Аудан тойы дүркіреп өтті

0

Бағы мен бабы жарасқан, бірлігі мен баянды тірлігі келіскен, қойнауы қазынаға толы Сарысу ауданы 95 жылдықтың баспалдағын аттап, дүркіреген той өткізді.

«Тойдың болғанынан болары қызық» демекші, аталмыш күннің жоғары деңгейде өтілуі үшін аудандық әкімдіктің құрамы өздеріне берілген тиісті тапсырмаларды мүлтіксіз атқарып, мерейлі сәтке дайындыққа күні-түн демей бар күш жігерін арнады. Сонымен аптаның Қасиетті жұмасында айшықты мерекенің алғашқы шаралар легі де бастау алды. Дәл осы күні ауданның орталығы Жаңатас қаласы ажарланып, күн де шайдай ашық болып тұрды. Орталық алаңдағы «Еңбек Ерлері» ал-леясына аудан әкімі Сәкен Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков  келген құрметті қонақтармен бірге гүл қою рәсіміне қатысты. Мерекеге атбасын бұрған меймандардың қатарында Арқадан және облыстан арнайы келген қадірменді қонақтар және ауданға елеулі еңбегі сіңген азаматтар қатысып, ескерткішке гүл қойып, бабалар рухына тағзым жасады. Аллеяда Жаңатас қалалық өнер мектебінің ұжымы күй шертіп, шерлі тарихтың үнінен хабар беріп тұрды.

Мұнан соң қонақтар орталық алаңды бойлай батырлар кейіпкерлері мен қолдарына жалау-шалар ұстаған ерікті жастар қошеметпен  дәліз арқылы аудан-дық мәдениет үйіне шығарып салды. Мәде-ниет үйінің алаңында айтыскер ақын Алик Бекмұсаев мерейлі мерекеге арналған жырын қасиетті домбыраның күмбірімен төкті. Аудандық мәдениет үйінің фойесінде аудандық орталықтандырылған кітап-ханалар жүйесі қызметкерлері кітап көрмесін ұсынып, тарихқа тағылым жасады.

Кітап көрмесімен танысып, мол мағлұмат алған қонақтар сахнаға қарай ойысып, «Сарысуым — жанымның шуағысың, таусылмайтын мәңгілік қуанышың» атты республикалық ақындар айтысын тамашалады. Шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, ауданымыздың жеткен толағай табыстарына тоқталып, айтысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

-Құрметті жерлестер, ардақты ағайын! Биылғы жылы, үлкен өмір жолынан өткен тағдыр-талайы күрделі соқпақтарды артқа тастаған Сарысу ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Сарысу ауданының тарихы оның халқының белсенді еңбегімен, болашаққа деген сенімімен кестеленіп, бедерленіп жазылатындығы ақиқат. Ең бастысы тәуелсіздігіміз тұғырлы, өмір жолымыз ғұмырлы, халқымыздың берекесі мен бірлігі берік, бекем болсын-, деп ізгі тілегін жолдады. Айтыстың бас демеушісі «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директорының орынбасары Құдияр Омаров сөз сөйлеп, жылы лебізін айтты. Аламан айтысқа Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облысынан 12 дүлдүл айтыскерлермен бірге, үлкен сахнаға енді ғана шығып жүрген дарынды ақындар бақ сынасты. Айтысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  ақын Маралтай Райымбекұлы, «Әулиета-Медиа» ЖШС-нің директоры, журналист Оралхан Дәуіт, Жамбыл облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов,  Халықаралық айтыскерлер, жыршы-термешілер одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков,  айтыскер ақын Исақов Айтмұхаммед, айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі Сенбаева Күміс және ақын, мәдениет саласының үздігі Үміт Битенова қазылық етті. Аудан төрінде өткен сөз айтыста ақындар елдің бірлігін, ауданымыздың тарихы мен жаңарудың жолындағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды тілге тиек етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сахнада отырған көпшілік ақындарға дем беріп, шабытпен қамшылады. Қошеметпен арқаланған ақындар дуалы сөздің жебесін дәл тигізіп, жүзден жүйрік атануға барын салды.  Айта кетейік, шараға бас демеушілік жасаған «Қазфосфат» ЖШС-і. Айтыс сүйер қауымның делебесін қоздырып, ерекше көңіл күй сыйлаған айтыстың ақтық мәресінде аузымен құс тістеген шын үздіктер суырылып алға шықты. Нәтижесінде бас жүлдені қызылордалық Нұрмат Мансуров жеңіп алса, бірінші орынды Байзақ ауданынан келген Алтынкүл Қасымбекова қанжығаға байлады. Жүлделі екінші орынға қызылордалық ақын Мұхтар Ниязов ие болса,   үшінші орынды сарысулық Талғат Құсайынов пен шымкенттік Біржан Байтуов иеленді. Барлық ақындарға «Қазфосфат» ЖШС-нің тарапынан қаржылай сыйлықтар мен аудан әкімінің Алғыс хаттары тапсырылып, «Сарысу ауданына 95 жыл» мерекелік төсбелгісі тағылды.

Дүбірлі той орталық алаңда мәдениет күнімен жалғасып жатты. Бір-бірін құттықтап, қол алысып жатқан жандардың жүзінде жылулық пен ілтипат байқалып тұрды. Халықтың ыстық көңілі мерекелік күннің ажарын аша түсті. Аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасы, Жамбыл облысы әкімінің аппарат басшысы Мәди Мәтен, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған қадірменді меймандармен бірге алаңдағы ауқымды көріністердің куәсі болды.

Иә,  ғасырға жуық жыл ішінде аудан басынан талай қиындықты да, жақсылықты да өткерді.  Ауданымызда мал және егін шаруашылығы қарқынды дамуда. Ғасырға жуық бұл уақытты атап өту әрбір сарысулықтар үшін зор абырой.  Ауданның 95 жылдығы расында ерекше мерейтой. Жергілікті халық үшін бұл тарихи мекеннің тағылымы жайлы терең түсінік беру, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз. Шара шежіре тұнған, асылдар туған саялы мекен Сарысуда «Мәдениет — асыл қазынам» тақырыбындағы мәдениет күнімен жалғасын тапты.

Мерейтойға келген қонақтар мен аудан тұрғындары ауданымыздағы  қылқалам, қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Одан кейін аудандық Төкен Мақашев атындағы орталық музейдің жәдігерлері көрмеге қойылды.

Сондай-ақ ауылдық округ диқаншыларының еккен өнімдері, шаруа қожалықтардың асыл тұқымды төрт түлік малдары халық назарына ұсынылды. Сонымен қатар  аудан тұрғындары мен қонақтары ауыл еңбеккерлерінің дайындаған ұлттық өнімдерінен дәм татып, ризашылықтарын білдірді.

Мерейтой аясында ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда қазақ күресі, арқан тарту, қошқар көтеру, тоғызқұмалақ, садақ ату,  теңге ілу, қыз қуу ойындарымен қатар, ұлттық салт-дәстүрлердің көріністері қойылды.

Айтулы күнде Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен ауданымыздың кішкентай тұрғыны 1 жасар Аңсардың  тұсауын кесті. Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бүлдіршінге бата беріп, ақ тілегін білдірді.

Мұнан соң меймандар мәдениет күніне арналған шараға қатысты. Мерекеге орай, орталық алаңда бой көтерген сахнаның лентасын Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен «Жаңатас және Шоқпар ВЭС» электростанциясының бас инженері Чжан Лян қиды. Заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа сахнада Жамбыл облысы әкімінің аппарат басшысы Мәди Мәтен салтанатты жиында алғаш болып сөз алып, жиналған көпшілікті мәдениет күнімен құттықтады. Аудан әкімі Сәкен Мамытов пен мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков аудан тұрғындары мен қонақтарын мәдениет күнімен тұспа-тұс келген 95 жылдық мерейлі тойымен құттықтай отырып, ауданның тарихы мен жетістігі, игілікті істері мен атқарылған жұмыстарына тоқталып өтті. Концерттік бағдарлама «Сарысу халық театрының» «Қобызым –абызым» атты театрландырылған қойылымымен жалғасын тауып, «Айжанқыз» би ұжымының  биімен көркемделді. «Шоқай датқа мен Майкөт ақынға» арналған көрініс халық назарына ұсынылып, аудан өнерпаздары әннен шашу шашты. Бүлдіршіндер  өзге ұлт өкілдерінің ұлттық билерін билеп, шараның көркін қыздыра түсті. Шара соңында республикаға танымал эстрада жұлдыздары Гауһар Қаспақова, Салтанат Бигулина мен «Астана» тобының әншілері әсем әнін шырқап, халықтың көңілін көтерді. Мерекелік кеште Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай бастаған комиссия мүшелері тамашалады.

Түстен кейін мереке аудандық мәдениет үйінде  салтанатты жиынға ұласты. Салтанатты жиын ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлының және атақты  Майкөт ақынның өмірінен сыр шертетін театрландырылған көрініспен басталды. Жиында аудан әкімі Сәкен Мамытов  сөз сөйледі. Өз сөзінде ауданның тарихына,  осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері мен атқарылып жатқан және алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталған аудан басшысы ауданның 95 жылдық мерейтойына арнайы қатысып отырған қонақтарға,  ел азаматтарына ризашылығын білдірді. Содан кейін аудан басшысы мен аудандық мәслихат төрағасы бір топ мерейтой қонақтарын, ауданның дамуына өзіндік үлесін қосқан азаматтарды, ауданнан шыққан мәдениет және өнер қайраткерлерін «Сарысу ауданына 95 жыл» мерекелік медальмен марапаттады. Ауданның бұрынғы басшылары және Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданынан келген қонақтарға аудан жұртшылығы атынан арнайы сый-сияпаттарды табыс етті. Шара барысында жиналғандарға Сарысу ауданының 95 жылдығына орай дайындалған деректі фильм көрсетілді. Салтанатты жиында ауданнан шыққан, республикаға танымал өнер қайраткерлері әсем әннен шашу шашып,  көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Шараның қорытындысы орталық алаңда өткен гала — концерттік бағдарламамен тәмамдалды.  Мерейтойда жерлестеріміз, эстрада жұлдыздары ән шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.

Сарысу аспаны әнге бөленді. Туған жерде өнер көрсеткен Гауһар Қаспақова, Айгүл Мақашева, Ардақ Исатаева, Салтанат Бегулина, Ерлан Ибаділдаев, Римма Әлібекова сынды әншілер мен Тараз төрінен келген Қайсар Көкішев,  «Астана»  әншілер тобы ән қоржындарындағы әндерді шырқап, шараның көркін қыздырды. Гала-концерттің соңы  мерейлі мерейтойдың көрінісін айшықтаған от шашуға ұласты. Концертке жиналған қауым рухани әсер алды.

Айта кетейік, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген сала мамандары мен ардагерлеріне мерекелік төсбелгілер арнайы салтанатты түрде тапсырылды.

Сарысудың тойы — елдің тойы. Бірлікпен өткен берекелі шара халықтың ынтымағын танытты. Көптен күткен ұлы тойда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін мәз-мейрам болып жүрді. Бұл расында шынайы қуаныш пен елдіктің белгісі еді. Сарысу даласында тойдың  лебі осылай анық есіп тұрды. Елге керемет көңіл күй сыйлаған, шығармашылық шабыт ашылған, туған жерге,  өскен елге деген шынайы сезім ағылған мерейлі мерейтой сарысулықтар мен аудан қонақтарының жан сарайын ашқан айшықты сәттің бірі болды. Саялы Сарысудың дүбірлі тойы осылай жоғары деңгейде өтті.

Самат Тоқбанов,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.