СЫБАЙЛАСТЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ
Бүгінде әрбір азамат Жаңа Қазақстанды құру, осы жолда қандай да бір үлес қосу жайында ойланып жүргені анық. Еліміз талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешкен.
Десе де, ұдайы дамуын тоқтатқан емес. Мемлекеттің дамуы мен азаматтық қоғам құрудағы бірден бір кедергі ол жемқорлық екені мәлім.
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ, жемқорлықпен күресіп келеді. Жемқорлық бұл –заман дерті. Өкінішке орай, бұл дерт біздің қоғамымызды да айналып өтпеді. Дегенмен, аталған дертпен күресу, оны түбегейлі жою өз қолымызда. Ол үшін әрбіріміз өз еліміздің, халқымыздың болашағын, Сіз бен біздің ұлдарымыз бен қыздарымыз адал әрі әділ қоғамда өсуіне өз үлесімізді қосып, жемқорлықтың қандай да бір белгісімен жұмыла күресуіміз керек. Намысшыл, патриот, адал ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.
Мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жол беруіне бірнеше себеп бар. Ол ең алдымен қызметшінің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымдарының төменділігі әсер етсе керек. Кейбір мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылықтарға немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне себебін тигізуде.
Жаңа Қазақстанды құру жолында алар биіктеріміз бен қол жеткізуге тиіс мақсаттарымыз көп. Осы орайда біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ.
Е.Сұлтанбеков,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы
Семинар сабақ өтті
Аудандық сотта «Мал ұрлауға дәніккендерге заңдық тұрғыдан кешірілім берілмейді» атты тақырыпта семинар-сабақ өтті.
Семинарға аудандық сотының судьясы Ж.Төлепбергенқызы, сот әкімшісінің басшысы Г.Несіпбекова, бас мамандар Ғазиза Данярова, Айнұр Шымырбекова, бас маман-сот отырысының хатшылары Олжас Сейтбаев, Жаңабек Мейірхан, бас маман-аға сот приставы Азамат Сұлтанбеков қатысты. Аудандық сотының судьясы Ж.Төлепбергенқызы өз сөзінде «Ауыр қылмыстардың бірі мал ұрлығы. Президент бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп отыр. Мал бүгінде халықтың байлығы емес, ол қашанда тіршіліктің көзі. Қазақ амандасқанда алдымен «мал-жан аман ба?» деп сұрайды. Оның мағынасы зор. Себебі қарапайым қазақ аздаған малымен жан бағып отыр. Соңғы жылдары мал ұрлығы кәсіпке айналып, ұйымдасқан қылмыс түрі болып кетті. Қазақстанда мал ұрлығының көп бөлігі орташа ауыр деңгейдегі қылмысқа жатады. Мал ұрлығын әшкерелеудегі ең басты кедергі осы дей келе ІІМ өкілдеріне мал ұрлығын әшкерелеуге кедергі малды жайылымға қараусыз жіберу белең алған; малды жүк көліктерімен ілеспе құжаттарсыз не жалған ветеринарлық төлқұжатпен алып жүру деректері көп, жайылымға қараусыз кеткен малды іздеуге полиция көп күш пен ресурс жұмсайды; мал иелері иелігіндегі мал ұрлығы туралы полицияға дер уақытында хабарламайды; малды сәйкестендіру және есепке алуда шешілмеген мәселелер бар екендігін де тілге тиек етті.
Сот әкімшісінің басшысы Г.Несіпбекова, бірнеше рет мал ұрлағаны үшін немесе тұрғын жай, кәсіпорын, ұйым, мекеме, қора ауласына заңсыз кіргені үшін енді қылмыскердің мүлкін тәркілеу және 5-10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілетінін, қылмыстық топ арқылы немесе аса ірі көлемде (2 000 АЕК) мал ұрлағандарды 7-12 жыл мерзімге абақтыға қамау және мүлкін тәркілеу жазасы күтіп тұр. Одан бөлек, тараптардың ымыраға келуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатуды көздейтін ҚР Қылмыстық кодексінің 68-бабына түзету енгізілді. «Енді татуласу мүмкіндігі қасақана қылмысты қайта жасағандарға, бұған дейін келісімге келу арқылы қылмыстық жауапкершіліктен босатылғандарға берілмейтіні туралы айтып өтті. Жиынға қатысушылар өз пікірлерін білдірді.
Дауды бейбіт түрде шешу жолы
Аудандық сотта «Дауды бейбіт түрде шешу жолы» тақырыбында семинар-сабақ болып өтті. Басқосуға аудандық сотының судьясы Жанат Төлепбергенқызы, сот әкімшісінің басшысы Гүлжан Несіпбекова, бас маман Айнұр Шымырбекова, бас маман Ғазиза Данярова, бас маман — сот отырысының хатшылары Жаңабек Мейірхан, Олжас Сейтбаев, жетекші мамандар Фариза Әметова қатысты.
Сарысу аудандық сотының судьясы Ж.Толепбергенқызы өз сөзінде:
-Қазақ елінің мыңдаған жылдардағы тарихында билер сотының ерекшелігі- оның дауласушы екі тараптың да мүддесінен шығатын әділ шешім қабылдай алатындығында еді. Бұл шешімдер өз заманында халық санасының, мәдениетінің дамуына әсер еткен. Қазақ жерінде ежелден қолданылып келе жатқан, өз дәуірінде әділдіктің, шындық пен имандылықтың озық үлгісі болған, тарихи үлкен рөл атқарған билер сотын 19-шы ғасырдың екінші жартысында патшалық Ресей өлкені басқару жөніндегі әкімшілік аумақтық реформалары арқылы жойған. Қазіргі уақытта елімізде жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформаларының негізгі мақсаты- Қазақстанның жаңа даму жағдайына сай жаңа сот жүйесін құру кезеңінде, медиация институтын дамыту. Оның қоғамдық келсімді нығайтудағы және қоғамдық сотқа деген сенімін арттырудағы ықпалы өте зор. Медиация қылмыстық және қылмыстық теріс қылықтар бойынша және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша да қолданылуда. ҚР Қылмыстық кодексінің 68-бабында қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшырауымен байланысты емес онша ауыр немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірілген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататыны көрсетілген.
Атап айтқанда, медиатор медиация тараптарына қылмыстық процесті жүргізген орган беретін ақпаратпен танысуға, медиация тараптары болып табылатын қылмыстық процеске қатысушылар туралы деректер мен танысуға, қылмыстық-процестік заңға сәйкес кездесулердің саны мен ұзақтығын шектемей медиация тараптары болып табылатын қылмыстық процеске қатысушылармен оңаша және құпия кездесуге, тараптарға медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келсім жасауға жәрдемдесуге құқылы,-деді.
«SARYSÝ-AQPARAT»
ХАБАРЛАМА
«Qazinnovations» Инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ (бұдан әрі- Қоғам) бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтерді көрсетуге конкурстық іріктеу (бұдан әрі-Конкурс) өткізілетіндігін хабарлайды. Конкурс жеңімпаздарына грант қаражаттары беріледі.
Бизнес-инкубациялау-шағын кәсіпкерлік субъектілеріне олардың жұмыс істеуінің бастапқы кезеңінде инновациялық жобаны пысықтау шеңберінде үй-жайлар беру, ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық, консалтингтік және ақпараттық қызметтер көрсету болып табылады.
Қоғам бизнес-инкубациялау/акселерациялау бағдарламасына қатысушыларды тартуға жәрдемдесу және осы бағдарламаны іске асыруға жан-жақты қолдау көрсету үшін кеңес алуға мүмкіндіктеріңіз бар.
«Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты» білім беру мекемесі, байланыс тұлғасы –Гүлмира Метерова, ұялы тел. +7 747 208 5684, gulmira.meterova@mail.ru.
Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі
жәрмеңке өтеді
2023 жылы 24 тамыз күні сағат 11.00-де «Сарысу ауданы бойынша мансаптық орталық филиалы»КММ-ның ұйымдастыруымен Сарысу аудандық мәдениет үйінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтетінін хабарлаймыз.
«Сарысу ауданы бойынша мансаптық орталық филиалы» КММ