ЕҢБЕК ЕТСЕҢ ЕРІНБЕЙ…
Диханшылар еңбегі зор құрметке ие
Қазір қауын-қарбыз піскен шақ. Қала базарларында көкөніс пен жеміс-жидек түрлері қаптап тұрса да, жасыратыны жоқ, жыл сайын біздің өңірге жеміс көбіне сырттан келеді. Ал, тұрғындар өзіміздің өнімдерді табиғи, сапалы деп іздейді.
Жаңаарық ауылының тұрғындары сапалы бау-бақша дақылдарын өндіруде.
Біріккен жерде — береке бар екенін жете түсінетін ауылдықтар сұранысқа ие сарымсақ, қарбыз, қауын, қызанақ қияр тағы басқа өнімдер егуге білек түре бет бұрған. Осындай іспен айналысып отырған дәл қазір оннан аса аула бар.
Ауылдықтар әр сенбі сайын қаладағы өтетін жәрмеңкеде өндірілген ауыл шаруашылық өнімдерін нарықтағы бағадан төмен бағамен аудан тұрғындарына ұсынуда. Бейнеті мен зейнеті мол диханшылар еңбегі қашанда зор құрметке ие. Еңбектің арқасында ауласындағы шағын бақшасын жайқалтып отырған бұл ауылдықтар көпшілікке үлгі боларлықтай-ақ. Бақшаның арамшөбін жұлып, суарып, оған баладай қарап, қатты көңіл бөлгендіктен, жыл сайын өз өнімін беріп тұр.
Арзандатылған бағамен сатылуда
Халқымыз «шөмелені шөбім бар» деп айтпа деген. Қалай болғанда да, жаз бен күздің қолайлы кездерін пайдаланып қалғанымыз жөн.
«Қыстың қамын жазда ойла» деген қазақ мәтелі бекерге айтылмаса керек. Жалпы алғанда, аймақта шаруа қожалық басшылары төрт түлікке қажетті жемшөп қорын жинау жолында ешқашан аянып қалған емес. Бұл жұмыстар биыл да сәтімен жалғасып жатыр.
Қамқалы ауылдық округіне қарасты “Қазықты” шаруа қожалықтың пішеншілері шабындыққа орақ салды. “Қазықты” шаруа қожалығының төрайымы Назерке Смайлованың берген мәліметіне сүйенсек 2800 гектар алқаптағы мал азығын дайындау үшін шөп шабу басталыпты. Науқандық жұмысқа 6 адамды тартып, 2 трактор, 1 шөп буғыш, бір тасымал көлік бар. Бір престің бағасы 400 теңге. Көмек сұрап келген шаруашылықтарға да қол жетімді бағамен береді екен. Шөп шабуға қажетті техникалары да сақадай сай жабдықталған. Қысқы мал азығын сапалы етіп дайындауды мақсат еткен пішеншілер, таңның атысы, күннің батысына дейін тынбай еңбек етуде. Соның нәтижесінде шаруалар кезек күтпей керекті шөбін алып кетуде. Қысқы мал азығын дайындап, еңбектің көрігін қыздырып жатқан пішеншілердің жұмыстарына тек сәттілік тілейік.
С.Есқараев, «Sarysý»