Құрылысшыларға құрмет көрсетілді
Құрылыс — еліміздің өркендеуі мен қарыштап дамуында ерекше орын алатын ауқымды саланың бірі. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде құрылыс саласы жаңа леппен, жаңару мен жаңғырудың алдында келе жатыр. Түрлі нысандар мен сәулетті ғимараттарды салуда аянбай қызмет етіп жүрген сала мамандарының еңбегі қашан да елеулі болмақ.
Осыған орай, өткен аптада аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында құрылысшылар күніне орай құрылыс саласының мамандарымен, ардагерлерімен кездесу өткізілді. Жиында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов құрылыс саласының ардагерлері мен мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
— Соңғы жылдары ауданда құрылыс жұмыстары қарыштап дамып келеді. Әдемі құрылыс өңірдің де ажарын ашады.
Ағымдағы жылы 16 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олардың арасында елді мекендерге газ құбырларын тарту, ауыз су құбырларын жөндеу, әлеуметтік нысандар салу, жолдарды жөндеу, көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, сондай-ақ абаттандыру, көріктендіру жұмыстары бар. Сонымен қатар, жекелеген тұрғындар да жер учаскелерін алып, тұрғын үйлер тұрғызуға күш салуда. Мұның бәрі ауданда құрылыстың қарқынды жүргізіліп жатқандығын, құрылысшылардың аянбай еңбек ете білетіндігін көрсетеді.
Осынау мерейлі мереке қарсаңында ауданымыздың өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан және қосып келе жатқан құрыш қолды құрылысшыларға риза-шылығымызды білдіреміз, — депі ізгі тілегін жеткізген Қайрат Тілеубайұлы ауданымыздың өсіп – өркендеуіне үлес қосқан еңбек ардагерлері мен құрылысшыларды аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады. Аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков құттықтау лебізін білдіріп, кәсіби мереке иелерін аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады. Өз кезегінде сөз сөйлеген сала ардагерлері елімізде құрылыс саласының қанат жайып келе жатқанын айтып, аталмыш мерекеде көрсетіліп жатқан құрметке алғыстарын жеткізді.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»