Шахмат-ақыл мен ой спорты

0

Жастардың бойындағы дарыны мен қабілетін танытатын, есептеп, әр тасты баппен, байыппен қоятын шахмат ойыны — қоғам арасында кеңінен танылып жүрген спорттың түрі. Маңызды сәттерді қалт жібермей әр қадамда жеңіске жетуге ұмтылатын бұл спорт түрі расында ақыл мен ойды қажет етеді.

Стратегия мен ұтымды тактикадан тұратын шахматтан түрлі жарыстар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Жерлесіміз, кино мен театрдың тарланы — Асанәлі Әшімов шахматты сүйікті хоббиіне айналдырып, жыл сайын аталмыш спорт түрінен түрлі дәрежедегі жарыстар өткізуде мұрындық болып жүр.

КСРО-ның халық әртісі қаймағы бұзылмаған туған жерін бір сәтке де ұмытпай ауданның қарыштап, дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Тарихы тереңге жайылған сарысулықтар ерен тұлғаны қашан да құшақ жайып қарсы алады. Құрмет пен қошеметке бөленіп жүрген нар тұлға туған жеріне ат басын бұрып, өз жұртына ыстық ықыласын арнауды перзенттік парыз санайды.

Аптаның бейсенбісінде Жайылма ауылдық округіндегі Б.Тоғызақбаев атындағы спорт кешенінде аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Бұқаралық спорттық іс шараларды өткізу» орталығының ұйымдастыруымен Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, даңқты жерлесіміз Асанәлі Әшімовтың жүлдесіне арналған жасөспірімдер арасындағы шахматтан республикалық турнир өткізілді. Жарысқа Астана, Ақтөбе, Тараз қалаларынан, Түркістан, Жамбыл облыстарының аудандарынан және Сарысу ауданынан 80-ге жуық жас шахматшылар қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов құттықтау сөз сөйлеп, жерлесіміз Асанәлі Әшімовтың еңбек жолы мен өмірінен сыр шертіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Ералиев ауылынан арнайы келген құрметті қонағымыз, еңбек ардагері  Бақтияр Ербол жарысты ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, шахматтың ой мен логиканың дамуына көп көмегі тиетінін айтты. Өнер тарланы аталмыш сайысты жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған. Жас шахматшылар ойларының озықтығын танытып, бір-бірінен асып түсуге тырысты.

Сонымен екі күнге созылып, тартысты өткен турнирдің қорытындысында:

Турнир төрт жас ерекшеліктері бойынша:

8 жасқа дейінгі ұлдар және қыздар

10 жасқа дейінгі ұлдар, қыздар

12 жасқа дейінгі ұлдар және қыздар

14 жасқа дейінгі ұлдар, қыздар арасында 24 спортшы әр жас ерекшелігі бойынша марапатталды.

Жеңімпаздарды марапаттауға даңқты тұлға Асанәлі Әшімов келіп, жас шахматшылардың еңбектеріне табыс тілеп, қойнауы қазынаға толы Сарысу ауданының ұйымшылдығы мен бірлігін тілге тиек етті. Өңірде жас шахматшыларды тәрбиелеуде әлі де жұмыс атқаратынын, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ұйымдастырушылар тарапынан медаль, диплом және бағалы сыйлықтар табысталды.

Сонымен бірге, «Асанәлі Әшімов» қорынан Алғыс хат пен қаржылай сыйлық пен естелік кітаптарды тапсырылды. Сайыс соңында өнер иесі жастармен сұхбат құрып, шахмат ойнады. Халық әртісі  Асанәлі Әшімов жастарға үнемі жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Сан талантты бойына сыйдырған даңқты жерлесіміздің өскелең ұрпаққа берері мол. Аңыз тұлғаның айбынды бейнесі жастардың рухын көтеретіні анық.

С.Тоқбанов,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.