ЖОСПАРЛАР АЙҚЫНДАЛДЫ

0

Ауданымыздың дамуы өнеркәсіп пен кәсіпорындардың жұмысымен тығыз байланысты. Ауданда 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, «ҚазСода», «ЕвроХим», «Шоқпар жел электр станциясы» компаниялары жоспарға енгізілген.

Осыған орай аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Қ.Аманов аудан инвесторларымен кездесу өткізді. Жиынға аудан прокурорының орынбасары Е. Берікұлы, мекеме, бөлім басшылары, «Қазфосфат ТКӨК» ЖШС, «ҚазСода», «ЕвроХим», «Шоқпар жел электр станциясы», «Солянная компания Асыл Тұз» кәсіпорындарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында ауданда инвестициялық жобалардың даму барысы туралы талқыланып, өзекті мәселелер қозғалды. Аудан прокурорының орынбасары Е.Берікұлы мен аудан әкімінің орынбасары Қ. Аманов компания өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, тиісті мәселелердің шешілу жолдарын айтты. Кездесу жиыны өзара пікір алмасумен жалғасып, жиынды аудан әкімінің орынбасары қорытындылады.

Өнер өлкесінде

Шежірелі Сарысу өлкесі өнерімен  танылған аудан. Сан талантты түлетіп ұшырған қасиетті ұяның өнерпаздары талай бәйгелерде жеңімпаз атанып, ауданымыздың абыройын көтеріп келеді.

Өнерімен өрлеп жүрген ұжымдар — аудандық білім бөліміне қарасты қалалық балалар өнер мектебі, балалар — жасөспірімдер орталығы, аудандық аула клубтары мен саз мектебі. Бойынан өнерге деген құштарлығы байқалған әр баланың тынысын ашып, шабыт беретін өнер ордасының ауданымызға сіңіріп жүрген еңбегі орасан.

Аптаның бейсенбісінде аудандық білім бөліміне қарасты аталмыш ұжым қызметкерлерінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінің алаңында «Саялы өлкем — Сарысуым» атты өнер фестивалі өткізілді. Шараны мекеме, бөлім басшылары, қала әкімінің орынбасары мен қала тұрғындары тамашалады.  Кеш «Балғын би» үйірме оқушыларының «Тойға шашу» биімен бастау алды. Д.Өмірзақ «Сәлем, саған туған ел», өнер мектебінің ұстаздары О.Махамбетов, А.Нұртанов, Р.Амангелдиев «Илигай», Ж.Ахажанова «Қазағым», Г.Жолшыбекова «Анамның ақ жаулығы», М.Түктібай «Тәуелсіздік ел ұраны», Ж.Адамбаев «Елім менің» әндерін шырқаса, О.Махамбетов Малдыбаевтың күйі «Шоқай датқа», Жаңатас қалалық өнер мектебінің қобызшылар квартеті «Абай әндерінен поппури», Саудакент саз мектебінің мұғалімдер ансамблі Құрманғазының «Балбырауын», Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің ұстаздары Ж.Есіркеповтың «Балбұлақ» күйлерін орындап, шараның көркін қыздырды. Домбыраның үні естілген кезде көрермендер арқаланып, «әп, бәрекелді!», «беу де», деп шуласты. «Балғын би» үйірме оқушылары «Круче всех», «Айлин» бишілер тобы «Құстар биі» композицияларына мың бұрала биледі. Саудакент аула клубынан келген М.Ишанбек «Қайран қабылан бабалар» жырын  оқып, тыңдармандарын бір серпілтіп тастады.

Күздің керемет кешінде өткен фестиваль маңыздылығын жоғалтқан емес. Ауданымыздың 95 жылдығына арналған түрлі форматтағы шаралар алдағы уақыттарда да жалғасын таба бермек.

Самат Тоқбанов,  

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.