ШАРУАЛАРҒА ЖАҢА ТЕХНИКАЛАР БЕРІЛДІ
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмысын жақсарту» қанатқақты жобасы бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Осы жобаға биыл Сарысу ауданындағы Жайылма ауылдық округі де еніп отыр. Кеше Жайылма ауылдық округінде жаңа құрылған «Nurtileu» ауыл шаруашылығы кооперативіне техника берілді. Кооператив жеңілдетілген несиемен 3 трактор, 7 ауыл шаруашылығы тіркемелерін алған.
– «Ауыл аманаты» жобасының екінші кезеңі Жайылма ауылдық округінде іске асырылуда. Округте 573 аула, 3814 адам бар. Жоба аясында жалпы сомасы 925 миллион теңгеге 514 ауланы қамту көзделген. Қазіргі таңда «Nurtileu» ауыл шаруашылығы кооперативіне 3 трактор және 7 қосалқы техника жеткізілді. Алдағы уақытта шаруашылыққа бір комбайн және 9 ауыл шаруашылығы тіркемесі жеткізілетін болады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов.
Сарысу ауданында жаңа құрылып жатқан ауылшаруашылығы коопе-ративіне барлығы 20 ауыл шаруашылығы техникасын алу жоспарланған. Олардың ішінде 3 трактор, 1 тіркемелі комбайн және 16 қосалқы құрылғы бар.
-Бүгінде ауылдық округте «Ауыл аманаты» жобасы бес бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, үй іргесінде егістік жерлерді игеру, ауладағы мал шаруашылығын дамыту, ауыл сыртындағы егістік жерлерді игеру, жаңа құрылған кооперативті жабдықтау және шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін халыққа 2,5 пайызбен несие беріліп жатыр. Кәсіп бастап, мал мен егін шаруашылығын, бақша дақылдарын өсіруге деген халықтың ынтасы жоғары. Жоба бұған дейін енгізілген ауылдық округтердегідей өз тиімділігін береді деген ниеттеміз, – дейді Қайрат Аманов.
AQ JOL
06.06.2023 жыл
Екі диплом алудың жаңа мүмкіндігі
Біршама уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырма берген болатын. Президент бұл қадам Қазақстанда ғылыми экожүйені ұлттық білім және ғылым жүйесіне енгізуге мүмкіндік беретінін де атап өткен еді.
Президент тапсырмасына әулиеаталықтар мықтап ден қойды. Жыл басында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен «Қазфосфат» ЖШС және Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті үшжақты келісімге қол қойды. Нәтижесінде, өңірлік университетте ТМД елдері арасында алғаш рет химия өнеркәсібі саласындағы желілік кампустың тұсаукесері өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев желілік кампус арқылы білікті кадр даярлаудың мүмкіндігі артатынына сенімді.
– Желілік кампус жұмысының басталуы – жоғары білікті кадрларды даярлау ісінде тиімді диалогті дамытып, білім ордасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды кезең. Заманауи, креативті тәсілдерді қажет ететін химия өнеркәсібі бүгінде қарқынды дамып келе жатқан сала. Екі университет пен «Қазфосфат» компаниясының бірлескен жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін. Бүгінде облыс басшысы аталған жобаны жүзеге асыруға айрықша назар аударып отыр. Келесі оқу жылында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 55 білім гранты бөлінеді, оның 25-і колледж студенттері үшін «Химиялық инженерия және үдерістер» мамандығына беріледі», – деді Е.Үйсімбаев.
Өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұмановтың айтуынша, желілік кампус арқылы кадр даярлау ісіндегі өзекті мәселелер уақытылы шешімін таппақ.
– Үш тараптың бірлесе атқарған жұмысы жаңа идеяларды іске асыруға мүмкіндік тудырып, химия ғылымының дамуына серпін беретініне еш күмәнім жоқ. Химия өнеркәсібі үшін ғылым мен өндірісті сапалы әрі жаңа деңгейге көтеретін ақылды, креативті және өршіл мамандар қажет екені рас. Желілік кампус аясында студенттер алғашқы екі жылда жергілікті университетте оқыса, одан кейін Менделеев университетінде білім алып, кәсіби шеберлігін арттырады. Ал төртінші курста «Қазфосфат» кәсіпорнында өндірістік тәжірибеден өтеді. Оқу аяқталғаннан кейін студенттер екі университеттің дипломына және «Қазфосфат» серіктестігіне жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады,-деді М.Байжұманов.
«Қазфосфат» компаниясы персоналмен жұмыс департаментінің директоры Әбдінәдір Айтматовтың айтуынша, кәсіпорын қызметкерлерінің саны алдағы жылдары едәуір артады. Ал үшжақты келісім арқылы білім алған студенттер серіктестікке жұмысқа қабылданады. Олардың жалақысы да қомақты болмақ. Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің физика-химия кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты Олег Райтманның сөзіне сенсек, желілік білім бағдарламасы бойынша оқуды таңдаған студенттердің мүмкіндігі мол. Олар оқуды аяқтағаннан кейін жұмыс орнына дайын кадр боп барады.
Мамандардың айтуынша, алдағы жылдары «Қазфосфат» компаниясында кадр қажеттілігі туындайды. Ал желілік кампус арқылы білім алған студенттер сол кадр тапшылығын толығымен өтейді. Қысқасы, қалай алып қарасақ та, ТМД-да алғаш рет қолға алынған желілік кампустың өңір халқы үшін пайдасы зор екені даусыз.
Egemen Qazaqstan
05.06.2023 жыл