ҰСТАЗ МҰРАТЫ
Ұстаз! Осынау қастерлі де қасиетті атқа лайық мамандар көп болған сайын еліміздің келешегі кемелдене түсері анық. Халқыма болсын дейтін ұстаздар ғана Сұлтанмахмұт айтқан «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болып», зияткер ұрпақ санасына білім мен тәрбиенің нәрін молынан құйса ертеңіміз үшін алаңдамауға болады. Кәсіби білікті, нағыз ұлтжанды ұстаз ғана намысшыл өскелең буын, білімді оқушы тәрбиелесе, мемлекетшіл, елжанды тұлға қалыптастырудың алғышарты осы.
Мен сондай ұстазды көрдім. Ұстаз болғанда да бір қолына музыка саласының ілімі мен білімін, бір қолына оқушының санасы мен жүрегін ұстаған ұлағатты ұстаз. «Александрия шамшырағы» сияқты Қасым ақын айтатын «түсірген ой сәулесін шартарапқа», ұстаз деген ұлы мамандықтың туын жықпай, 45 жылдан аса еңбегінің өтілін білім ордасының қабырғасында өткізген ұстаздардың ұстазы – Әуесбай Бақбергенұлы. Біз Әукеңмен ғұмырдың еңбек дариясында қатар жүзген заман құрдаспыз. Ол кісіден бір жас қана үлкендігім бар. Қызмет жылдарымыздың әр кезеңінде емен-жарқын етене араласып-құраластық. Жастық шақтың естен кетпес қызықты да қымбатты дәурені ортақ болды.
Мектеп – тәрбиенің ортасы ғой. Оқушыларымыздың қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында сан қилы конкурс, айтыс, концертке қатыстыру ежелден әдетіміз. Сол кездері түрлі деңгейдегі іс-шараның басында Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесінің ұжымын үнемі алдыңғы қатардан көретін ек. Әсіресе, квартет болып сахна төрінде жүретін Әуесбай Бақбергенұлы, Асылбек Жанғарин, Серік Қалмағамбетов, Мұхит Мулкаразовтың өнері ерекшеленіп тұратын. Әукең көпшіл әрі кішіпейіл, қарапайым болғандықтан екеуіміздің нақты танысқан жерімізді кесіп айту маған қиындау. Себебі, мәдени-көпшілік іс-шараның барысында Әуес құрдасым адамды осы жаңа көріп тұрса да бұрыннан таныс адамша іші бауырына кіріп сөйлесіп кете беретін. Ашық-жарқын адамды кім жатсынсын?! Мен Сарысу ауданы Жайылма ауылының тумасымын. Әукеңнің қайын атасы, тамадан тарайтын Сақыпкерей Қайрошев қария кезінде Жайылма ауылында тіршілік кешіп, мал дәрігері болып ұзақ жыл сонда еңбектенгенін білем. Ендеше Әукеңе әріптес қана емес, бір жағынан күйеу бала деп қатынасатын да жөнім бар.
Әуесбай Бақбергенұлының өнер жанашыры ретінде ұлағатты ұстаз, парасатты педагог, майталман маман атануы – Алла Тағаланың маңдайға жазған ең ұлы сыйы деп білемін. Студенттерді өнер құдіреті арқылы тәрбиелеп, саз сиқырын сездіру, аспапты шебер меңгеруге талпындыру – ұстаз алдындағы ұлы мұрат. Асыл мұратына тәрбиелеген шәкірттерінің жеңісі мен жетістігі арқылы жеткен педагогтың ел руханияты алдындағы еңбегі телегей-теңіз. Оған дәлел ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталуы. Ерге жүк, елге сын болған заманда, өнер иелеріне тән нәзік жүрегімен ұстаз деген ұлы есімді арқалаған жанның ең жоғары алғыс пен марапатқа, мойындауға қай тұрғыдан да лайық екені рас.
Мен 1986-2001 жылдары Тараздағы әйгілі № 45 Бауыржан Момышұлы гимназиясының директоры болып 15 жылға жуық еңбек еттім. Келешегінен зор үміт күттіретін талай шәкірт шоғырын тәрбиеледік. Бір күні Әукең үлкен ұлы Қанатты гимназиямызға оқуға алып келді. Келген баланың алдымен бейімін сұрайтын әдетіме басып «қандай өнерің бар?» деп сауал тастадым. Қанат балам журналистикаға талаптанып, қалалық, облыстық, республикалық басылымдарда жас тілші атанып, қалам тербеп жүрген кезі екен. Қанатты бірден тәжірибелі ұстаз, мектебіміздің ардагері, қазақ тілі мен әдебиетінің жоғары деңгейлі маманы Жолтай Іргебайқызының сыныбына жіберуді ұйғардым. Үкілеген үмітім алдамапты, бағыт беруден қателеспеген екенмін. Қанат балам көп ұзамай-ақ гимназиямызда бірден көзге түсіп, қоғам белсендісі атанып, көптеген іс-шараның шебер ұйымдастырушысы, көшбасшы оқушыға айналды. Сол Қанатым бүгінде «Әуесбайдың Қанаты» деп алашқа атой салған елге белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері.
Гимназиямызда 1999 жылы мектепішілік «Ғасыр үні» газеті шыққан болатын. Қанатым осы газеттің тұрақты авторы болды. «Жамбыл-Тараз», «Ақжол», «Ұлан» сияқты қалалық, облыстық, республикалық газеттерге де жазып тұрды. 1997-1999 жылдары гимназиямызда Американың Солт Лейк Сити қаласынан келген Скат Урбом есімді шетелдік азамат ағылшын тілінің мұғалімі боп еңбек етті. Қанат Скаттың қасына еріп жүріп, жедел арада ағылшын тілін меңгеріп алғаны есте. Мұхиттың ар жағынан келген мұғалім туралы Қанат «Жүрегі қазағымен бірге соққан» деп аталатын мақаланы «Жамбыл-Тараз» газетіне жариялағаны есте қалыпты. Сөйтіп жүріп, Қанатымыз мектебімізде «тілші оқушы» атанып кеткен.
Баланың жақсы болмағы «мектеп-ата-ана-оқушы» үштігінің өзара тығыз байланыста болуына тікелей тәуелді екені белгілі. Қанаттың әке-шешесі Әуесбай Бақбергенұлы мен Рабиға Сақыпқызының екеуі де ұстаз. Сондықтан да болар олар мектептің қоғамдық өміріне жиі араласып, белсенді, сыйлы ата-ана болды. Ұстаздардың бір мұраты – елдің балаларына білім беріп, тәрбиелей отырып, өз ұрпағын да қатардан кем қылмай өсіру екені анық. Әуесбай құрдасым мен Рабиға сіңлімнің бұл тұрғыдағы асыл мұраты орындалды деп ойлаймын. Олар ұстаз ретінде талай шәкірттің санасына сәуле түсіріп, ата-ана ретінде де өнегелі отбасы боп Жанат, Қанат, Қуаттай парасатты перзент тәрбиеледі. Ұстаз мұратына жетсе, одан асқан бақыт жоқ, сірә.
Айман САДЫҚҚЫЗЫ,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
Ы. Алтынсарин төсбелгісі иегері,
«Құрмет» ордені иегері