Түлектер тартуы
Биыл да түлектер ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде дерлік қайырымдылық жасап, ауылдастарының алғысын алуда. Досбол ауылында «Туған жерге тағзым-перзенттік парыз» -дәл осындай атаумен Досбол орта мектебінде түлектермен кездесу кеші өтті. Сонау 1960-1970 жылдары арман қуып, үлкен өмірге аттанған түлектер алтын ұя мекендеріне атбасын тіреді. Киелі де, қасиетті Досбол ауылында білім алған, бүгінгі таңда адал еңбегінің арқасында ел мақтанышына айналған Өмірхан Байдарбеков, Зина Әбдірахманова, Батырбек, Болат, Сағатбек Құлекеевтер, Ыбрахым Жұмаділов, Құрманғазы Құлымқұлов, Шайдіхан Жұмабеков және Махамбетов Берік, Сапарбеков Жаппарлар білім ордасына қомақты қаражат көлемінде музыкалық аппаратты сыйға тартты. Жас өрендерге қуаныш сыйлап, елдің алғысына бөленді. Сонымен бірге Тараз қаласынан келген өнерпаздар әннен шашу шашып, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сондай-ақ Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің әр жылдары бітірген түлектері кездесіп, өздерінің сый-құрметтерін алтын ұя мектебіне ерекше ықыластарын білдіріп, мектептің сәнін кіргізіп тұратын құмырадағы гүлдерді сыйлады.
Аудандық мәслихат депутаты Ғабит Искенов өз сөзінде :
-Қара шаңырақ, білім мен ғылымның ордасы Абылай хан атындағы мектеп-лицейін бітіргенімізге ұзақ жыл толып отыр. Сынаптай сырғып өткен уақыттың жүйріктігіне қарап таң боласың?!…Арман аясында, межелі мақсат жолында сан тарапқа аттанған біздер бүгінде түрлі салаларды нәтижелі жұмыстар жасап жатырмыз. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуы жолында білім беру, денсаулық сақтау, өнер, әскери іс, жеке кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында табыс-ты қызметтер атқарып, бедел биігінен көрініп жүрміз. Қазақ даналығында «Жақсы істің басына, жақсы келер қасына» деген қанатты сөз бар. Осындай жұмыстардың жүйелі жүзеге асуына атсалысқан барша түлектерге алғысым шексіз,-деді. Ауданымыздың өсіп- өркендеуіне үлкен үлес қосып жүрген, ет жүрегі туған жерім деп соғатын асыл азаматтарға ел -жұрты дән риза.
С. Есқараев,
«Sarysý»