Ұсыныстарын ортаға салды
аудан әкімі Сәкен Мамытов мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Байқадам ауылдық округіне атбасын тіреп, ауылдық округтегі әлеуметтік нысандарды аралады.
Ең әуелі аудан басшысы ауылдық емхана мен инфекциялық емхана бөлімін аралап, емделушілердің жағдайларын, жылыту маусымына дайындығын көрді.
Аралау барысында аудан әкімі аудандық орталық аурухананың бас дәрігеріне емхана бөлімшесінің алдына тазалық жұмыстарын жүргізіп, қираған орындықтарды, тал-дарақтарды қалпына келтіріп, гүл егіп, емделушілерге қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Одан кейін Б.Қашқынбаев атындағы орта мектебіне барды. Мектеп директоры Л.Нұрмаханова мектептің оқу жылына дайындық барысын таныстырды. Аудан әкімі мектеп директорына мектептің спорт алаңшасын шөптен тазалап қалпына келтіруді, электр бағанасын жөндеуді тапсырды. Сонымен қатар, Саудакент ауылында орналасқан аудандық ветеринариялық станция мен республикалық ветеринариялық лабораторияның, Саудакент өрт сөндіру бөлімшесінің де жұмыстарымен танысты. Өрт сөндіру бөлімшесінің жеке құрамының өрт қауіпсіздігін сақтауға дайындығын қарады. «Ақбота» бала-бақша, ауылдық мәдениет үйі мен кітапхана, спорт мектебін аралап, басшыларына абаттандыру және тазалық жұмыстарын қалпына келтіру бойынша тапсырма берді. Сапар барысында Ы. Дүкенұлы кесенесінің, ауылдағы саябақтың жай-күйін көрді.
Сонымен қатар ауылдық округ әкімі аппаратының ғимаратында тұрғындармен кездесіп, ұсыныс — пікірлерін тыңдады.
Кездесуде аудан әкімі жыл басынан бері ауданда, оның ішінде Байқадам ауылдық округінде атқарылған және атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
-Ағымдағы жылы бұл округке 2,9 млн. теңге қаржы қаралып, ауқымды жұмыстар жүргізу жоспарланған. Негізінен, ауылдың ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту, 3 көшені орта жөндеуден өткізу, 3 көше мен орталық саябақты жарықтандыру, ауылға кіші футбол алаңын орнату, Ы.Дүкенұлы кесенесіне, ауылдық мәдениет үйінің қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауылдағы зиратты темірбетонмен қоршау сияқты жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, 1,9 млрд. теңге қаржыға сода зауытына су құбыры тартылып жатыр. 2019-2020 жылдары ауылдық округ «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына енгізіліп, тұрғындар жеңілдетілген пайызбен несие алды. Қазіргі таңда жобаның жалғасы ретінде ауыл тұрғындарының мүйізді ірі қара малдарын ақысыз түрде қолдан ұрықтандыру жүргізілуде, -деп аудан бойынша алдағы атқарылатын жұмыстарды да айтып өтті.
Кездесуде ауыл тұрғындары газдандыру, ауыз су, орталық стадионды коммуналдық меншікке алу, жайылымдық жер, ағын су, ауылдық аурухананың жағдайы сияқты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.
Тұрғындар тарапынан қойылған ұсыныс-пікірлерге аудан әкімі және тиісті сала басшылары нақты жауаптар беріп, кейбір мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға мәселелерді нақтылап, бақылауға алып жұмыс жүргізу үшін тапсырмалар берді.
Сонымен қатар, ауылдық округ әкіміне ауыл өмірін одан әрі жақсарту бағытындағы бірқатар тапсырмаларды жүктеп, жиынды қорытындылады.
Сәулет Есқараев,
«Sarysý»