Көңілді күмбірлеткен фестиваль

0

Жаздың жаймашуақ күнінде халық кешкі серуенді сергектікпен өткізгісі келеді. Әуезді ән мен күмбірлеген күй тұнған кеш әр тұрғын үшін мерекелі сәт. Аудан жұртшылығына бар өнерін жолдап, ыстық лебізін арнайтын түрлі форматтағы фестивальдер мен мағыналы ісшаралар ашық аспан астындағы айшықты сәттің көрінісіндей.

Тың іс бар жерде тыныстап, бірлігі жарасқан елдің ортасында өмір сүрудің өзі бір ғанибет. Сарысу өңірі бақ пен берекеге, ырыс пен ынтымаққа толы шұрайлы жер. Әр тұрғыны өнерді бағалай біледі, әнді тыңдап, жырды сезіммен қабылдай алады. Халықтың махаббаты асқан шабытқа жетелеп, өнерпаздарымыз бойындағы таланттарын асыра көрсетуге тырысады. Осындайда аудан жұртшылығына бар өнерін жолдап, ыстық лебізін арнайтын түрлі форматтағы фестивальдер мен мағыналы іс-шаралар ашық аспан астындағы айшықты сәттің бір парасы.

Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауданымыздың 95 жылдығына орай, Саудакент ауылында бастау алған

«Саялы өлкем – Сарысуым» атты мәдениет және өнер фестивалі халықтың оң бағасын алып, жалғасын тауып жатыр. Апта соңында қаладағы мәдениет үйінің алаңында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы»  және «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы» КММ-нің бірлесе ұйымдастыруымен концерттік іс-шара өткізілді. Кешті ауданымызға танымал блогер Б.Балғабай жүргізді. Әсем әуенмен өрілген шараның шымылдығы аудандық мәдениет үйінің әншісі Е.Оңғарбековтың «Қазағым» әнімен ашылды. Жаңатас қалалық өнер мектебінің жас күйшілері Қазанғаптың «Ақжелен», Құрманғазының «Адай» күйлерін орындап, көпшілікті бір серпілтіп тастады.

Мұнан соң «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы Н.Айнабекова «Көзіңнің мөлдірін — ай» әнін әуелете шырқаса, аудандық мәдениет үйінің жезтаңдай әншісі Қ.Темірбек «Жаныңдамын» әнімен көпшіліктің ықыласына бөленді. 2022 жылы өткен аудандық «Екі Жұлдыз» байқауының жүлдегері Б.Қыдырәлі «Туған жер» әнін орындап, халықты рухтандырды. Қызықты өткен фестиваль барысында аудан жастарынан құралған «Жаңа Париж» жайдарман тобы әзіл-сықаққа толы өнерлерін ортаға салды. Тұрғындар арасында логикалық сұрақтар қойылса, қыздар мен келіншектер қымыз ішуден сайысты. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Шара барысында бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының қызметкерлері кір тасын көтеруден жарыс ұйымдастырып, жеңімпаздар «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды. Әні мен сәні жарасқан кешке халық оң бағасын беріп, қошеметін аямады.

Думанға толы кеш өзектілігін жоғалтпайды. Өнерге құштар әр баланың талантын ашып, қабілетін танытатын мұндай шаралар қажет-ақ. Әр аптаның жұмасына жоспарланған фестивальдің қызықтары мен тосынсыйлары әлі алда екеніне шүбә жоқ.

Самат Тоқбанов,

 «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.