АУДАН ӘКІМІ С.МАМЫТОВТЫҢ МҰҒАЛІМДЕР КҮНІ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ
Құрметті ұстаздар!
Қадірменді білім саласының қызметкерлері, ардагерлері!
Баршаңызды төл мерекелеріңіз-Мұғалімдер күнімен құттықтаймын!
Мұғалімдер күні – білім саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. 2023 жылы наурыздағы Үкімет қаулысымен Мұғалімдер күні елімізде жыл сайын 5 қазанда аталып өтілетін болды.
«Алты Алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын-мұғалімдікі»,-деп Алаш ардақтысы Мағжан ақын айтқандай, ұстаз-ұлағатты есім.
Бүгінде, мұғалім болу – мамандық болса, ұстаздық ету – қасиетке айналып отыр. Ұстаздардың шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан ол әрдайым қадірлі тұлға ретінде ерекшеленеді.
Ғалым да, ақын да, дарын да, дәрігер де, кәсіпкер де ұстаз алдынан білім-тәрбие алады. Оқушылардың білімді де, білікті азамат болып өсуі жолында әрбір мұғалімнің еңбегі жоғары. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты деген» қағида қалыптасқан, бұл білікті ұстаздарға берілген жоғары баға.
Халық санасын оятып, ағартушылық еткен жан мәртебелі саналады. Әріп танымай партаға отырған баладан білімді, тәрбиелі азамат өсіріп шығару – ұстаздың ғана қолынан келетін еңбек.
Аудан аумағындағы жалпы педагогтар саны−1906 болса, жоғарғы санаттағы ұстаздар – 40, бірінші санатты − 84, екінші санатты −114 мұғалім қызмет етуде. Бұл жетістік – үздіксіз еңбек пен төгілген тердің шынайы нәтижесі, басқа ұстаздарымыз да ұрпақ тәрбиелеу ісінде көптеген жетістіктерге жетуде.
Тәуелсіз еліміздің ертеңі білімді ұрпақ десек, оларға білім беріп, кеудеге рухани нұр құятын, құрметті ұстаздар – Сіздерсіздер!
Сондықтан, білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек!
Қымбатты ұстаздар!
Ұлттық тәрбие мен заманауи білімді ұштастырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу – Сіздерге жүктелген абыройлы міндет!
Сіздерге мықты денсаулық, еңбекте шығармашылық табыс, отбастарыңызға бақ — береке тілеймін.
Өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Өткен күндер жеңісі-бүгінгінің жемісі!
Құрметті ұстаздар мен
білім саласының ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бала-біздің болашағымыз, жас ұрпақ тәрбиесінде мектеп пен ұстаздың алар орны ерекше. Балалардың мектепте алған рухани азығы олардың алдағы өмір жолына бағыт-бағдар бермек.
Қай заманда да кез келген жетістік пен жаңалықтың басында білім мен ғылым тұратындығы баршамызға аян. Сол жетістік пен жаңалықты ашатын адамды, тұлғаны қалыптастыратын, ол — ұстаз.
Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдан бері елімізде талай жасампаз жобалар, жаңа бастамалар қолға алынды. Бұл жетістіктер өскелең ұрпақты тәрбиелеп жүрген ұстаздарымыздың еңбегі. Мұғалім мамандығы даналық пен жастықтың отын, шығармашылық пен күш-қуатты, мейірімділік пен қаталдықты үйлестіреді.
Ұстаздар шәкірттерін қажырлылыққа, ізгілік пен адамгершілікке баулиды, табандылықпен еңбек етіп, биік мақсаттар қоюды үйретеді. Мұғалімнің еңбегі қадірлі, әрі жауапты.
Қандай жағдайда болмасын жас жеткіншектердің тәрбиесі басты назарда болып отыр. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жолында ұстаздарға жүктелер жауапкершілік жоғары. Елімізде білім саласын дамытуға мемлекет тарапынан баса назар аударылып келеді. Білім берудің жаңа инновациялық даму жүйесі қалыптасуда. Бұл ел ертеңі, ұлт болашағы — жастарға жасалған қамқорлық.
Балалардың сапалы білім алуына, олардың жоғары жетістіктерге жетуіне ауданымызда да жан-жақты жағдайлар жасалуда. Ұстаздарымыздың жеткен толағай табыстары да аз емес. Республикалық пәндік олимпиадаларда ауданымыздың мектептері жүлделі орындардарға ие болуда. Бұл ұстаздардың өз жұмысына деген адалдығы мен тынымсыз тірлігі. Еліміздің ертеңгі болашағы — жас жеткіншектердің тәрбиесіне бар саналы ғұмырын арнап жүрген ұстаз еңбегі әрқашанда шынайы құрметке лайық.
Қымбатты ұстаздар!
Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, жаңа бастамаларда сәттілік, ізгілік пен ізденісті жоғары қойып, жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беретін игі қызметтеріңізге табыс тілеймін! Білімді, бәсекеге қабілетті жастарымыз көп болсын. Оқушылардың игіліктері үшін жасалынып жатқан қамқорлық пен зор қолдаулардың арқасында білімдерін толықтырып, жарқын жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа белестерді бағындыруға тілектеспін.
Ш.Мұсабеков, аудандық мәслихаттың төрағасы