Жан жүрегім-Астана

0

Жаз айы келіп, бала-шағамды қыдырту үшін жыл сайын Астана қаласына барамын.

Ол жерде балаларым мені аяғымды жерге тигізбей күтіп алып, асты — үстіме түсіп, бәйек болып жүреді. Әр барғанымда бас қаламыз түрлі күйге еніп ажарлана түсуде. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, биіктерге ұмтылады. Тіпті әлемдік деңгейдегі күмбезді мешіт пен түрлі Халықаралық дәрежедегі жиын өтетін салтанат сарайлары қаланың көркін аша түскендей әсер қалдырады. Осындай Тәуелсіз еліміздің айнасы — нұрлы Астанамыздың қарыштап дамуы алдымен Президентіміздің арқасы деп білемін. Мұнда жанға жайлының бәрі бар. Еңселі Елордамыз бейбіт күннің жаршысындай биіктерге самғауда.

Астана — елдіктің қаласы. Қаншама үміт пен үрейдің арасында жүріп нық сенімнің арқасында армандар орындалған қастерлі қала. Ендеше, кемел келешектің іргетасына айналған ару қаламыздың ғұмыры ұзақ болсын!

Фатима Есенбаева,

Зейнеткер

Бақыт мекені-Елорда

Астанаға барып, демалып қайту менің ең сүйікті ісіме айналған. Ол жерде менің ең жақын достарым жылы шыраймен  қарсы алады.

Зәулім  үйлер  мен биік ғимараттарды көріп құдды бір шет елде жүргендей боламын. Осындай көрікті қалам бар екенін көріп кеудемді мақтаныш кернейді. Мұнда жастарға арналған түрлі ойын алаңдары, мега орталықтар, аквариумдар ғаламат көңіл күй сыйлайды. Шартараптан келіп жатқан туристтерді көргенде оларға өз елімнің тарихын, жетістігін жеткізгім — ақ келеді. Тек тілді білмеуімнен ыңғайсызданамын. Келешегімді бас қаламен байланыс-тыруды қалаймын. Осында жоғарғы оқу орнын үздік бітіріп, елім үшін Елорданың әсем жерлерінде асқан шабытпен қызмет еткім келеді. Себебі, Астана армандар орындалатын асыл қала!

Арайлым ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

 Жаңатас қаласы

Есіл жағасында

Қауырт тірліктерден қол босап қалт еткен шақта қалам тербеп көргенімді жазатын әдетім бар.

Мен өзімнің демалысымды еңселі Елордаға еркелей құйған Есілдің жағалауында толқынмен бірге толқып, музамды тапқандай боламын. Есіл қазағыма біткен қасиетті өзен. Дархан далаға қоныс тепкен ару қаланың көркін су аша түскендей. Талай ақын мен сазгердің ән — жырына арқау болған Есіл бойы шалқар шабыт пен таусылмас лирика сыйлайды. Сазгер Илья Жақановтың «Есіл бойы» әнінің шығуы да жағаға ұрған ерке өзеннің әсері болса керек. Төменге қарай төгілген сумен жыр да төгілетін сияқты. Кенет  әсем әуеннің де лебі есіп барады. Әрине, мұны сезіммен, жүрекпен ұғыну керек.

Есіл — Арқаның бойындағы ерекше сылқым өзен болса Астанамыз сол сұлулыққа сән берген келбетті қала. Ендеше, бір- біріне үйлесім тапқан «қос арудың» жұптары жазылмасын деп тілеймін.

Айдана КАРИЕВА, жас кәсіпкер

Leave A Reply

Your email address will not be published.