АТА-БАБАНЫҢ САЛЫП КЕТКЕН ДӘСТҮРІ ЖАҢҒЫРУДА

0

Киелі Сарысу өңірі тұнып тұрған тарих. Мұнда аяқ басқан адам халқымыздың сонау бағзы замандардан сыр шертетін талай ескерткіштеріне куә болары сөзсіз. Бүгінде өткен тарихымызды, ата-бабаларымыздың қалыптастырып кеткен озық салт-дәстүрлерін қайта жаңғырту үстіндеміз.

Өткен тарихты білмей, ілгерілеу, толыққанды ұлт болу мүмкін еместігіне көзіміз жетті. Сарысу ауданының 95 жылдық мерекесі аясында ауқымды игі шаралар көптеп өтуде. Мерейтой аясында Жабал ата ұрпақтары Жайылма ауылында   бабалар рухына құран бағыштап, ас  берді.

Ең әуелі Жайылма ауылындағы Қ.Байзақов көшесінің қиылысындағы саябақ ішіндегі «Мәңгілік-ел» монументінің ашылу салтанаты өтті.

Тарихи сәтті тамашалау рәсіміне жиылған жұртшылықты  аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтады. Ауданымызда және ауылдық округтерде игі шаралар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Асқақтай бой көтерген монумент ел келешегінің келісті келбетін әспеттейтінін атап өтті. Одан кейін аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков сөз сөйлеп, бұл монумент ауылдың көркін ашып, ұлттық рухты көтеріп, еліміз бен жерімізге  деген сүйіспеншілігімізді арттырып тұратыны анық екенін, тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру, ел тарихында өткен азаматтардың есімдерін жаңғырту арқылы ұрпаққа ұлттық тарихымызды таныта алатынымыз кәміл екендігін айтты. Сонымен қатар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркін Құрманбеков, жастарды елін, жерін сүюге баулып жүрген еңбек ардагерлер құттықтау сөз сөйледі.  Шарада монументтің салтанатты ашылу лентасы қиылды.

Одан кейін жиылған қауым ауыл іргесіндегі саябақта өтіп жатқан  «Ата–баба рухына тағзым» атты іс-шараға бет түзеді.

Ауыл тұрғындары мен келген қонақтар «Тама тарихы: Жабалдар» атты құрастырылған кітаптың тұсаукесер рәсімінің куәсі болды.

Бұл күні Жайылма ауылының аспаны әсем әуен мен тәтті күйге бөленді. Сахна төріне ауданымыздың өнерпаздары «Сарысу» триосы «Бұлқынды жүрек әнін орындаса, республикалық ән байқауларының жеңімпазы Д.Игенбаева  қазақтың ұлттық домбырасымен халық әндерін тамылжыта шырқады.  Концерттің қадірменді қонағы ретінде келген эстрада жұлдызы Ж.Жексен өзінің ән қоржынынан шашу шашты. Салтанатты шарада атақты қобызшы, қылқобыз ойнаудың шебері Ы.Дүкенұлының өнерін  жалғастырушы, рес-публикаға белгілі  қобызшы, мәдениет саласының үздігі С.Ақмолданың шәкірті Т.Әлиев, Қорқыт,  Ы.Дүкенұлы, Баубек, Шәркеннің күйлерін орындады.

«Жабал» ата асын ұйымдастыруда белсенділік танытқан азаматтарға  және ақсақалдардың иықтарына шапан жауып, сый-сияпат көрсетілді.

Бұдан әрі іс-шара көкпар, қазақ күресі- арқан тарту, аламан бәйге, қошқар көтеру секілді ұлттық ойындармен жалғасын тапты.

Қазақ күресінен  еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 балуан боз кілемде күш сынады.Кім мықтыны анықтаған жарыс-та қазақ күресінен республика, облыс, ауданымыздың намысын қорғап, әлем ареналарында көк байрағымызды жеңіс тұғырынан желбіретіп жүрген Әлем чемпионы, жайылмалық  Нұрболат Мырзанов жеңіс тұғырынан көрінді. «Түйе балуан» сайысымен жалғасын тапты.  130 келі болатын қошқар көтеруден жарыс өтті.

Жарысқа 13 тепсе темір үзетін білекті азаматтар шығып, бақтарын сынады.  Жарыс нәтижесінде  Жайылма ауылының шабандозы Жасұлан Рашидұлы 83 рет қошқарды көтеріп, бас жүлдені иеленді. Ал арқан тарту бәсекесінде ауыл жастары бірінші орынды иеленді.

Ауылдық  орталық атшабарында көкпар ұйымдастырылды. Білекті де жүректі  нағыз балуандардың додасы жиналғандардың делебесін қоздырып, қиқуға салдырды. Мықты ат пен балуан жігіттің қара күші сынға түсті. Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын шабандоздар өзгелерден айласы мен шеберліктерін асыра салым салып, көрермен қошеметіне бөленді. Нәтижесінде Тоғызкент командасы бірінші орынды қанжығасына байласа, Саудакент командасы екінші орынды иеленді. Ал, ұлттық ат спортын дамытып жүрген, үздік шабандоз Дәулет Серікұлының Жайылма командасы үшінші орынға ие болды.

Сонымен қатар ат түяғын дүбірлеткен кең көлемде аламан бәйге өтті. Жарысқа 46 құйма тұяқ сәйгүліктер қатысты.  36 шақырымда басып өткен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан сәйгүліктердің иелері ұйымдастырушылар тарапынан бірінші және екінші орынға жеңіл автокөлік, үшінші орынға түйе, төртінші орынға жылқы, бесінші орынға ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жалпы спорттық ойындардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің диплом, медальдары және ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Қаз-қатар тігілген киіз үйлерде меймандарға ас беріліп, баба рухына құран бағышталды. Кең дастарқан басында арғы-бергі бабалар тарихы сөз болып, жастарға үлгі боларлық мәнді әңгімелер айтылды.

С.Рысбекұлы, «Sarysý»

«Playstation»

турнирі ґткізілді

Қоғамның қозғаушы күші -жастар арасында бүгінде қолдары қалт еткен шақта көңіл бөліп, бос уақытын өткізетін «Playstation» ойын құрылғысына  деген қызығушылық күннен-күнге артып келе жатыр.

Осы орайда, ауданымыздың 95 жылдығына байланысты, аптаның сенбісінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында аудан әкімдігі ішкі сая-сат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қаламызда Playstation ашық турнирі өткізілді. Шараға 16 жас қатысып, бақ сынасты. Тартысты өткен турнир барысында, қатысушылар жеребе арқылы бір-бірімен сайысқа түсті. Турнир қорытындысы бойынша  1-ші орынды дара шығып, қарсылас шақ келтірмеген А.Зубайра жеңіп алса, 2-орынды Б.Қысырау иеленді. Жүлделі 3-орынды Р.Бекмағамбетов місе тұтты. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан мақтау қағаздарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Қ.Рахимов барлық қатысушыларға алғыстарын білдіріп, 3 орын иегеріне арнайы сыйлықты табыс-тады. Аталмыш турнир алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

С.Тоқбанов, «Sarysý»

Құмар ойын-қасірет бастауы

Асылында адам баласына берілген  құндылықтардың бірі ой мен сана. Сансыз нығметтің қадір- қасиетіне жету — азаматтық борышымыз болып табылады. Қысқа ғана ғұмырда тура жолдан  адаспай, әр қадамды анық  басу керек.

Алайда, «нәпсі» деген жалғыз кедергіге байланып, құмарлықтың құрығына түсіп жатамыз. Құмарлықтың түр- түрі болады. Адамды алжастырып, бұлыңғыр болашаққа, баянсыз бақытқа жетелейтін құмар ойыны талай жанның тағдырына балта шапты. Жалпы, «Құмар» сөзінің түпкі мағынасын ашып айтар болсақ, «Құмар» сөзі арабша «майсир», яғни  жеңіл жолмен мал табу деген мағынаны береді. Бұл жөнінде Құран Кәрімдегі «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген:

«Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал, сонда да тыйылмайсыңдар ма?»

Құмар ойынға бой алдырғандардың аяттағы сипаты адамның намазына сүлесоқ қарап, қажыр-қайратын өзіне зиянды істерге жұмсай бастауы болып табылады. Осы орайда Абай атамыздың: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ»  немесе «Тамағы тоқтық, көйлегі көктік, аздырар адам баласын» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Құмардың енді бір сипаты – арам табыс. Ал мұсылман баласы үшін бұл дүниеде адал еңбек пен маңдай термен келген табыстан асқан байлық жоқ. Бізді жер бетіне тіршілік етуге жіберген Жаратушы иеміз Құран Кәрімде былай дейді: «Өзара мал-мүліктеріңді күнәлі жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар!» Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына өзіндік кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ерекше ықпал ететіні сөзсіз. Ел болып, бесігімізді түзейік десек, құмар ойындарына шатылып, шайтанның арбауына түспейік.  Иманымызды күшейтіп, өзімізге, отбасымызға, айналамызға, қоғамға, қоршаған ортаға пайдалы істермен айналысайық. Алла Тағала бізді құмар сияқты лас ойындардың шырмауына түсуден сақтасын деп тілейік.

«SARYSÝ-AQPARAT»

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.