Спорт саласы түрленіп келеді
Спорт — бұл жанның айнымас серігі. Жанға қуат, көңілге сергектік сыйлайтын денені шынықтыру адамды төзімділік пен қатар сенімділікке жетелейді. «Шынықсаң шымыр боласың» дегендей салауатты өмір салтын қалыптастыру болашаққа деген қадамның үлгісі болары анық.
Бүгінде елімізде спорт саласы қанатын кеңге жайып, дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға тапсырма берген болатын. Ол туралы да 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды ұсынып, спорттың маңыздылығын айтты. «-Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы жағдайында кәсіби спорт клубтарын толығымен мемлекет есебінен ұстаудың мағынасы жоқ. Мемлекет пен квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімді жұмсалмайды. Бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және әрине, балаларға басымдық беру керек»-деді. Түрлі қолдаулар мен мәнді мақсаттың арқасында аталмыш салаға ден қойылып, нақты бағдарламалар үйлестіріліп келеді.
Бүгінде ауданымызда спорт саласы қарыштап, қадамын нық басуда. Халықты салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақыратын түрлі форматтағы шаралар өткізіліп жатыр. Бұл туралы аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Бердібаев өз сөзінде: — Бүгінгі күні аудан бойынша халық саны 45248 дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушы тұрғындар саны 17845 адам жалпы 41,5 % құрайды. Аудан көлемінде өткізілетін спорттық іс-шаралардың күнтізбелік іс–шара және жұмыс жоспары жасалынып, бекітілген. Бұқаралық спортты дамыту үшін 2023 жылдың қаңтар-маусым айлары бойынша ауданымызда бірқатар спорттық іс-шаралар өткізілді. Атап айтсам, жыл басынан бері ұлттық спорт түрлерінен 44 іс-шара ұйымдастырылып, 2935 адам қамтылды.
Қазіргі таңда аудан бойынша 250 спорт нысаны бар. Тарқатып айтсам, 2 спорт кешені, 1 стадион, 32 спорт зал, 28 футбол алаңы, 173 спорт алаңшасы, 14 орнатылған залдар халық игілігі үшін жүзеге асуда. Оның ішінде 250 — і спорт нысандары тұрғындар үшін қолжетімді болып отыр. Оларда аудан тұрғындары тұрақты түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануы үшін кесте жасалып, ілінді. Сонымен қатар, қала және әр округ бойынша мемлекеттік қызметкерлердің жүйелі түрде спортпен шұғылдануына ықпал жасау мақсатында қолжетімділік кестесі әзірленіп, спорт басқармасының келісімімен аудан әкімімен бекітіліп, тиісті ғимараттарға қойылды.
Облыс әкімі мен аудан әкімі арасында жасалған келісімнің түйінді ны-саналы индикаторларының 2023 жылға жоспар бойынша Дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын барлық жастағы тұрғындарды қамтуды ұлғайту көзделуде»-деді.
Спорт саласына 31 жылын арнап, ауданның экономикалық даму жолында аянбай тер төккен басшының біліктілігі әрқашан жоғары. Бұқаралық спорттық іс — шараларды өткізу орталығының директоры А.Ниязов — облыстан шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі төреші. Жас болса да төрткүл дүниені аралап, әлемдік жарыстарда төрешілік ету абыройлы міндет. А.Серікұлын ауданымыздағы спорт саласының жай-күйі туралы әңгімеге тартқанымызда атқарылған жұмыстардың ауқымды екеніне көз жеткіздік.
— Салауатты өмір салтын қалыптастыруда ауданымызда «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы» жұмыс жасап келеді. 2020 жылы жұмысын бастаған мекемеде штат бойынша 19 қызметкер жұмыс жасайды. Жалпы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және аудан көлемінде жастар арасында бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу мекеменің бас-ты міндеті болып табылады.
Спортпен шұғылданушы жастардың саны — 6860 адамды құрайды. Жыл басынан бері аталмыш мекеменің ұйытқы болуымен 102 іс-шара өткізіліп, 15600 -дан аса адам қамтылды. Ел болашағы жастар десек, бүгінгі жастардың келешегінен күтер үміт мол. Ел үкілеген сенім де ақталып, жастарымыз түрлі әлемдік сайыстарда биіктерден көрініп жүр. Жыл басынан бері түрлі деңгейдегі жарыстардан 41 алтын, 57 күміс, 109 қола медаль еншілеп барлығы 207 медальмен қанжығамыз майланып жатыр. Бұл аудан үшін жоғары жетістік. Осы жастардың арасында жоғары жетістікке жеткен спортшыларымыз туралы айтсам; Астана қаласында өткен Қазақ күресінен «Дала қырандары» Республикалық турнирінде Нұр Аманшүкіров жеңімпаз атанса, Румынияның Констанца қаласында өткен Қазақ күресінен әлем біріншілігінде Нұрболат Мырзанов әлем кубогының иегері атанды. Армрестлингтен Түркияның Анталия қаласында өткен әлем чемпионатында Сейдіш Сандуғаш қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанса, Рамиля Салимьянова Самбо күресінен Атырау қаласында өткен Азия құрлығының жеңімпазы болды. Ал, жас өреніміз Әбдікеш Мерей белбеу күресі Әлем біріншілігінде чемпион атанып, еліміздің атын танытты. Болашақта талай додаларда даңқты спортшыларымыз абыройымызды көтеретініне сенім мол. 2023 жылға жоспарымызға тоқтала кетсем, ұлттық құндылығымыз қазақтың ұлттық ойындарын қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Олар жасөспірім және жастар арасында ат спорты түрлері (Теңге ілу, аударыспақ, тай, құнан және аламан бәйге, Көкпар ойыны), әйелдер және қыздарға арналған ұлттық Шекемтас (Бес асық) ойыны, Асық ату секілді ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылады. Осы орайда айта кететін жайт қазіргі таңда тұрғындарға арналған спорт нысандары қолжетімді, арнайы кесте бойынша спортпен шұғылдануда. Ендігі кезекте ұлттық спортымызға жете мән беріп дамуына үлес қосуды жоспарлап отырмыз. Дамыту жолында атқарылуға қажетті ұлттық спорт түрлеріне арналған спорт нысандарын қалыптастырсақ. Қазіргі таңда Жаңатас қаласы тұрғындарының сұранысы Жаңатас қаласында ат спорты түрлеріне арналған арнайы нысан белгіленсе деген ұсынысым бар,-деді. Орынды ұсыныс қолдау табады деген сенім де жоқ емес. Елдің атын спортшылар шығарады десек, сол спортшылардың шыңдалуына өлшеусіз үлес қосып, жарыс-тарда баптап жүрген жаттықтырушылар туралы да айтпай кетпесек болмайды. Сөз кезегі келгенде талай спортшы жастарға үлгі болған, көптеген шәкірттерді тәрбиелеген ауданның Құрметті азаматы, № 26 Жаңатас балалар — жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы С.Ниязов ауданға еңбегі сіңген бапкерлер туралы тілге тиек етті.
-Ауданымызда спорт саласында еңбегі ерен жаттықтырушылар көп. Талай спорт саңлақтарын тәрбиелеп, төзімділік пен қайсарлықты үйреткеннің арқасында мықты чемпиондар түлеп жатыр. Сарысу өлкесі спорт саласының ардагерлерімен мақтанады. Олар-Низами Әлиев, Төленбек Әсембеков, Тастанбек Шайхыстамов, Көпжасар Жексаев, Сейілхан Сайлауханұлы. Бұл кісілер бүгінде аудан жұртшылығына сыйлы азаматтар. Сонымен қатар, бүгінде спортқа еңбегін сіңіріп жүрген жаттықтырушыларды айта кетсек, Бақыт Батырұлы, Уалихан Кемалов сынды Әділет Сағаділда, Рүстем Малдыбаев, Ержан Төлепберген. Жаттықтырушыларға деген құрметіміз әрқашанда жоғары тұрады,-деп түйіндеді.
Асуың
алда болсын Асу
Спорт ұлы мақсаттарда анық жеңістерге жетелеп, абырой мен даңқты жолдарға апарады.
Жақында азуын айға білеген Америка құрлығынан жағымды жаңалық келіп жетті. Америка Құрама Штаттарының Нэшвил қаласы Бриджстоун — арена кешенінде өткен UFC Fight Night турнирінде жерлесіміз Асу Алмабаев алғашқы дебюттік кездесуінде қарсыласы Ямайкалық Оде Осборнді (12-5) екінші раундта қылғындыру әдісімен жеңді. Талабы таудай спортшының бұл жеңісі көптеген сарапшылардың арасында қызу талқыға түсті. Расында жанарында от ойнаған оғланымыздың келешегі жарқын. Октагонда жүргізуші «Асу Алмабаев, Қазақстан, Жаңатас» деп айтқанда еңсең көтеріліп қалады екен. Ауданымыздың ғана емес еліміздің атын әлемге паш ете білген жауынгердің рухты мінезінің арқасында қара нардай «Ямайка сенсациясы» атанған жауынгерден айласын асырып, басым түсті.
Асу Алмабаев- 1994 жылдың 25 қаңтарында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Жастайынан спортты серік еткен чемпион әр жылдарда өткен көптеген сайыстарда қанжығасы майланып, жүлделі орындардан көрінді. Джиу-джитсу күресінен Қазақстан чемпионы, Комбат джиу-джитсудан Азия чемпионы, Комбат джиу-джитсудан екі дүркін Әлем чемпионы, M1 — GLOBAL лигасының чемпионы, NAIZA FC лигасының чемпионы. Ендеше, жерлесімізге алдағы жекпе — жектерде тек жеңіспен елге оралуына тілектеспіз.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»