Бірлік пен тірліктің құт мекені
Қазақ тарихынан ойып тұрып орын алатын киелі мекен, барша жұртқа тарихи тұлғалардың есімдерімен белгілі Сарысу ауданының әкімі болу бір жағынан бақыт болса, екінші жағынан жауапкершілігі жоғары іс.
Ауданымыздың қойнауы қазыналы, даласы жазиралы аймағы қарт Қаратаудың етегінде орналасқан. Шөбі шүйгін, қыр-белестердің қараған жанның көз майын алған табиғи сұлулығы тағы бар.
Қысы қатал, жазы ыстық болғанымен, пейілі дархан халқы бар аймақтың негізі басты саласы – ауыл шаруашылығы.
Дамудың даңғыл жолына түскен Сарысу ауданы жылдан-жылға көркейіп келеді. Ауданда тәуелсіздік алған жылдары аралығында бірнеше нысандардың құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Жыл санап қарқын алған құрылыс саласындағы оң өзгерістер көңіл қуантады.
Құрылғанына 95 жыл толған Сарысу ауданы әлеуметтік, экономикалық жағымен ғана емес руханияты мен мәдениеті арқылы да өзіндік орнымен ерекшеленеді. Тарлан таланттар мен дара даналардың жолдарын кейінгі жаңа буын да жалғастырарына сенім мол.
Аудан тарихи құндылықтарымен ғана емес, атақты жерлестерімен де даңқты. Небір іскер басшылар, қоғам, мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, өнер иелері, майталман спортшылар мен бизнес өкілдері, ұлағатты ұстаздар мен қолы шипа дәрігерлері бар екендігімен мақтанады. Олардың әрқайсының туған өлкесі ауданның дамуына сіңіріп отырған еңбектері ұшан-теңіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылы халыққа жолдаған Жолдауында «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер»-деп ерекше атап өтті. Сарысудың жұрты бастан өткерген барлық қиыншылықтарды ынтымақ бірлігінің, қайсарлығының арқасында жеңіп, бүгінгідей гүлденген, көркейген, түрленген күнге жетіп отыр.
Бүгінгі әрбір жетістікке, жақсылыққа Сарысу ауданы халқының ұйымшылдығымен орасан зор еңбектерінің арқасында жетіп отыр. Кезінде осы ауданда еңбек еткен аудан басшылары мен мемлекеттік қызметкерлері осы елдің іргетасын қаласа, қазіргі ұрпақ ғимарат тұрғызуда деп білеміз.
Балабек НАРБАЕВ,
№5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры
Абырой асќаќтай береді
Көкірегі ояу кез-келген жан үшін туған жердің топырағы қашан да қастерлі, қашан да қасиетті болып келеді ғой. Сар даланың төсінде орын тепкен саялы Сарысу — шаңырағы шаттыққа толы бақ мекен. Ырысы мен ынтымағы жарасқан киелі жердің халқының пейілі дархан даладай жазиралы.
Мұнда өткен әр сәт бағалы, әр сәт қымбат. Мұнда шабытпен жұмыс жасап, алдыңа қойған даңғыл жолға еш қорықпай жетесің.
Ауданда қызмет еткен жылдарым мен үшін әрдайым ыстық. Таудай талап пен мықты тәртіптің арқасында ауданда абыройға бөленіп, еңбектің құрметті ардагері болдым. Ауданға сіңірген талай жылғы тәжірибем менен кейінгі жас буынға үлгі болып келеді. Елеулі жұмыстарым еленіп, ауданның Құрметті азаматы атандым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Біздің аудан қызметте көтерілемін, өсемін деген кез-келген жанға асқан шабыт сыйлайтын қызметтік баспалдақтың алтын көпірі. Тек адал еңбек пен қажымас қайрат керек.
Аса қадірлі менің жерлестерім. Сіздерді биылғы ауданымыздың құрылғанына 95 жыл толған айшықты мерекемен құттықтай отырып, баршаңызға амандық, саулық тілеймін. Ауданымыздың абыройы асқақтай берсін!
Тыныштық Бектөреева,
Сарысу ауданының
Құрметті азаматы
Ќобыз кїйініѕ ќўдыреті
Түркі дүниесіне ортақ тұлға Қорқыттан кейін қобыз аспабының құлагері атанып, аты аңызға айналған жерлесіміз, бабамыз Ықылас Дүкенұлының дүниеге келгеніне 180 жыл толып отыр. Кеңес заманында «ояздан оқалы шапан киген, баласы да, өзі де байшыл мансапқор» –деп, коммунистік қоғам беріге дейін жауып қойып насихатын тежеп, әрең дегенде кейін мойындағанын білеміз.
Ақыры баба өзін-өзі мойындатты. Оның күйлері тежеуге қарамай сахнадан түспеді, қазақ киносының әсерлі әуеніне де енді, әр берді.
Өткен ғасырдың басында музыка зерттеушілері Ахмет Жұбанов, қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллин, Жаппас Қаламбаев беріде Илья Жақанов, Тынышбай Рахымов, Тәкен Әлімқұлов бастаған зерттеуші сазгер, жазушылар қалам тартты. Кәзір ғалым бабаның ұрпағы Ақнар қарындасымыз көптеген зерттеулермен халықты таңқалдырып келеді.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында сол кездегі Сарысу ауданын ұзақ басқарып, ізін қалдырған бірінші хатшы Асан Балтабекұлы Нүркеновке Алматы облысының бір соғыс ардагерінен хат келеді. Онда: «Ел басқарып отырсыз, жерлестеріңіз Жаңаарқа мен Сарысуға ортақ тұлға қобызшы Ықылас неге қозғаусыз. Оның атын қалдыру мақсатында әрекет еткеніңіз дұрыс болар еді. Ықылас қобызшы қазаққа ғана емес түркі дүниесінің тұнып тұрған мақтанышы емес пе?! Осы ойымды зерделеп, туған жерінде атын қалдырарлықтай атаулар беріп, бір биікке қобызшының ескерткішін қоюға сұранып тұр емес пе?»- деп, ой салған хатын хатшы редактор Төкеңді шақырып алып, қолына ұстатып, «айналыс»- деп, тапсырма береді. Редакторымыз бізді шұғыл жинап, оқушы дәптерінің екі бетіне жазған ардагер хатын оқып берді. Еркіндік алған Т.Мақашев бұрыл « байшыл» қобызшы жайлы түскен еске алуларды бастыра бермей, коммунистік цензураға жалтақтап жүрген ол қуанып хатын темір жәшігіне көзімізше салып қойды. Сонда бастықтың: » енді тырнақ астынан кір іздейтіндерге бұл құжат дәлел, әрі азулы хатшының өзі тапсырып отыр, соны желеу етіп жаза беріңдер»-деп, бізге де қузау жасағаны есімде.
Журналистер не жазсын, бұрынғы жабық тақырыпқа жастардың ешқайсысы бара қоймай хат мәселесі ұзай берді.
Осы күндері облысқа, ауданға белгілі қайраткері, журналист Төкен Мақашев беттілігімен іске кірісті. Көзін көрген ұрпақтары мен қарттарды іздеп жүріп, сөйлесіп, суреттерге түсіріп өзі басқарған аудандық «Октябрь таңы» (бүгінгі «Сарысу» ) газетінің оншақты санына естеліктерін жариялағанда ұрпақтарына ілесіп жүріп суретке түсірген жас шағымда мен де болдым қасында. Жайлаукөлде бір аптадай болдық. Қобызшы ұрпақтары бұл кезде осында өмір кешіп жатқан…
Бабамыз жайында одан соң тек Тәуелсіздіктің отыз жылында көптеген тың естеліктер мен аңыздар да еркін жариялана бастады. Мен бүгін қобызшының өмір деректері мен көз көргендерінің көп айтылған әңгімелерін түсіргенді жөн санадым. Ұлы ойшыл Баласағұнидың: «… Бұл жерден бір жанның жүріп өткен ізі жатыр» -деген мағынадағы даналығына ілесіп 180 жылдығы қарсаңында қалам алдық.
Мен Ықылас қобызшы жайлы арқадағы Қулы, Мұңлы өңіріндегі, Шу бойындағы ұрпақтарынан кезінде болымды естеліктер де естіген едім. Ұстаз-редакторым Төкең көтеріп жатқан соң қосарланып кес- кестеуді қош көрмедім. Қобызшының өмір сүрген қыстық қыстауы Қуарал, Кеме өңірінде және ұрпақтары кешеге дейін өмір кешкен Жайлаукөл, Қамқалы, Шығанақта бірінде мектеп бітірсем, қалғандарында жастық жағым өтіп, қызметте де болдым. Ол кезде бұл өңірде Ықыласты көзі көрген көптеген қариялар көп еді. Әңгімесін тыңдадық, қолдарына су құйып, батасын алдық. Үрістем, Құлыншақ, Ыбырай, Әмір сияқты тағы да басқа ұрпақтары- шежіреші жандардан не бір қиялдағыдай әңгіме естідік. Жастықпен «ертең-ертең»-деп жүріп, небір естелік дәптерім сол қалпы ашылмай жоғалып та кетті. Енді тамтұм есімде қалғандарын қағазға түсіріп жариялап та жүрмін. Бұл ұлы бабаға деген ынтықтық — аңыздарды, естеліктердің есте қалғанын іздете бастаған…. !
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары анам Күләйша ағайдың Ферметайдың үйінде мына бір әңгімені айтқан.
— Ол кезде Ықылас бабаң бізге онша танымал болмады. Жылда арқадағы жайлаудан алғашқы қарды түсіріп барып, жолдағы Бетбақдаладағы қақтарды күзгі жауын суына толтырып, Бетбақдаладағы мал аузы тимеген, жұмсарған жайылымды пайдаланып, қайтқан киіктердің соңымен көшетін едік. Арқа малшысы үшін болашақ ауа райын ақбөкен-киіктерден болжайтын малшылар. Киіктер ерте қайтса, қыс ерте түсетіннің белгісі. Сол жылы кеш көштік. Былқылдап семірген саулықтарды, еркімен, қумай, қоңын түсірмей оттықтыра айдадық. Қарашаның қара желі, жауынсыз болған соң Жайлаукөлдің бүгінгі үлкен көпірге жетпей атаң жерленген «Байдың көліндегі» қорымдардың оң жағынан ерулеп қонып, көшіп келе жатқан малшылардың іргедегілерін шақырып құран оқытты. Кіріп-шығып жүріп естігенім бір ақсақалды қария:
— Жарықтық «өлдің, өштің»-деген осы. Осыдан бірер жыл бұрын, осы «Байдың көліне» ерулегенімізде мұндай ымыртта Ықаңның қобызының үні түнгі таза ауамен таң атқанша бебеулеп, тербеп ұйықтатушы еді-ау. Торғай шырылдағанда тынып, күйді Шудың мекендеп қалған құстары жалғастыратын. Ол да бір дәурен. Өмір- деген осы. Не байқап жүрсіңдер, екі жылдан бері Қуарал да, Шу аңғары да тып -тыныш құлаққа ұрғандай. Тек арнаның нар қамыстарының қобыз үндес сыбдыры мен шуынан басқасы қорқынышты. Бұл «Дүкеннің Ықыласының дүниеден өтті»- деген белгісі. Ойпырмай, дертке дейін емдейтін киелі қобызы кімге қалды екен? Қобызшының тарам-тарам арбиған саусақтарымен, күй төгіп тұратын қобызы қара жер қойнауында бұлқынбай қалай жатыр екен? Пенде бүгін бар да, ертең жоқ-деген еді ол кісі.
Мен наныңқырамадым. Себебі, «Байдың көлімен Ықылас бабаның жерленген қыстауы Қуарал шамамен 60-70 шақырымдай болу керек. Ол кезде оны жазбадым. «Шындыққа жанаспай ұят болар»- деп, қоя салғанмын.
Бертін келе Шығанаққа қызмет бабымен көшіп келгенде Құдайбергенұлы зерделі шешіреші бауырым Зейнеғабдиннің анасы Сарқынтай анамыздан мына әңгімені естігенде анамның айтқан аңызы рас екенін ұқтым. Сарқынтай апа:
-Бір жылдары мен 13-14 жас шамасындамын. Арқадан көшіп келіп, Шудың қылталау өзекшесінен өтіп осы Үлкен Қамқалы көлінен малды суарып, терең Құмға жетпей мына «у шабырды» тереңдеп қыстау отын үнемдеп қоспен отырдық. Күндізгі абыр-сабыр басылып, кешкі дәмге кірдік. Бір кезде бір беймәміл үн үзіліп –үзіліп ит құстың ұлығанындай ма, бүркіттің шаңқылдағанындай ма, үн шығарып барып, сәл тыныс-тады да одан ыңыранып барып жан дүниеңді арпалыстыратындай екпінмен боздады-ау келіп. Мен оны үйдегі жетім ботаның боздағанына теңеп көзім жасаурап отыра қалдым. Қарасам әкем де, анам да әуенге елтіп, мүлгіп отыр екен. Бір әуен толасығанда әкем:
— Бәйбіше, бірер күн отыратын болдық. Күн шуағынан ажырамай тұр. Қыстау қашпас. Ықаңдікі Қуаралдағы қыстауына келгенге ұқсайды. Жарықтыққа шақырып дәм беріп қозғалармыз-дегенді естігенмін…. деген еді …
Шығанақтық тоқсаннан асып көз жұмған қырықбойдақ Ақанбек қариямен көп жыл көрші болдық.Ол Ықаңмен ағайындас. Ақаң:
— Ықаң жарықтықтың қобызы үнді дейтін. Оның құдыреті үнінде емес, онда адам жан дүниесін іздеп табатын киесінде. Мысалы мына Қуаралда отырып түнімен күй тартқанда шәкірті, шертпе күйдің дүлдүлі Сүгір үйінде ағасына домбырасымен қосылып үйреніп отырады екен. Сонда Қуаралмен Тасты, Шудың арасы қырық шақырымнан асады –деген, мен жоғарыдағы әңгімені айтқанда.
Айтып отырған «шу шабыр» мен Қуарал тігінен есептегеннің өзінде елу шақырым болатын.
Міне, сол тұста Ықылас баба жайлы осындай небір қызғылықты әңгімелерін айтып отыратын үлкендер. Кәзір ондай әңгімелер де алыстады.
Жалғасы бар.
Бергентай НҰРМАХАНҰЛЫ,
жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі