ол жерлер тіркеу орындарынан өткізілмеген. Дер кезінде нысаналы мақсатта пайдаланылмаған ол жерлер жер комитетінің есебіне бос жер ретінде қайтадан кіреді. Кейін кезегі келген басқа азаматтарға беріледі. Содан бастап екі жақтың арасында дау туындайды. Дауласушылар әділдігін іздеп сотқа жүгінеді. Мұндай талап арыздардағы азаматтарға берілген жер учаскелері уақытында және нысаналы мақсатта пайдаланылмаса, заң талаптарына сәйкес заңдастырылмаса ол жерлер мемлекеттік акт алынбағандықтан және құжаттары тіркеу органдарынан өтпегендіктен сот шешімімен қанағаттандырылмайды.
Көріп отырғанымыздай, заңсыз қабылданған құзырлы орган шешімдері сот қаулыларымен бұзылып, азаматтардың құқықтары сотпен қалпына келтіріледі. Мұндай келеңсіздіктерді болашақта болдырмау үшін азаматтарымыз өз құқықтарын жақсы білуі тиіс. Сол арқылы олар жергілікті басқару органдарындағы шенеуніктерден заң талаптарының дұрыс орындалуын талап ете алады. Айта кету керек, Қазақстанда жерге мемлекеттік меншікке және жеке меншікке құқықтық қатынастар қатар жүреді және олар заң бойынша бірдей қорғалады.
Азаматтарымыз жер туралы заңдардың қағидаттары мен өздерінің міндеттерін жете біліп, құқықтық құжаттардың қажеттілігін толықтай қамтамасыз етсе, жерді өз меншігіне алуда заңсыздыққа жол берілмейді әрі орынсыз дауға түспейді деген ойдамын.
Сіздің берген сұхбатыңыздан халық өздеріне керекті ақпарат алады деген ойдамын.
Сұхбатыңызға рақмет!