Қоғамдық жұмысшыларға құрмет

0

Таңның арайлап атуымен ел ішінде қауырт жұмыстар бас-талып, адамдар күнделікті тірлігіне асығады.

Отбасының қамы үшін деп бірі қоғамдық  жұмысқа бекінсе, енді бірі классикалық үлгідегі киімін киіп кеңселік қызметіне барады. Осындайда елден бұрын тұрып, таңғы нәсіп тәңірден дейтін санаулы сала мамандары бар. Солардың бірі көшенің тазалығын таңсәріден бастайтын қоғамдық жұмысшылар. Еңбектері көп жағдайда көріне бермейтін қызметкерлердің табан талмай қолдарына сыпырғы мен күректі алып жұмысын бастайды. Тұрғындардың көзіне «сарғылт кеудешесімен» бірден түсетін қоғамдық қызметкерлердің атқаратын шаруалары расында ауыр. Қыстың қақаған күнінде қар күреп, мұз ою, жаздың аптап ыстығында күннің астында еңбек етуде қажырлық та керек. Осындайда адал еңбекті бағалап, құрмет көрсетіп жүрген жандар да баршылық.

Елдің аманатын арқалап, жақсылық жасауда алдына жан салмай келетін «Сарысу Аманат» қоғамдық қорының игілікті істеріне өңір жұртшылығы куә болуда. Жуырда қала күні мерекесі қарсаңында аталмыш қордың ұйытқы болуымен елге үлгі болар іс жасалды. Қордың жетекшісі Самат Жанкужаев жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен көше сыпыратын қоғамдық жұмысшыларға арналған қайырымдылық шарасы өтті. Шараға 11 қоғамдық жұмысшылар қамтылды. Игі іс құрмет иелерін қала ішін жеке кәсіпкер Дәурен Бердияровтың «лимузин» көлігімен аралатудан басталды. «Сарысу саңлақтары» аллеясына аялдаған көлікті ұйымдастырушылар қошеметпен күтіп алды. Сөз сөйлеген     С.Болатұлы қоғамдық жұмысшылардың қаланың тазалығын сақтауда еңбегі ерен екендігін айта келіп, қала күні мерекесімен қатысушыларды құттықтады. Мұнан соң жерлесіміз Нұрлан Сеитбеков жұмысшыларға қаржылай сыйлық тапсырса, жеке кәсіпкер Абдуманап Байсалбаев естелік сый-сияпат пен гүл шоқтарын берді. Мұндай құрметті күтпеген қызметкерлер өз кезегінде ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.

Бақсақ, шағын ғана іс- шарада қаншама көңіл, қаншама имандылық жатыр. Сауабы таудай іс өзге де жандарға өнеге-ақ. Ізгі тілекке мұрындық бола білген қоғамдық қордың жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынына сенім мол.

Самат Тоқбанов,  «SARYSÝ»

Жайнай бер, Жаңатасым

Жаңатас менің қалам – мен үшін дүние жүзіндегі ең қымбат, ең асыл мекенім. Әрбір адамның сүйікті қаласы бар. Көбіне адамдар сүйікті қалам деп өзі туылған, балалық шағын өткізген жерді айтады. Өйткені әр адам өзінің балалық шағынан естеліктерді, тұрған мекенін әрқашан жүрегінде сақтайды.

Мен бұл қалада туылмасам да, оны шын көңіліммен жақсы көрем. Мен оған сіңісіп кеткенім соншалықты оның әсемдігін толықтыра түсетін табиғаты, жаңадан пайда болып келе жатқан зәулім болмаса да аяғына нық тұрған үйлері, саябақтары, әрбір үйшігі, тіпті Жаңатасымның өзінде өскен бір тал гүлінің өзі менің өмірімде үлкен орын алады.  Негізінен қаланы жақсы көру үшін оның атағы жайылған зәулім қала, немесе миллионер қала болуы шарт емес. Жаңатас тыныш, әлсін-әлсін дамып келе жатыр.

Жаңатасқа алғаш келін болып келгенімде, қаламыздың көркі сүреңсіз болып, тоқырау алдында тұрған еді. 90 — шы жылдардың басында ел басына түскен қиын кезең моноқаланы да айналып өтпегені рас. Үміт пен үрейдің құшағында тұрған кенді өлкенің болашағы бұлыңғыр секілді көрінді. Дегенмен, жарқын істерге деген жылт етер сенімнің жоғалмағанын жасырмаймын.

Ал   қазіргі   уақытта осы қаланың  шашымды сыйпай өтетін  желге, төбемізде жарқырап тұрған күнге, қазақ еліндей тәуелсіз мемлекетіміздің ішінде тұрып, бой көтере бастаған қаламыздың өркендеуіне куә болғаныма, осы қаланың жігітіне тұрмысқа шығып, жолдасым екеуміз қаламызды көркейтер ұрпақ өсіріп жатырмыз. Құт қонған мекеннің күн өткен сайын көркейгенін көрудің өзі бақыт. Әсем қала талай үміттерді ақтап, көзінде оты бар, жанары сөнбеген жастардың және оған сенген тұрғындардың көңілінен шыға білген. Бұл қалада тұратыныма мен шексіз бақыттымын.

Қаламның биігінде желбіреп тұрған көк байрағымның ғұмыры мәңгі болсын!

Ғалия Атанчаева,

Жаңатас қаласы әкімі

аппаратының қаржы- шаруашылық  бөлімше

Leave A Reply

Your email address will not be published.