Бұйырмаған келіндер
Үш күннен бері пайғамбар жасындағы Тәуекелдің үй-іші әбігер. Ақтау қаласындағы пединституттың екінші курсында оқып жүрген үлкен ұлдан сүйіншілеген хабар жеткен. Анасына «соткамен» сыбырлапты. «Берісі бір апта, арысы он күннің ішінде ақ құсымды қолыма қондырамын. Келінді боласыздар.» Содан бері шешесі Аршакүлдің есі кіресілі-шығасылы. «Шүкір, тәубе. Жеткізді деген осы. Келін түсіремін. Қолымды ыстық суға маламын» деп күбірлей сөйлеп
рахаттанып жүр.
Мінезі қорғасыннан ауыр отағасы Тәуекел көңілдене қоймады. Салмақты мінезінен айныған жоқ. Бұл қытымырлығы нақсүйерінің арқасын қоздырып, тілін шығарды.
-Құдайдан сұрап алған балаң келін түсіргелі жатыр. Сен неге қуанбайсың, осы. Қолымыз ештеңеге бармайды. Жауар күндей түнересің де отырасың.
-Асықпа, аптықпа,- деді отағасы қабағын ашпаған күйі,- Асыққан шайтанның ісі. Алдымен ақ, қарасын анықтап алайық. Балаңмен хабарлас. Келін қай елдің қызы? Тәрбиелі отбасынан ба? Оқыған ба? Мамандығы бар ма, жоқ па? Шашы ұзын әлде қысқа ма? Бәрін де анықтау керек.
Аршакүлдің алқымын ашу қысты. Шыдамның да шегі бар. Найзағайдың отындай шарт-шұрт етті.
-Сен… сен бар ғой. Бетке айтқанның еш айыбы жоқ. Барып тұрған күйдіргісің. Баяғыда-ақ келін түсіріп, немере сүйетін едік. Кежегең кері тартып, баланың бағын байлап болдың, түге. Балам алмақ болған бұрынғы екі келінді де осындай құйтұрқы арам ойларыңмен босағадан аттатпадың. Не ойлағаның бар, осы? Келін түсіреміз десек болғаны төбе шашың тік тұрады. Үйлену оңай, үй болу қиын деп көк аспанды суға аласың да отырасың. Тырнақ астынан кір іздейсің. Қай елдің, кімнің қызы, тәрбиесі қандай, шашы ұзын, қысқа ма деп не сол. Еркектің емес қатынның сөзін айтып. Қай әке-шеше үкідей үлпілдетіп өсірген ұл-қызын жаман болсын дейді. Ұлым- ұяға, қызым- қияға қонса, үбірлі-шүбірлі болса деп тілемей ме? Сен бар ғой, сен… Құдай-ай, тағы не айтайын деп ем. Қарабасып ұмытып қалғанымды қарашы. Өзіме де обал жоқ. Байсыз қалатындай сонша пәлденіп. Баяғыда қыр соңымнан қалмай, өлердегі сөзін айтқан қара Қауынбайға тие салмай…
Ашу қысқан Аршакүл тұтығып, сөзден тосылды. Тәуекелдің орыс сыныбында оқымаса да өзі білетін орысша сөздерді қосып айту қанына сіңген әдеті еді.
-Ну, ладно, оқасы жоқ. Өткен іске өкінбе деген. Ұмытқан сөзіңді есіңе түскенде айта жатарсың. Жастық шақтың желігімен екінің бірі қиялданып, сандырақтап «Сүйемін, күйемін, бақытты етемін» деп айта береді. Құрғақ сөзден іске көшкен жөн. Балаңа хабарлас. Мен айтқан «данный» деректерді анықта,-деді Тәуекел қатқыл дауыспен.
Қырсыққанда қымыран іриді. Тілі қайта қышыған Аршакүл енді «отала» бергені сол көрші үйдің еріккен кербез келіншегі келіп қалғаны.
Аршакүлдің отағасына өкпелейтіндей жөні бар еді. Өткен жылы да құдайдан сұрап алған бала отау үй тікпек ниетпен екі рет «папитка» жасаған. Онда да әкесі ашу шақырып «отказ» берді. Алғашқы болашақ келіннің мойнында бес жылға дейін төлейтін кредиті бар екен. Елдің қызы пысық. Ұялмайды, қысылмайды, ұлына «Кредитті төлесең, мен сендікпін» депті. Бұл «договорды» естіген әкесі шалқасынан түсті.
-Бұл не деген масқара. Бесіктен белі шықпай жатып қарызға белшесінен батқаны несі? Әке-шешесі қалай жол берген? Ал, жарайды келін түсті дейік. Соңы не болмақ? Үш мың доллар өлтірі жіберем, шабылып той жасаймын, шашылып құда шақырамын. Еще, кредит төлейміз. Ана сенің балаң таза ақымақ екен. Қауақ басында торғайдың да миы жоқ. Немене, қазақта кредиті жоқ қыз құрып қалып па? Болмайды, сау адамды жынды қылатын мұндай тірлікке менің «нервім» шыдамайды. Келін кредиттен құтылғанша бір-бірін күтсін.
Ана көңілі балада. Арашаға бозторғайдай шырылдап шешесі Аршакүл түсті.
-Райыңнан қайт, отағасы. Көңілдері жарасқан екі жастың обалына қалмайық. «Бір қой егіз туса екі түп жусан артық шығады», «Көш жүре түзеледі» деген. Төрт құбыласы түгел байлар да жылаған заман. Бірі кем дүниенің бүтінделген күні бар ма? Отағасы қайтып сөзге келмеді. Оң қолын құлаштап сілки сермеді. Бұл ишарасы болды, әңгіме тамам, «разборка» бітті дегені еді. Жоққа жүйрік жеткен бе? Баласы құлай сүйген қалыңдығымен зар илеп, жылап қоштасты.
Екінші келін болатын бойжеткеннің шарты мүлдем ауыр болды. Баласына айтыпты.
-Үйленбей тұрып некеге тұрамыз. Мен қалада өскенмін. Ужас, малы, маса-шыбыны көп ауылда өмір сүре алмаймын. Тойдан бұрын өз қалауың білсін. Кез келген қаладан үш бөлмелі үй сатып аласың. Сонда ғана біз бақытты боламыз. Айтпақшы ұмытып барам. Той кешінде екінің бірі лимузинмен «гулянка» жасап жатыр. Бұл «интересно» болудан қалған «вариант». Біз «гулянканы» тікұшақпен жасаймыз. Тойханаға жиналған көпшіліктің ортасына тікұшақпен тік етіп түссек қандай ғажап болар еді…
Бұл келісімшартты естігенде әкесі есінен танып қала жаздады. Бұрын-соңды болмаған «давлениесі» көтеріліп кетті. Қылаудай кінәсі жоқ әйеліне ала көзімен ата қарап сөзге де әзер келді.
-Аулақ. Келін боп жарытпайды. Малдан, алтын бесік ауылдан садаға кетсін. Мынауың енесінің емес, өзінің қолын ыстық суға салғалы отырған келін ғой, жүдә. Шегедей боп ойлап жүргенін қарашы. Үш бөлмелі үй сатып аласың дейді. Қалада бір бөлмелі үй қанша доллар тұратынын білесің бе, сен қатын? Ауылда теңге санап отырғанда долларды қайдан табамыз? Ой, сұмдық-ай, мен жынданатын шығармын. Тойханаға тікұшақпен тік етіп түсе салмақшы. Оған төлейтін ақша қайда, ақша? Марқұм әке-шешем жатқан жерлері жайлы болсын. Екеуміз үйленгенде «гулянка» жасатып па еді? Не керегі бар сол қып-қызыл босқа шығын, пайдасы жоқ сандалыстың? Ана ақымақ балаңа айт. Мұндай келмей жатып билік айтқан келіннен жүз шақырым аулақ жүрсін.
Бұл жолы Аршакүл баласына араша түсе алмады. Болашақ келіннің келісімшарты жүрегіне ауыр тигені сонша жұмған аузын ашқан жоқ. Арада сүт пісірім уақыт өткенде баласымен «сотка» арқылы хабарласқан Аршакүл болашақ үшінші келін туралы анықталған «данныйлар» жөнінде қариясына «отчет» берді.
-Алла қаласа ақ босағаңды аттайтын келінің үністеттің бірінші курсында оқиды екен. Балаңа айтыпты. Ақылы оқуымды төлесең отау үй тігуге қарсы емеспін деген көрінеді.
-Болмайды,- деді Тәуекел көңілсіз үнмен,- Көрпемізге қарай көсілейік. Құдалық, сырға салу, той-домалақтың қаражатын табу оңай емес. Оның үстіне бала мен келіннің ақылы оқуларының ақшасын төлеуге мүлдем шамамыз жетпейді. Екеуі үністеттерін бітіргенше бір-бірін күтсін.
Алтын бесік ауылға кіндіктері байланған Тәуекел мен Аршакүлге бір келін керек-ақ. Өкінішке орай мойнында қарыз-құрызы жоқ, ауылда тұрып, енесінің қолын ыстық суға салатын келіннің ақ босағаны аттауы әзірше белгісіз болып тұр.
Темірлан Әбілдаев,
ардагер журналист