СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – ЗАҢ МЕН ӘДІЛДІККЕ СЫЗАТ ТҮСІРЕДІ

0

Елімізде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бірақ бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ.

Өткен ата-бабаларымыз да дөп басып тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да  басқа біртуар билер мен шешендердің  өмірі дәлел болатын. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық  сауатсыздығын жоятын, құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір заңға қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Осы тұрғыда Республика көлемінде. Адалдық алаңы жобалық кеңселері жұмыстар жүргізуде, Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.Ендігі мақсатымыз саналы ұрпақ  қалыптастырып жемқорлықты түбімен жою.

Ш.Бейсенбайұлы,

Сарысу-Адалдық алаңының жетекшісі

ШЕТЕЛДЕ ДІНИ БІЛІМ АЛУ ҮШІН РЕСМИ ЖОЛДАМАСЫЗ  АТТАНА АЛМАЙДЫ

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта біздің алдымызға қойылған негізгі талаптардың бірі – білікті кадрлар мен озық үлгідегі түрлі сала мамандарын даярлау мәселесі тұрды. Мұның ішінде дін саласы да бар.

Қазір әлемнің кез-келген жерінде білім алып жүрген қазақстандықтарды кездестіруге болады. Алайда, шет мемлекеттерде білім алған жастар Қазақ еліне қаншалықты жаңа идеялар мен тың жаңалықтар әкелуде? Олардың барлығы бірдей еліміздің мүддесі үшін қызмет етіп жүр ме? Дегенмен шетелде білім алуға ниетті жастарды назарда ұстау аса маңызды болып тұр. 2001 жылға дейін елімізде дінтану мамандығы бойынша жүйелі оқыту моделі болмағандықтан, елімізден діни білім алуға көптеген азаматтар шетел асқаны мәлім.

Соның бірі Cауд Арабиясында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған 41 жастағы Ділмұрат Махаматов Сауд Арабияға діни білім алуға барған алғашқы қазақстандық студенттердің бірі болған. Ол кезде Сауд Арабиясының білім беру мүмкіндігі мен студенттерге жасалатын жағдайы бізден көш ілгері еді. Сауд Арабия Корольдігі бізден барған азаматтарға білімді ғана емес, жатын орны мен үйіне барып қайтуының билетіне дейін тегін берді. Тіпті, жылына бір рет қажылыққа тегін баруларына да жағдай жасады. Әрине, ол кезде Қазақстандағы діни білім беру ошақтары Сауд Арабиясымен бәсекелестікке түсе алмайтын. Жастарымыз Арабияның ұсынған осындай мүмкіндігін пайдаланып, сол елге діни білім алуға аттанды. Өкінішке қарай, болашақ «діндарлар» өздері білім алған елдің діни ағымының жетегіне түсіп, ғаламтор арқылы елімізге жат ағымның уағыздарын айтып, өздерінің қатарына кіруге шақыруды белсенді жүргізді. Сауд Арабия елінде оқып жүріп, алғашында-ақ дәстүрлі емес салафи ағымына бет бұрған. Теологиялық университетке грантқа оқуға түскеннен кейін, белсенді болып, жаңадан келген студенттерге діни дәрістер жүргізген. Оған қоса, Медина қаласының қонақ үйлерінде Қазақстаннан және Орта Азиядан қажылыққа барған тұлғаларға да діни дәрістер өткізген. Сол арқылы басқа тұлғалардың дәстүрлі емес салафи ағымына бет бұруына өз септігін тигізген.  Өткен жылдың 2-мамырында Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының шешіміне сәйкес ҚР Қылмыстық кодексінің «әлеуметтiк, ұлттық немесе дiни алауыздықты қоздыру» және «терроризмдi насихаттау» бабы бойынша кінәлі деп тауып Ділмұрат Махаматовты 8 жыл бас бостандығынан айырды.

Қазіргі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы рұқсатынсыз бір де бір студент Сауд Арабиясының діни оқу орындарына түсе алмайды.

Себебі соңғы уақытта өзге елде дін саласында білім алып жүрген кейбір жастардың түрлі келеңсіз жағдайларға ұшырап жүргендігінен қоғам хабардар. Білім іздеп кеткен кей жастардың темір торға қамалып, тіпті кейбірінің жат ағымның жетегінде кетіп жатқанына да мысалдарда жеткілікті. Шетелдегі жастардың түрлі саяси-діни ұйымдармен байланыс жасауына, түрлі идеологиялық үрдістерге бой алдыруына шектеулер назардан тыс қалуда. Қазірде  Түркия, Мысыр, Пәкістан және т.б. мемлекеттерден жастарымыз діни білім алып келуде. Сондықтан шетелге діни білім алуға кеткен әрбір азамат потенциалды қауіптің көзіне айналып үлгерді. Өзге елге дін үйренемін деп кетіп, сол елдің тұрғылықты діни танымын, діни тәжірибесін, діни санасын өзімен қоса алып келіп жатады. Бұл дегеніміз, олар шетелдерде алған діни танымы арқылы сол елдердің ұлттық мәдени құндылықтарын, діни тәжірибесін яғни басқа мәдениеттің тарихи жүріп өткен жолы мен дүниетанымдық қабатын өздерімен бірге алып келеді. Қазақтың рухани дүниетанымы негізінде қалыптаспаған қабаттар адамның діни санасы діни фанатизмге әкеліп соқтырады. Әсіресе араб мемлекеттерінде білім алған жастардың танымына қарасаңыз, олардың қазақтың рухани тарихынан, мәдениетінен бейхабар болып, мемлекет пен дін арақатынасы, зайырлылық пен дін, қазақ халқының діни тәжірибесін білмейтіндігі байқалады.

Елдің ішінде діни санасы қалыптасқан азамат, кейін қайда барса да өз ұстанымында қала алады. Егер ешқандай діни білімі жоқ азамат сыртқа шықса, экстремизм, радикализм сынды діннің шектен шығуына алып барады. Саудияның діни ұстанымы қаталдау, Мысырдың өзінде де радикализм проблемалары бар. Адамның діни фундаменті дұрыс қалыптаспаған болса, ол кез-келген уақытта жат ағымға еріп кетеді. Бұл мәселені шешудің жолдары жоқ емес. Шешудің тетіктерін, әдістері мен шарттарын салыстырмалы зерттеуді қолға алып, өз бетімен діни білім алуды шектеу керек. Егер бұл шектеу жүзеге аспаған жағдайда, оның алған дипломын да жарамсыз деп тауып, ол студентті өз еліміздің университеттерінде арнайы екі жылдық бағдарлама негізінде қайта оқыту керек. Мұндай тәжірибе Түркия мемлекетінде бар, мәселен «Әл-Әзһар» діни білім беру университетін тәмәмдаған азамат міндетті түрде екі жыл Анкара университетінде оқып барып дипломын алады. Міне, осылай, өзге елде діни білім алу мәселесін шешіп отыр.

Ал, алғашқы бакалаврлық діни білімді өз елінде демек Қазақстанда жалпы білім беру стандарттарына сәйкес тамамдап, ары қарай шетелде магистратура, докторантура бағдарламалармен жалғасып жатса онда тосқауылсыз құба-құп.

Сондай-ақ ҚР АжҚДМ Дін істері комитеті мен Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, діни білім алу үшін ұсынылатын шетелдік теологиялық жоғары оқу орындарының тізімін жасақтады. Бұл тізімге Мысыр, Түркия, Ресей және Өзбекстан елдерінің теологиялық 9 жоғары оқу орны енді. Олардың қатарында «Әл-Азхар» университеті, Стамбул университеті, Мәрмара университеті, Анкара университеті, «Селжүк» университеті, «Хасеки» институты, Нажмеддин Эрбакан атындағы университет (Түркия), Ресей ислам университеті (Қазан қаласы), Мәскеу ислам университеті және Ташкент ислам университеті бар. Яғни, шетелдерде діни білім алғысы келетін азаматтар ҚМДБ жолдамасы арқылы аталған оқу орындарында білім ала алады. Егерде құзырлы орган тарапынан рұқсат берілмесе, ешқандай шетелдегі діни оқу орнына түсе алмайды.

Қазіргі уақытта өңірлердегі дін істері басқармалары мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, шет елдердегі әртүрлі күдікті діни оқу орындарында оқып жүрген азаматтардың ата-аналарымен, туған-туысқандарымен тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оларға шетелдегі қауіп-қатерлер туралы, әртүрлі діни оқу орындарында берілетін білімнің еліміздің қалыптасқан дәстүрлі діни ұғымдары мен салт-дәстүрлеріне сәйкес келмейтіндігі туралы жүйелі түрде түсіндіріп отырады. Жалпы, еліміздің азаматтары шетелдегі беделді әрі ресми діни оқу орындарында сапалы білім алған жағдайда мемлекет тарапынан оған қарсылық білдірмесе де, қатал қадағалау жұмыстарын жүргізіп отырады. Алайда, отандастарымыздың жергілікті саяси-әлеуметтік, діни ахуалды, мәдени ортаны, тіпті, діннің өзін толық білмей, сол жақтағы заңсыз немесе күдікті оқу орындарында сабақ алумен қатар, теріс діни ағымдардың жақтаушыларының ықпалына түсіп кеткен оқиғалар жоқ емес.

Қазіргі таңда жүйесіз діни оқуды шетелдерде алу керек деген қажеттілік негізсіз. Себебі, елімізде медресе-колледждер, университеттер ашылып, осы бағытта жүйелі сапалы білім беріп жатыр. «Дінтану», «теология», «исламтану» мамандықтары бойынша Алматы, Астана, Шымкент қалаларында жоғарғы оқу орындарында білім берілуде. Оқытушы-профессор құрамы да жеткілікті, біліктілігі де жоғары. Сондықтан еліміздегі діни оқу орындар шетелдегі діни оқу орындарынан кем емес.

Бүгінгі күні Қазақстанда дін мамандары екі бағытта — дінтанушылар мен теологтар ретінде даярланады. Дінтанушылар дінді ғылыми тұрғыдан зерттеп, әлемдік, ұлттық діндердің тарихы мен теориясын қарастырса; теологтар құдайды, дінді ішкі құрылымын зерттейді. Дінтанушы мамандарға мемлекеттік, діни және қоғамдық ұйымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында тәуелсіз сарапшы ретінде және сарапшылар комиссиясы құрамында, мемлекеттік басқару, сыртқы және ішкі саясат бөлімінің, өңірлік дін істері басқармалар қызметкерлері, мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары ретінде сұраныс жоғары.

Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап Тараз қаласында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Тарих-дінтану» қосарланған мамандығы ашылып, талапкерлерді қабылдауда. Бұл мамандықтың тиімділігі жалпы білім беретін мектептерде 9-сыныптарда өтілетін «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің оқыту жүйесіне,  сапалығына өз үлесін қосады. Осы пәнді жүргізетін тарихшы мұғалімдердің орнын алмастырады.

Дінтану пәні – бұл тек діндер туралы ғылыми пән ғана емес, сонымен қатар ең басты мақсаты – оқушының дін туралы түсінігін және оған деген объективті қатынасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін гуманитарлық пән болып табылады. Сондықтан, бұл пәнді арнайы дінтанулық білімі бар мамандар беруі тиіс. Өкінішке орай, бүгінгі таңда мектептерде аталған пәнді дінтанушы мамандар емес, өзге пән мұғалімдері жүргізуде. Дін саласы өте нәзік және идеологиялық бағытта жауапкершілікті талап ететін сала болғандықтан дінтанушы маман иесіне жүктеген дұрыс. Бұл өз кезегінде жас ұрпаққа қоғамдағы дін жағдайын түсіндіріп, нейтралдық ұстаным тұрғысынан дін туралы объективті білімді қалыптастыруға, Қазақстандағы және әлемдегі тыйым салынған діни ұйымдар туралы толыққанды ақпарат алуға мүмкіндік береді. Дін туралы білім беретін пәнді мектеп бағдарламасына енгізу тәжірибесі өзге елдердің білім бағдарламаларында да бар.  Мәселен, 2010 жылдан бастап Ресей Федерациясында «Діни мәдениет және зайырлы этика негіздері» оқу пәні мектеп бағдарламасына енгізілсе, мектеп бағдарламасына дінтануды енгізу бойынша алғашқы қадам жасаған Беларусь мемлекеті болды.

Бүгінгі әлеуметтік жағдайда елімізде белгілі бір идеологиялық білім ретінде дінге деген қажеттілік бар. Сол себептен, Қазақстан қоғамының түрлі этностық, конфессиялық сипатын ескере отырып соған қоса ұлттық діни мұраны сақтап қалатындай қазіргі зайырлы қоғамға, заман талабына сай дінтану пәнін оқыту, дінтанушы мамандар аса қажет және бұл тақырып қашан да өзекті болып қала бермек.

Б.Алпысбаев, Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» инспекторы,

дінтанушы-магистр

Банк саласында кездесетін алаяқтық қылмыстар

Семинар-кеңеске аудандық соттың судьялары Динара Кадерқұлқызы, Жанат Төлепбергенқызы, сот әкімшісінің басшысы  Гүлжан Несіпбекова, бас маман Айнұр Шымырбекова, бас маман Ғазиза Данярова,бас маман — сот отырысының хатшылары Жаңабек Мейірхан, Олжас Сейтбаев және жетекші мамандар Фариза Әметова қатысты.      

Іс-шарада сөз сөйлеген Сарысу аудандық сотының төрағасы М.Үркімбаев өз сөзінде:  -Алаяқтықтың барлық түрінің өзектілігіне қарамастан, банк саласында кездесетін алаяқтыққа аса назар аударған жөн. Бұл саладағы алаяқтық ел аумағында кең етек жайып, барған сайын қауіпті және болжанбайтын сипатқа ие болып, құқықтық реттеу және құқық қолдану деңгейінде оған әсер етудің, онымен қарсыласудың және күресудің тиімді шараларын әзірлеу кезінде қиындықтар туғызатын қылмысқа айналды. Әдетте, банктік және басқа қаржы институттары ақшаны жылыстатудың орны болып табылады.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасына сәйкес, алаяқтық банк қызметкерінің сенімін асыра пайдалану арқылы жалған төлемдерді немесе басқа адамдардың жеке және басқа да құжаттарын ұсынып, өзінің немесе басқа адамдардың пайдасына банктік шоттардағы ақша қаражаттарын алдау жолымен өтеусіз түрде аударып алу болып саналады.

Қаржылық алаяқтықтың несиелендіруге қатысты түрі де аз емес. Олар: ақшалай, ипотека және тұтынушылық несиелер. Алаяқтар көбінесе автонесие немесе тұтынушылық несие келісімінің аясында қаражатты жымқырады. Олар автокөлікті қылмыстық жолмен сатып алып, содан кейін сатады және түскен қаражатты өз қалауы бойынша жаратады. Осылайша, несиені адал алушыларға, банктерге, азаматтарға және жалпы мемлекетке зиян келтіріледі.

Несиелік келісім бойынша несиелік қатынастар қылмыстық қорғаудың пәні болып табылады. Несиелеу саласы бұл норманы қолданатын аймақ, қол сұғушылық объект ретінде несиелік келісімшарт жасасу нәтижесінде алынған қаражат болса, банк немесе басқа несие беруші жәбірленуші болып саналады.

Қаржылық жағдай, кепілзат немесе несие алу үшін маңызды басқа жағдайлар туралы қасақана жалған ақпарат бере отырып, алдау жолымен өз меншігіне айналдыру үшін субсидия арқылы немесе қайтаруға ниеттенбей алынған несие де алаяқтыққа жатқызылады.

Көптеген еңбектерде авторлар жәбірленуші тарап ретінде тек банкті бөліп көрсетеді. Бұнымен дауласуға да болады, мысалы, автокөлік несиелерінде алаяқтар жүктелген көліктерді, бұл туралы хабарсыз адал сатып алушылардың кейбір білместіктерін немесе құқықтық сауатсыздығын пайдалана отырып, алдау, шатастыру немесе психологиялық қысым жасау арқылы сатып жібереді. Болашақта, атқарушылық іс жүргізілетін болса, банк жалға берілген ақшаны қайтарып алу және несие бойынша қарыз сомасын жабу үшін кепілге қойылған автокөлікті өз қарамағына алады. Бұндай жағдайда ақшасыз және сатып алған көлігінсіз қалған адал сатып алушыға материалдык және моральдық зиян келтіріледі. Сәйкесінше, ол да жәбірленуші болып танылуы керек.

Тұтынушылық несиелеу саласында орын алатын қылмыстың түрі төмендегідей:

-Алаяқ бірнеше несиелік мекемелерде және банктерде шағын көлемдегі несиелерді алып, кейін қаражатты қайтару жауапкершілігінен қашып, жоғалып кетеді:  дұрыс емес, жалған, жоғалған болып саналатын және ұрланған құжаттар мен куәліктерді пайдаланады;  сауалнамалар мен өтінімдерде қате немесе ақиқатқа сай келмейтін деректерді керсетеді;  әлеуметтік жағдайы төмен, тұрақты мекен жайы жоқ адамдарга аз мөлшерде пара беру арқылы оларды қарыз алушы ретінде танытып, несиелік келісім жасасуға тартады;

Соңында алданып қалатын және алаяқ үшін қарызын төлеуге мәжбүр болатын кепілгерлерді тартады;

Жүктелген мүлікті кепілге қояды;

Өзінің қызметтік жағдайын пайдаланады (адамдар алынған несиені өз пайдасына қарай қолданады). Жоғарыда аталған әдістердің барлығы жәбір- ленушіні алдау және адастыру арқылы өз ұпайын түгендеуге бағытталған. Бұл жерде банктердің несие алушыларға қоятын талаптарының біршама жеңілдеуі несиелеу саласындағы алаяқтық деңгейінің жоғарылауына ықпал ететіндігін атап өткен жен.

Қылмыскерлер қолма-қол ақшасыз қаражатты жымқыру үшін «вексель схемасы» деп аталатын әдісті қолдануы мүмкін. Әдетте, қолма-қол ақшасыз қаражат қылмыскерлер алдын- ала жасап қойған бір күндік компания шотына орналастырылады. Қылмыстың бұл түрінің алдын-алу үшін келесі шаралар қажет:

■ қаржы-несие мекемелері қызметкерлерінің арасында заң талаптарын,  ішкі актілерді, ережелер  мен рәсімдерді сақтауға, несие ұйымдары қызметкерлерінің жұмысын бақылауды  қатаңдатуға бағытталған алдын- алу жұмыстарын жүргізу;

■ осы мекемелердің қауіп-сіздігін қамтамасыз етуге және мүдделерін қорғауға жауапты тиісті қызметтерге кәсіби оқытуларды жүргізу;

■  құжаттаманы рәсімдеу ке-зінде бұзушылықтарды анықтау үшін сыртқы сарапшыларды тарта отырып, арнайы аудиторлық тексерулер жүргізу;

■ тәуекелдерді жүйелі түрде зерттеу және осы тәуекелдерді тиімді басқару бойынша шаралар әзірлеу.

Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бұл мәселе туралы азаматтарды үнемі хабардар етіп отыру қажет, өйткені қазіргі уақытта адамдар өте сенгіш және алаяқтардың психологиялық  әсеріне оңай түсіп қалады. Несие беру саласындағы алаяқтыққа тек қылмыстық- құқықтық жүйе арқылы қарсы тұру іс жүзінде мүмкін еместігін атап өтті.

«SARYSÝ-AQPARAT»

Орманымызды өрттен сақтайық

Мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 532092 гектар жерді құрайды, орналасқан жері Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылы. Мемлекеттік орман қорының жері 3 орманшылыққа бөлінген  Байқадам, Түгіскен және Жайлаукөл.

Мемлекеттік орман  қорының  жалпы  аумағы 532 092 гектар жерді     құрайды.  7703  гектар жері   таулы   өңір -1,5 %,   және  524 389  гектар тегіс құмды өңір  -98,5

Мекеменің  мемлекеттік  орман қоры жері 10 негізгі бөліктен құрылған. Үш бөлік «Бетпақ-Дала» құмды өңірде орналасқан, Екі бөлік «Мойынқұм»  құмшауыт өңірінде  орналасқан, Бес бөлігі Каратау және     (Боралдай) таулы өңірде орналасқан мекеменің, осы үш орманшылықтағы 24 айналымды өрт қауіпті кезеңінде өрт болдырмау үшін 20-орманшы-қорықшы, 3-орман шебері, 3- Орманшылық басшысы бақылауда ұстайды.

Орман өрті – абайсыз жағылған от, сөнбей қалған шоқ, кейде найзағайдан да пайда болатын апат. Орман өрті көбінесе құрғақшылық жылдары, ерте көктемде және күзде болады. Орман өрті ағаш қорын кемітумен қатар, ағаштың өсуін нашарлатады, жалын шарпыған ағаш қурайды, жел, дауылда сынғыш келеді. Орманда зиянды жәндіктердің, ағаш ауруларының таралуына қолайлы жағдай туады. ҚР Конституциясының 38-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті» делінген. Сондықтан өрттен қорғану қоғамның әрбір мүшесінің маңызды міндеттерінің бірі болып саналады. Жыл сайын Жамбыл облысы Әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бұйрығымен наурыз-қазан айлары аралығы өрт қауіпті маусым айлары болып белгіленеді. Орман шаруашылығының мекемелері наурыз айынан бастып өрт қауіпті маусымға дайындық жұмыстарын жүргізеді. Орман өрттерін алдын алып, өртті болғызбау үшін жанар-жағар май қорларын, өртке қарсы техникаларды, құрал-жабдықтарды дайындау, бақылау обьектілерін жөндеу, өрт қауіпті маусымда өртті болғызбау жөнінде баспасөз беттерінде мақалалар жариялау, тәуліктік кезекшілік ұйымдастыру, өртке қарсы минералдандырылған жолақтарға күтім жасау, орман қорғау тақырыптарына аншлагтар әзірлеу, жанар- жағар май материалдарының резервтік қорын құру, телефон және радио байланысын қамтамасыз ету мәселелері бойынша шараларды ұйымдастыратын болады. Орман шаруашылық мекемелері 2023 жылға орман өртінің алдын-алу және өрт болған жағдайда оны сөндіру жөнінде аудандағы төтенше жағдайлар, ІІБ мемлекеттік мекемелерімен келісе отырып, іс-шаралар жоспарын жасақтап бекітті. Бұл жұмыстардың барлығы өртті, оның ішінде орман өртін болдырмау, өрт зиянын, оның қауіптілігін тұрғындарға түсіндіру болып табылады. Орман өрттері, яғни, орманның кенеттен бақылаусыз жануы өте көп зиян тигізеді. Осындай апаттар мен одан пайда болған төтенше жағдайлар елдің көптеген аймақтарында болып тұрады. Бұл жағдайлар кейде адамдардың іс-әрекеттерінен де болады. Ыстық ауа-райы кездерінде, егер жауын-шашын ұзақ уақыт болмаса ормандар құрғап, кез келген абайсыз жанған от әсерінен өрт тез таралып кетуі мүмкін. Орман өрттерімен қоса дала өрттеріне де жол бермеуіміз керек. Себебі дала өрттері барып орманға ұласып кетуі мүмкін. Өрт қауіпті маусым, шілде айларында, шөптердің қурап, күн жоғарғы температурада қызған кезде, дала өрттерінің туындауы ықтимал. Аудандағы жеке және заңды тұлғалар мал азығын дайындау кезінде өрт қауіпсіздігін қатаң сақтаулары тиіс. Өртті өшіргеннен көрі алдын алу әлдеқайда оңай екені белгілі. Сондықтан өртке қарсы қызмет істерін тиісті мекемелер және барлық аудандағы жеке және заңды тұлғалар болып, орман және дала өрттеріне жол бермейік, ормандарымызды өрттен қорғайық.

Алдағы уақытта өрт орын алған жағдайда жедел түрде мына төмендегі байланыс құралдарына хабарласуларыңызды сұранамыз:  тел.2-16-81, ұялы телефондар 87781461101, 87758353431, 87081811014

Т.Самкенов,

Орман күзету және қорғау инженері

Күйдіргі ауруы және оның алдын алу жолдары

Күйдіргі ауруы зооноозды аса қауіпті инфекция, оның қоздырғышы қоршаған ортаға түскенде спораға айналу қасиеті бар. Споралар сыртқы ортада өте төзімді, мысалы топырақта ондаған жылдар бойы сақталады, сол себепті күйдіргі ауруын толығымен жою қиынға түсуде. Ауру адамдар арасында көбінесе ауылшаруашылық және үй жануарлары (қой, ешкі, жылқы, ірі қара, ит, мысық), сонымен қатар, жабайы аңдар арқылы таралады. Ауру қоздырғышы сыртқы ортадан, әсіресе жаз уақыттарында, қуаңшылық кездерде, мал жайылғанда топырақ арқылы ағзасына түседі де ауру туғызады.

Адамдар ауру малмен тікелей қатынаста болған кезде яғни оны сойғанда, терісін сыпырғанда және тасымалдау кезінде ауруды жұқтырады. Ауру малдың айналасындағы топырақтан, жемшөптен, жұғуы мүмкін. Күйдіргі ауруының адам ағзасында таралуына байланыс-ты терілік түрі, өкпелік түрі, ішектік түрі және септикалық түрі болып бөлінеді. Өкпе және ішек күйдіргісі ауыр өтеді және адам өліміне әкелуі мүмкін, оның қауіптілігі де осы түрлеріне байланысты.

Инкубациялық кезең (қоздырғыш енген сәттен, алғашқы ауру белгісі білінетін мерзім) 8-14 күнге дейін созылуы мүмкін, көбінесе 2-3 күнде ауру белгілері біліне бастайды. Тіркелген аурулардың өте жиі кездесетін түрі – тері күйдіргісі. Қоздырғыштың жұққан жеріне күйдіргі ауруына тән жара түседі. Инфекция жұққан жерде алдымен дақ (папула), содан кейін іші сұйыққа толы бөртпе (везикула) пайда болады. Содан ол жараға айналып, айналасына екінші қатар іші сұйыққа тола бөртпе шығады. Бұны осы инфекцияға тән «Ожерелье» деп атайды. Жараның ортасы қара күйік тәрізді қотырланып (күйдіргі деп аталуы сондықтан) шеттері қызарып, іседі, бірақ басқан кезде ауырмайды. Бұл белгілердің пайда болуымен қатар, ауырған адамның дене қызуы көтеріледі, ағзаның жалпы улану белгісі байқалады. Тез арада ем қабылдамаған жағдайда арты «Сепсиске» айналып қайғылы аяқталуы мүмкін.

Күйдіргі ауруының алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру барысында ветеринарлық-санитарлық және санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың толығымен жүргізілуін қамтамасыз ету қажет. Ветеринарлық қызметкерлер, күйдіргі ауруымен ауырған малды дер кезінде анықтап, өлген малдың арнайы мал қорымына көмілуін, ауырған малдың тұрған жерін залалсыздандыру жұмыстарының дұрыс жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет. Індеттің табиғи ошақтарындағы малға жылда вакцина егу қажет және арнайы мал қорымдары ветеринарлық-санитарлық ережелер талаптарына сай болуы керек.

Күйдіргі ауруымен ауырған мал тіркелген жағдайда, ошақта барлық құзырлы мекемелер кешенді түрде шұғыл эпидемияға қарсы шараларды жүзеге асырады, яғни ауру малдың өнімдері толығымен жойылады, ошақта қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Ауырған малмен қарым-қатынаста болған адамдар медициналық бақылауға алынады.

Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар өздерінің жеке-бас гигиенасын сақтап, арнайы жұмыс киімін киетін болса және ауырған немесе белгісіз себеппен өлген мал туралы міндетті түрде мал дәрігерлеріне уақытылы хабарлап отырса аурудың алдын алуға болады.

Қ.Байбосын, Сарысу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің жетекші маманы

ҚЫЛМЫС ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Пробация қызметкерлерінің басты міндеті-есепте тұрған қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес сотты болғандардың арасында қайта қылмыс жасамаудың алдын алу, олардың әлеуметтік жағдайларын көтермелеу әрі жазасын өтеушілердің бір кәсіпті игеруіне ықпал ету.

Пробация қызметкерлері бұл мақсатта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, арнайы жоспар аясында бос жұмыстар орындарына жұмысқа орналастыру жұмыстарын жүргізіп, Пробациялық есепте тұрған, жазасын өтеп жатқан сотталғандар медициналық және әлеуметтік-құқықтық көмек алады.

Сотталғандардың арасында түрлі құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Мәселен, ағымдағы жылдың 15 және 25 мамыры күндері аралығында өткен «Подучетник» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында есепте тұрғандардың сот жүктеген міндеттерін орындамай, жазасын өтеуден жалтарып жүргендері анықталды. Аталған іс-шара аясында бірнеше заң бұзушылықтар орын алып, 7 азаматқа ескерту беріліп, 3 сотталғанға қатысты жеке іс құжаттары сотқа жолданды.

Бұл күндері Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті Сарысу аудандық пробация қызметі бөлімшесінің есебінде тұрғандар арасында бірнеше заң бұзушылықтар анықталды. Нақтылай түссек, есепте тұратын «О» есімді азаматтың сот жүктеген міндеттерді бірнеше рет өрескел бұзғаны белгілі болды. Тексеріс барысында сотталған азаматтың түнгі мезгілде тұрғылықты мекенжайында болмаған. Пробация қызметкерлерінің ұсынысына сай, осы азаматқа қатысты Сарысу аудандық сотында сот отырысы өтіп, нәтижесінде аудандық соттың қаулысымен оның жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына алмастырылды. Енді ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады. Пробациялық бақылауда тұратын әр бір азаматтың мінез-құлқы жіті бақылауда болады. Жалпы, жазаның өтеу тәртібін бұзу бас бостандығынан айыруға апаратын бұл жағдай есепте тұрған басқа да сотталған азаматтарға сабақ болады деп үміттенеміз.

А.Айтжанов, Жамбыл облысы бойынша Сарысу аудандық пробация қызметі бөлімшесінің бастығы

Карантиндік зиянкес-қауын шыбынымен күресу шаралары

Қазақстанда қауын шыбыны негізінен Қызылорда, Шымкент облыстарында кеңінен таралған.

Қауын шыбыны Жамбыл облысында Қызылорда, Шымкент облыстарынан әкелінген қауын, қарбыздардан таралып отыр. Облыс көлемінде Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарынан тіркелген. Кейінгі 2-3 жылда аудан көлемінде  анықталмады.

Кауын шыбыны зиянкесінің биологиясы:

Көктемде қауын гүлдеп, түйін сала бастағанда шыбындар шыға бастайды. Топырақ қабатының қызуы +200С –қа жоғарылағанда қауын шыбыны ұша бастайды. Өмір сүру ұзақтығы 2-айдан асады. Шыбындар ұшып шыққаннан кейін аналықтары 6-8 күннен соң жұмыртқасын қауынның қабығының астына бір-бірден салады. Жұмыртқа саны 104-123-ке дейін жетеді. Олар қосымша қауынның сыртқы қабығын, жапырағын тесіп, соның шырынымен қоректенеді.

Қауын шыбыны таңғы уақытта белсенді болады. Жеміс қабығының астына салынған жұмыртқалардан 3-4 күннен кейін балаңқұрттары туыла бастайды, қолайсыз жағдайда 7-күнге дейін созылады. Балаңқұрттары өсімдік жемістерін кеміріп сонымен қоректенеді. Қоректенуі аяқталған соң өсімдік жемісінен шығып, топырақ қабатының жоғарғы бетіне 5-8 см тереңдікте қуыршақтануға кетеді. 20-45 күннен кейін қауын шыбынының жаңа ұрпақтары ұша бастайды. Қауын шыбыны жылына 2-3 ұрпақ береді. Қауын аз егілген жерлерде қарбызды, көкөніс пен асқабақты да зақымдай береді.

Күрес шаралары: міндетті түрде зақымдалған қауын түйнектерін теріп алып целофан қапшықтарға салып, топырақты 1,5-2 м тереңдікте қазып, үстінен таптап көміп тастау керек. Күзде терең етіп сүдігер жырту, келесі жылы ауыспалы егіс жүйесін қолдану, тұқымды дәрілеп егу, жерді арнайы препараттармен өңдеу қажет.

Арнайы препараттар:

Қауын гүлдегенге дейін Ровекурт, Нурелл, Кардинал инсектицидін.

Қауын гүлдей бастағанда Комбат 550 к.э және Нурел к.э пестицидтерін 0,6 литр мөлшерде.

Ал вегетация кезеңінде Устад, Циракс, Шерпа препараттарымен дәрілеу керек.

Осы аталған күресу шараларын дақылды жинар алдында жүргізудің еш қажеті жоқ. Зиянкес-ке әсері мүлде болмайды.

Ы.Тәңірбергенов, ҚР АШМ АӨК МИК «РФДжБӘО» РММ, Сарысу аудандық филиалының энтомолог маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.