ТІЛСІЗ ЖАУДЫ ТІЗГІНДЕУ-ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА
Өрт — бұл адамды бір сәтке қапыда қалдыратын тілсіз жау. Жолындағының бәрін жайпап өтетін тажалдың соңы өкініш пен ауыр қасіретке толы екені баршамызға мәлім. Тілсіз жауды тізгіндеп, өртті болдырмау үшін қауіпсіздікті сақтау алдымен бізге тиесілі әрі аса маңызды дүние. Өкінішке орай, қатаң ережелерге құлақ аспай өртке өзіміз себеп боламыз.
Жаз мезгілі – өрт көп болатын мезгіл. Бұл кезеңде күннің ыстық болуы өрттің шарпуына себепші. Қазіргідей күн райы күрт ысып тұрғанда өртті болдырмауға абай болу керектігін Сарысу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі ескертеді. Өрт туындауына алып келетін ең көп тараған себеп – отты пайдаланудағы абайсыздық. Сонымен қатар адам өміріне қауіп төндіретін тілсіз жаудың орын алуына отты пайдалану ережелерінің бұзылуы. Сондай-ақ үйде, табиғатта немесе көшеде ойланбай тасталған сіріңке, темекінің тұқылы үлкен қасіретке айналуы мүмкін. Сондықтан кез келген азамат өрт қауіпсіздігі ережелерін, оның шығу себептерін және дұрыс әрекет жасауды білу керек.
Бүгінгі таңда көпшілік су жағалауына, табиғат аясына шығып демалуда. Осындайда өрт қауіпсіздігін сақтаған дұрыс. Отты пайдаланып, өшірмей кетіп, ол үлкен өрттің тұтануына себеп болатынын қаперімізден шығарып аламыз. Орын алған өрт ауданы бір қарағанда болмашы болғанымен, кей уақыттарда жүздеген шаршы метр жерлерге жетіп артады. Бұл әсіресе жазғы уақыттарда өте жиі орын алады. Сондықтан осындай шақта сақтық шараларын жасаған абзал. Одан бөлек орман-тоғайда да күннің ыстықтығынан, темекі тұқылының өзінен шөп, ағаш тұтанып кеткелі тұр. Бұған да өте сақтықпен қарауымыз керек. Өйткені орман-тоғайды өрт шалса, қоршаған ортаның ластануына әкеліп соғады. Оның адам денсаулығына кері әсері көп.
Орман өрті азаматтардың демалыс кезінде отты дұрыс пайдаланбауынан немесе өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамауынан туындап жататыны жасырын емес. Сол себепті көктемде шаруашылықтар егістік алқаптарды, бақшалық жерлерді пайдаланушылар өздеріне тиесілі жерлерді өртеу барысында және табиғат аясына шыққан азаматтар өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауы тиіс. Сондай-ақ тұрғындар ашық отты қолданудан аулақ болу қажет. Орман – біздің байлығымыз. Сондықтан орманды сақтау, қорғау – бәрімізге ортақ.
Ж.Танабаев, Сарысу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі
Қаржылық есептілік аудитінің нәтижелері
Қазіргі таңда кез келген мемлекет үшін өзекті мәселелердің бірі болып мемлекеттік қаржы, мемлекеттік меншік, табиғи байлық, тағы сол сияқты маңызы жоғары ұлттық ресурстарды басқару тиімділігін арттыру табылады. Бұл мәселені шешуде мемлекет пен қоғамның бірлесе әрекет етуі үшін мемлекеттік аудит институты ерекше орын алады. Яғни, аудит бюджеттік қаражаттарды бөлудің бағыттылығын, мақсаттылығын және құқықтық негізделуін дәстүрлі тексеруден алшақтап, мемлекеттік ресурстарды тиімді, нәтижелі және үнемді пайдаланудың мемлекеттік аудиті сипатына ие болды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік аудит мемлекеттік қаржыларды басқару саласында атқарушы билік органдарының шешім қабылдауы мен оны жүзеге асырудың сапасына елеулі ықпалын тигізеді, сонымен қатар олардың қызметтеріндегі жауапкершілікті, ашықтық пен есеп берушілікті арттыруға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, қаржылық есептілік аудиті – мемлекеттік аудит объектісі қаржылық есептілігінің, бухгалтерлік есебінің және қаржылық жай-күйінің анықтығын, негізділігін бағалауға негізделген мемлекеттік аудиттің түрі болып табылады. Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті (бұдан әрі-Департамент) Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган ретінде, өз құзіреті шегінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық есептілігіне, оның ішінде шоғырландырылған қаржылық есептілігіне және мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігіне тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жыл сайынғы аудит жүргізеді.
Департаменттің 2022 жылға бекітілген мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес, «Меркі ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Қаржы бөлімі) шоғырландырылған қаржылық есептілігіне аудит жүргізіліп, нәтижесінде республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 1 тамыздағы № 468 бұйрығымен бекітілген «Қаржылық есептілік нысандарын және оларды жасау мен ұсыну қағидаларында» белгіленген көлемде және нысандар бойынша қаржылық есептiлiктерін жасау мен ұсынуда қаржылық есептіліктің бұрмалануына әкеп соққан бірқатар бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды.
Қаржы бөлімінің қаржылық есептілігі бойынша аудит барысында анықталған жалпы сомасы 339,3 мың теңге қаржылық бұзушылық және жалпы сомасы 5033,4 мың теңгеге рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар есепке алу көрінісімен қалпына келтіріліп, есепті кезең үшін қаржылық есептілікке түзетіліп, дұрыс енгізілді. Бүгінгі күнге Департаменттің ден қою шаралары арқылы анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктер Қаржы бөлімі тарапынан толық қалпына келтірілді. Департамент тарапынан бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiктiң мақсаты мүдделi тұлғаларды дара кәсiпкерлер мен ұйымдардың қаржылық жағдайы, қызметiнiң нәтижелерi және қаржылық жағдайындағы өзгерiстер туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылатынын ескере отырып, бұзушылықтарға жол бермеу бойынша шаралар қабылдау, сондай-ақ кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін белгіленген тәртіппен қарау, алдағы уақытта заңнама талаптарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету, нормативтік-құқықтық актілерді, оларға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды жетік меңгеру мақсатында есеп бөлімі мамандарының біліктіліктерін арттыру бойынша ішкі мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша ұсынымдар беріліп, аудит объектісі тарапынан нұсқама мен ұсынымдар толық орындалды.
М.Т.Егембердиев,
Жамбыл облысы бойынша
ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы
Карантиндік нысан қызғылт у кекіре арамшөбімен күресу шаралары
Еліміздің аграрлық кешені мен ауылдық аумақтардың дамуы және жоғары стандартқа сай ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру бүгінгі қойылып отырған талаптардын бірі, осыған орай ауыл шаруашылық дақылдарын аурулардан, зиянкестерден және арамшөптерден, сонымен қатар карантиндік нысандардан қорғау шарттардың бірі болмақ. Сарысу ауданы бойынша карантиндік нысан жатаған қызғылт у кекіре және арамсояу арамшөптері таралып отыр.
Жатаған қызғылт у кекіре – ауылшаруашылық егістіктері мен бақтар және жайылымдарда, шабындықтарда өсетін арамшөп. Соңғы жылдары ауданымыздың барлық егіс алқаптары мен шабындық, жайылымдық жерлерін ластап, жылдан-жылға көбеюде.
Карантинді арамшөп қызғылт у кекіремен күрес ерекше актуалды мәселе болып отыр. Қызғылт у кекіре – атпа тамырлылар тобына жататын қауіпті және жойылуы қиын арамшөп, оның тамыр жүйесі күшті және өміршеңдігімен сипатталады, тамыры 10 м тереңдікке дейін жетеді. У кекіре ұрықпен де тамыр сабақтарымен (вегетациялы түрде) көбейеді. Топырақ астында тұқымның өнгіштігі 3-4 жылға дейін сақталады. Жақсы тармақталған тамыр жүйесі топырақтағы барлық ылғалды және мәдени дақылдарға қажетті қоректік заттарды өзіне тартып алады. Егер кең таралған жағдайда басқа өсімдіктерді қысып өнімді түгел жоюы мүмкін. 1м2 – та 15 дана у кекіре арамшөбі таралған жағдайда астықтың өнімділігі 80%-ға төмендейді, ал одан жоғары болған жағдайда астық дақылдылар түгел жойылады. Қызғылт у кекіренің мәдени дақылдарға зиянды әсері ылғалды және қоректік заттарды өзіне тартумен шектелмейді. Қызғылт у кекіре қосылған жемді жеген сиырдың сүтінің дәмі ащы болады, ал қойлардың жүнінің сапасы төмендейді. Дәнді дақылдардың және жоңышқаның тұқымдық материалдарында қызғылт у кекіре тұқымы ажыратылуы қиын арамшөп болып табылады. Астық дақылдарының дәнінде қызғылт у кекіренің тұқымының салмағы 0,01% болған жағдайда, бұл астықтан алынған ұнның сапасы ащылығына байланысты төмендейді.
Күрес жатаған у кекіренің тамыр жүйесінің өмір сүргіш қабілетін біртіндеп жоюдан басталады. Ол үшін егінді жинап болғаннан кейін жерді 10-12 см тереңдікке ЛД-10 немесе ЛД-15 дискілі сыдыра жыртқышпен өңдеу керек. Осы кезде тамыр ұсақ бөлшектерге бөлініп одан жаңа өсімдіктер шыға бастайды. Осыдан 2-3 жеті күн өткеннен соң дискілеуді қайталау керек. Сонда жаңадан шыққан жас өсімдіктер жойылады да, ал тамыр жүйесі тағы да ұсақ бөлшектерге бөлінеді. Бұл бөлшектерден жаңа өсімдіктер өсіп шығады. Оларды сүдігер жыртқанда жоюға болады, яғни 2-3 рет өңдегенде жаңадан пайда болған өсімдіктердің тамырында жиналған пластикалық коректік заттар жұмсалып, күзге қарай олардың қоры азаяды, сөйтіп олардың жер астындағы тамыр жүйелері қысқа қатты аязға төзбей үсіп кетеді. Өсімдікті “әлсірету” әдісін таза парда жүргізгенде ең жақсы нәтиже береді. Ол үшін таза парды жаз бойы 3-4 рет әр түрлі тереңдікке культивациялайды. Топырақты таяз және терең өңдеуді алмастырып отырғанда ғана атпа тамырлы арамшөптерді жақсы жоюға болады. Айталық, бірінші рет культивациялауды 5-7 см, екінші рет -10-12 см-ге культивациялап, ең соңында жерді терең етіп сүдігерге түренді соқамен, ал жел эрозиясының қаупі бар аймақта жазықтабан сыдыра тілгішпен терең өңдеу керек.
Ы.Тәңірбергенов, ҚР АШМ АӨК МИК «РФДжБӘО» РММ Сарысу аудандық филиалының энтомолог маманы
Жалпы мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз не?
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз — көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі.
Мемлекеттік қызметтер көрсетудің негізгі қағидаттары:
— көрсетілетін қызметті алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуі;
-мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол бермеу;
— мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы есеп берушілік және ашықтық;
— мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі;
— мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру;
— мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі үнемділік және тиімділік. Жоғарыда атап өткендей, мемлекеттік көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуге міндетті. Негізінде көрсетілетін қызметті берушілердің мемлекеттік қызметтер көрсетуіне қойылатын талаптары және оларды көрсету тәртібі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарты мен регламентінде айқындалады.
Стандарт және регламент дегеніміз не?
Стандарт дегеніміз — мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету процесінің, нысанының сипаттамаларын, мазмұнын және нәтижесін қамтитын нормативтік құқықтық акт.
Ал, регламент-мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын сақтау жөніндегі талаптарды белгілейтін және көрсетілетін қызметті берушілер қызметінің тәртібін, оның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсету процесінде өзге де көрсетілетін қызметті берушілермен, Мемлекеттік корпорациямен өзара іс-қимыл, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді пайдалану тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт болып табылады.
Г.Байзакова, Талас ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің сот орындаушысы
Жұмыспен қамту орталығы жабылады
Сарысу аудандық «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің қолданысқа енгізілетініне байланысты ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап жұмысын тоқтатады. Жаңа Әлеуметтік кодексі бойынша өңірлерде Еңбек мобильділігі орталықтарын құру қарастырылған. Ал, жұмыс істеп тұрған Жұмыспен қамту орталығы Еңбек мобильділігі орталығының филиалы болып табылатын «Мансап» орталығы болып қайта құрылады.
Осыған байланысты Мансап орталығын құру мақсатында Жұмыспен қамту орталығын тарату рәсімі басталды. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға және қаржыландыруға арналған шарттарды, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға және қаржыландыруға арналған шарттарды, жастар тәжірибесін ұйымдастыруға және қаржыландыруға арналған шарттарды, кәсіптік оқытуды ұйымдастыру, кәсіптік оқытуға әлеуметтік келісімшарттар, сондай-ақ жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттық келісім-шарттар бұзылуы туралы хабарлайды.
Сонымен қатар, бұзылған келісімшарттар құрылған Еңбек мобильділігі орталығымен қайта келісілетінін хабарлаймыз, ол кейінірек хабарланады.
Сарысу аудандық
«Халықты жұмыспен қамту орталығы»
Центра занятости населения Сарысуского района
Настоящим, коммунальное государственное учреждение Центр занятости населения Сарысуского района уведомляет о том, что с 1 июля 2023 года вступает в силу Социальный Кодекс Республики Казахстан, согласно которому предусмотрено создание Центров трудовой мобильности. Действующие Центры занятости населения преобразовываются в Карьерные центры, являющиеся филиалами Центров трудовой мобильности.
В связи с чем, в целях создания Центра трудовой мобильности с филиалами в виде Карьерных центров, начата процедура ликвидации Центра занятости населения.
На основании вышеизложенного, уведомляем Вас о расторжении с 1 июля 2023 года договоров на организацию и финансирование общественных работ, договоров на организацию и финансирование социальных рабочих мест, договоров на организацию и финансирование молодежной практики, договоров на организацию профессионального обучения, социальные контракты по профессиональному обучению, а также договора о предоставлении гранта на реализацию новых бизнес-идей.
Дополнительно сообщаем, что расторгнутые договоры будут перезаключены с созданным Центром трудовой мобильности, о чем будет сообщено дополнительно.
Центр занятости населения Сарысуского района