ЫНТЫМАҒЫ БЕРІК ЕЛДІҢ ІРГЕСІ БҮТІН

0

Биыл тарихы бай, тамыры терең, талай текті дүниеге келіп, табанының табы қалған, тұмса табиғатымен ерекшеленіп тұратын, құт қонып, бақ дарыған шежірелі де берекелі өлке Сарысу ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр.

Құрметті сарысулықтар!

Қадірлі жерлестер!

1928 жылы іргесі қаланған  аудан талай тарихи кезеңнің куәсі болды. Ғасырға жуық ғұмырында аудан берекелі бірлік пен табанды тірліктің ордасына айналды. Елдің атын еңбек шығарды. Соның нәтижесінде тоқсаныншы жылдардың қиындығын да қайыспай көтере білді.

Туған жерге қызмет ету азаматтық парыз әрі өлшеусіз бақыт. Ал маған осы ауданға екі рет әкім болу бұйырды. Ол жылдар мен үшін үлкен өмір мектебіне айналғаны даусыз. Сол кезеңдегі аудан халқының да қолдауын айтпай кетуге болмайды. «Жас екен» деп жатырқай қарамады. Керісінше жігерімді жонып, жан-жақты қолдау көрсетіп, үлкен сенім білдірді. Халықтың сенімі алға қарай жетелей түсті.

Еліміздегі ең ұзын өзен – Сарысуды жағалай қоныстанған өлке өнеркәсібімен де, өнерімен де өркен жайған аймақ. Жалпы Сарысу ауданы ежелден қазақтың рухани әлеміне өлшеусіз үлес қосқан марқасқа ұлдарымен, аймаңдай қыздарымен мақтаулы. Қаратау өңіріне аты шыққан шоқтығы биік Шоқай датқаның, қайталанбас қобызшы, күй өнеріндегі айрықша құбылыс болған, жуырда ғана 180 жылдығы аталып өткен Ықылас Дүкенұлының, ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Майкөт Сандыбайұлы, әрі күйші, әрі жырау Мәді Шәутиевтің артында қалған рухани мұралары қазақ халқы үшін баға жетпес байлық, құнды қазына. Қазақ театры мен кино өнерінің мақтанышы, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовті, сан қырлы талант иесі, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақановты, балалар әдебиетінің дарабозы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбинді қазақ руханиятының корифейлері десек, қателеспейміз. Елге қызмет етудің ерекше үлгісін көрсеткен, әрбір туған төлді, әрбір өскен масақты көзімен көріп, қолымен ұстаған, қойшының да, тракторшыныңда жанынан табыла білген, ел “Қырекең” деп құрметтеген Қырықбай Асановтың да атын айрықша айтамыз.

Ел іргесі бүтін, алтын құрсақты аналарымыз аман болса, алдыңғы буынның сара жолын жалғайтын өмірге әлі талай-талай таланттың келе беретініне ешқандай күмән жоқ.

Алдағы уақытта да Сарысу өңірі серпінді даму жолынан таймай, еліміздің, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы маңызды міндеттерді абыроймен орындайтынына сенемін.

Аудан тұрғындарын 95 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, әрдайым абырой биігінен көріне берулеріңізге тілектестігімді білдіремін!

Қанатбек МӘДІБЕК,

Жамбыл облысы

әкімінің орынбасары

Жаѕару жолында

Бақпен таласып, замананың көшінде озық тұрған ауданымыздың тарихы қатпарлы тастарындай талай сырды бүгіп жатыр. Сонау ашаршылық кезде үдере көшіп, жері шүйгін қарт Қаратаудың етегінде орын тепкен аядай ел небір нәубет пен сұмдық замандарды артта қалдырды.

«Бұлт  артынан  күн шыққандай» бүгінгі күні бейбітшілік аспанында қыраны көкте еркін самғаған Сарысудың даласында самал леп еседі. Толғауы терең, 95 жыл толып отырған ауданымыздың бүгінде әні мен сәні жарасқан. Жазиралы алқаптың атырабында асқақ жыр мен рухты күш тербейді.

Сарысу — бақыттың мекені. Мұнда өскен әр азамат туған жердің қасиетті топырағын қастерлеп, жасампаздықтың даңғыл жолымен алға қадам басады. Туған жерде жұмыс жасап, елге қызмет ету әр азаматқа үлкен іс. Мәртебе асқақтаған мерейлі сәтте баршаңызды айшықты мерекемен құттықтаймын. Ауданымыздың абыройы артып, даңқы қарыштай берсін!

Марқаш МИЗЕнБАЕВ,

еңбек ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.