Ауыл тұрғындарымен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер жыл көлемінде халықпен кездесулер өткізеді. Жиындарда халықты толғандыратын өзекті мәселелер тыңдалады.
Осыған орай, аудан әкімі Сәкен Мамытов Жаңаарық ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен жүздесті.
Ең әуелі аудан әкімі ауылдық округтегі Шоқпар жел электр станциясының жанынан соғылып жатқан тікұшақ қонатын алаңға барды. Құрылыс алаңында болып, инфрақұрылымдардың жұмысымен та-нысты. Одан кейін Ұ.Сыздықбайұлы және Ақтоғай ауылдарында болып, әлеуметтік нысандарды аралады. Көмір түсіру жұмыстары басталғанын көріп, жылыту маусымына дайындықтарын тексерді. Сондай-ақ ауылдардың тазалығы мен абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Аудан әкімі аралау барысында ауылдық округ әкіміне, тиісті мекеме басшыларына алдағы уақытта ауылды және әлеуметтік нысандардың айналасын көгалдандыру, ағаш отырғызу, аулаларға гүл егіп, тазалыққа баса назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар, Ұ.Сыздықбайұлы және Ақтоғай ауылдарының тұрғындарымен кездесу жиындарын өткізді.
Жиынға тиісті мекеме, кәсіпорын басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Басқосуда аудан әкімі сөз алып, мемлекет тарапынан қолдаулар мен ауданда жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқталды.
— Жаңаарық ауылдық округі бойынша біраз жұмыстар қолға алынды. Ағымдағы жылы Ақтоғай ауылының ауыз су жүйесінің құбыр желілерін қайта жаңғырту, Ақтоғай, Ұ. Сыздықбайұлы ауылына жасыл белдеу, Ақтоғай ауылы Шоқай датқа көшесінің тау бөктерін жарықтандыру, ауылдық әкімшілікке ғимарат сатып алу жұмыстары жүргізіледі. Биылғы жылы бұл округ «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына еніп, ауыл тұрғындарына 2,5 пайызбен несие берілуде, -деп ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен биылға жоспарланған міндеттер туралы да тілге тиек етті. Жиын барысында ауыл тұрғындары ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Тұрғындар жайылымдық, шабындық жерлерді көбейту, ауылішілік жолдарды жөндеу, Талдыбұлақ өзенінің жоғарғы жағынан шлюз орнату, бетондалған латок, Ақтоғайға су каналын салу сияқты мәселелерді көтерді. Аудан әкімі тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, ауылдық округ әкіміне көтерілген мәселелерді нақтылап, келесі жылдың бюджетіне өтінім беруін тапсырды. Сондай-ақ ардагерлер халықпен етене жақын жұмыс жасап, кездесу өткізген аудан басшысына ақ батасын беріп, ризашылықтарын жеткізіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Сәулет Есқараев,
«Sarysý»