ӘРБІР ДЕПУТАТТЫҢ МІНДЕТІ-ХАЛЫҚ СЕНІМІН АҚТАУ

0

Билік пен халық арасындағы қатынас жайында Қасым – Жомарт Кемелұлы жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдары туралы нақты тоқталып: — «Экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды»,-деп баса айтқан болатын. Осындай нақты істерді

Сарысу аудандық мәслихат депутаттары қолға алуда. Бүгінгі таңда мәслихаттың жұмыс қарқыны жаман емес. «Бірлік бар жерде – тірлік бар», – дейді дана халқымыз. Тұрғындарымыз жарқын болашақ үшін бізге сенім білдіріп отыр.

Ауданда сегізінші шақырылған Сарысу аудандық мәслихаттың бірінші сессиясы үзілістен кейін өз жұмысын жалғастырды.

2023 жылы 30 наурызда шақырылған аудандық мәслихаттың бірінші сессиясында депутаттар аудандық мәслихат төрағасын сайлауды жасырын дауыс беру арқылы сайлау тәсілін таңдаған болатын.

Аудандық мәслихаттың төрағасын жасырын дауыс беру арқылы сайлауға аудандық мәслихаттың 12 депутаты қатысты.  Депутаттардың жасырын дауыс беру арқылы өткен сайлаудың қорытындысы бойынша Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы болып сайландым.

Аудандағы қордаланған кейбір мәселелерді тұрғындардың пікірін елеп-екшемей жүзеге асыру қиын іс.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының талаптарына сәйкес, бүгінде  Сарысу аудандық  мәслихат жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.Жұмысты жүйелендіру үшін менің жұмысым, сенің жұмысың деген бөліну болмауы керек.

Түйіні шешілер дүние болса ертерек шешуге ұмтылған жөн. Аудандағы ауылдық округтер мен Жаңатас қаласының әр шағын ауданындағы мәселелер әртүрлі. Ол үшін аудан көлемінде аралау жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың әрқайсысымен жолығып, жеке-жеке тыңдау қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында мәслихат депутаттарымен бірге тұрғындармен кездестік.

Тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдап, атқарылып жатқан және алдағы уақытта іске асатын жұмыс­тар жөнінде пікірлестік.  «Мемлекет басшысы ашықтық, жариялылық қағидатын ұстану қажеттігіне ерекше назар аударып, Үкімет мүшелеріне, Сенат, Мәжіліс депутаттарына, сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдер мен депутаттарға халыққа жақын болуды тапсырды.

Осы орайда, аудандық мәслихат депутаттарының барлығында «Faceboоk» әлеуметтік желісінде жеке парақша бар. Яғни, кез-келген тұрғын өзінің сауалын жолдап, қабылдауға жазылып, депутатқа ұсыныс айта алады.

Бұл-«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асып жатқанының нақты көрінісі. Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Халық үніне құлақ асу, тұрғындардың талап-тілегін тыңдау, проблемаларын шұғыл шешу Заңмен де белгіленді. Азаматтық қоғамды дамытуды, ашықтық пен жариялылықты қол­дауды көздейтінін Мемлекет басшысының сарабдал саясатын жүзеге асыру біздің міндетіміз.

Әр кездесулерден соң олардың  талап-тілектеріне құлақ түріп, өзекті мәселелерді бас-ты назарға алдық. Алда айқын жоспарлар мен атқарылар қыруар тірліктер күтіп тұр. Халық қалаулыларының кезекті кездесулері  аудан орталығынан шалғайда жатқан Қамқалы, Шығанақ, Жайлаукөл ауылдарында да өтті.

Кездесуде шалғай елдімекеннің тұрғындары ауыл ішіндегі қордаланған мәселелерді назарға ұсынып, шешілу жолын қарастыруды сеніп тапсыратындарын айтты. Оларға жауаптар әзірленіп, ұсыныстар қарастырылуда.

Мәслихат мақсаты — аудан тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, олардың өтініштерін ескере отырып, туындаған мәселелерді дер кезінде шешу, жалпы ауданның уақыт талабына сай дамуына жағдай жасау.

Мұндай кездесулер билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайтудың, халықпен тығыз қарым-қатынас жасаудың тиімді тәсілі.

Кездесуге келген азаматтармен  әңгімелесу барысында барлық сұрақтарға Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында түсініктемелер беріліп, қабылданған барлық өтініштер бойынша жұмыстар жасалуда.

Тұрғындардың көкейінде жүрген көптеген мәселеге заң шеңберінде жауаптар беріп, кейбір шешімін табу үшін уақыт талап ететін мәселелер  бойынша жан-жақты зерделеп, шешу жолдарын қарастыратынымызды жеткіздім. Аудандағы барлық ауылдармен қатар Байқадам ауылдық округі тұрғындарымен  кездескен болатынбыз.    Ондағы мәселе оң шешімін тапты. Яғни, Байқадамдағы аурухана жабылмайтын болды.

Денсаулық сақтау-баса назар аударатын сала. Елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламада медициналық-санитарлық алғашқы көмекті одан әрі дамыту алғашқы буындағы әмбебап, интеграцияланған, әлеуметтік бағдарланған, қолжетімді және сапалы медициналық көмекті дамытуға бағытталған шараларды тереңдетуді көздейтіндігі көрсетілген. Әрине, көпшілік күткен түйткілдің дұрыс шешілгені қуантады. Халықпен тығыз байланыста болуымыздың да себебі осы. Елдің көкейінде жүрген мәселелерді тыңдау. Тек сайлау науқанында ғана бой көрсетпей, елге берген уәдені орындау.

Байқадам ауылдық округіне барып, онда  аудандық аурухананың сол кездегі бас дәрігері Б.Қыдырбаев ауылдық аурухана бойынша және ауылдағы медициналық қызметтер туралы қысқаша мағлұматтар жасады. Ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сауалдарға қанағаттанарлық жауаптар беріп отырды. Тұрғындар аурухананың алдыңғы жылдары сапасыз жасалған жөндеу жұмыстары сот шешіміне сәйкес қайта жасалатынын айтты. Ауылдықтар  ауылдық аурухананың жабылмайтыны туралы естіп, қуанып қалды.

Ақиқатында қазіргі қоғамның сұрағы көп.  Ал, көп сауалға жауап беру құзіретті құрылымдардың мойнында. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын Мемлекет» Тұжырымдамасын тегіннен-тегін бекіткен жоқ. Мұндағы мақсат – билік пен халық арасындағы қарым-қатынас «тонның ішкі бауындай» астасып, сабақтасып жатуы тиіс. Қазіргі биліктің барлық сатысы осыған бағытталған. Ал, барлық деңгейдегі мәслихаттардың мақсаты – әрбір ел тұрғынының жайлы өмірі үшін қарекет ету. Барлық сауалдар аудандық мәслихаттың әлеуметтік желі парақшасында кеңінен жарияланды. Алда, сол мәселелердің шешілу жолдарын қарастыратын боламыз.

Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын “бірлік болмай тірлік болмас”, “бірлік түбі — береке”, “алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деп түйген. Осының дәлелі іспеттес Түркістан ауылдық округі бойынша мың жарымға тарта тұрғын болса, оның төрт жүздейі күрді ұлтының өкілдерін құрайды.

Ал, Арыстанды елді мекенінде төрт жүздей адам болса, оның үш жүзге жуығы күрді ұлтының өкілдері, жүздейі қазақтар. Олар қаншама жылдардан бері бір үйдің баласындай тату-тәтті, достықта өмір сүруде.

Міне, осындай достық пен ынтымақты ауылға атбасын тіреп, тұрғындармен кездестім. Кездесу барысында тұрғындардың талап тілектерін тыңдадым. Негізінен білім, спорт, ауылшаруашылық саласындағы өзгерістер жайлы сауалдар қойылды. Сауалдардың жауаптарын қайтарып, олармен емен-жарқын тілдестім.

Алдағы уақытта осындай достық қарым-қатынаста ауданның өсіп-өркендеуі жолында бірге еңбек етуге шақырдым.

Қашан да ұлтаралық қарым-қатынас күн тәртібінен түскен емес. Елімізде ұлтаралық татулықтың жарасым табуы  – біз мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгендігінің белгісі. Толеранттылық деген – үлкен құндылық. Мұны егемендікке қол жеткізген жылдардағы маңызды жетістігіміз десек артық айтқандық болмас.

Бір шаңырақ астында бірлігі жарасып, берекелі өмір сүріп отырған  жүз отыздан астам ұлт өкілдері қазіргі таңда өздерін «қазақстандықпыз» дегенді мақтанышпен айта алады. Осындай достықтың үлгісін ауданда көрсетіп келеді.

Түркістан ауылдық округіне қарасты Арыстанды елді мекенінде іссапарда болған сәтімде, арнайы Жабрайл Махамбетовтың отбасында болдым. Көп балалы отбасының ахуа-лымен танысып, ізгі ниетімді білдірдім.

Ақ жаулықты анамыз алғыс айтып, ақ батасын берді. Қазіргі таңда қабылдау, кездесулер жалғасын табуда. Ол  тек белгіленген уақытта ғана жүргізілмейді.  Кез-келген уақытта, қалаған уақытта халықты қабылдауға, кездесуге дайынбыз. Қабылдап та, кездесіп те жүрміз. Аудан тұрғындары әлеуметтік желісінде де сұрақтарын қойып, шешімін күткен мәселелерді ортаға салуда. Әр күн тұрғындар сауалына жауап беруден, оны саралаудан басталады. Мониторинг жүргізіліп отыр.  Бүгінде халықпен байланыс жақсы. Аудан тұрғындарын толғандырып жүрген әр мәселеге бей-жай қарамай, құлақ асып отырамыз. Халықтың пікірі қай кезде де маңызды. Туындаған мәселелерді дер кезінде шешу үшін халықпен тұрақты кездесулер ұйымдастырып, қандай да бір шешім қабылдауда тұрғындардың пікірін ескеру арқылы біз оңтайлы шешім қабылдай аламыз.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желі арқылы «әттеген-ай» дегізетін тұстар әшкереленіп, талай кемшіліктердің беті ашылуда. Проблемалық мәселелерді шешуде белсенділік танытып жүрген блогерлер аз емес. Әсіресе, жемқорлықты әшкерелеуде олардың үлесі зор.

Яғни, ақпар – маңызды қарулардың бірі.  Өкініштісі сол, ақпаратты тексермей, сол қалпында «жұта» береміз. Шын мәнінде, оны басқа да дереккөздерден қарап, анық-қанығын тексеріп алу керек. Сонда ғана біз әділетті Қазақстанды құра аламыз. Сонда ғана біз көптің пікіріне құлақ асып, оның шешілуіне атсалыса аламыз. Осы мақсатта Сарысу аудандық мәслихат депутаттарымен бірге аудандағы белсенділер және блогерлермен кездесу өткіздім. Кездесу барысында көптеген көңілдегі түйткілді мәселелер ортаға салынды. Ауылдық округтерде жол, жарық, білім, спорт салаларындағы мәселелер көтерілсе, аудандық орталық аурухананың аумағындағы ішкі жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу Жаңатас қаласындағы Дегерес мекені, Досбол ауылы басқа да елді мекендердегі медициналық пункттердің жылу мәселесін құзырлы мекемелермен бірлесе шешу, Саудакент ауылдық аурухананың қазандығына, сонымен бірге инфекция бөлімшесінің 2 қабатына жөндеу жұмыстарын жүргізу,  Көкдала елді мекенінде медициналық қызметтің шалғай (отгон) ретінде көрсету мүмкіндігін қарастыру,  Ә.Бүркітбаев, Әбілда ауылдарындағы медициналық пунктінің ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу. Елді мекендердегі медициналық пункттерді күзетпен, от жағушымен толық қамтамасыз ету, Тоғызкент ауылдық округіндегі медициналық пункттердегі жарылған жылу құбырлары басқа да істен шыққан жабдықтардың тиісті деңгейде жұмыс жасауы бойынша шаралар қабылдау.  Тиісті мекемелермен бірлесе жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету,  қала және елді мекендердегі медициналық пункттерді жедел жәрдем автокөлігімен толық қамтамасыз ету секілді өзекті мәселелердің шешілу жолдары қарастырылды. Барлық маңызды мәселелер мәслихат назарынан тыс қалған емес. Аудандық «Coworking» орталығында аудандық ардагерлер, қоғамдық кеңес және ауданның жастарымен кездестім. Кездесу барысында төмендегідей ұсыныс-пікірлер айтылды. Мемлекет тарапынан жас-тар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдайлар жасау секілді ең өзекті мәселелер ортаға салынды. Әсіресе, жастардың жұмыспен қамтылуы да мемлекетіміз үшін басты назарда.

«Жас келсе іске» демекші, жастардың лауазымды орындардан табылуы да олардың еліміздің дамуы жолында өз орны барын және соны тиімді қолданып отырғанымызды байқатады.  Жаңғыру арқылы жаңа әлемге бет түзеген елімізде жастар мемлекеттегі басты қозғаушы күшке айналып отыр. Маңыздысы осы. Жастарды қолдау мемлекеттің болашағына жағдай жасау екені сөзсіз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар, жастармен тығыз қарым-қатынас  алдағы уақытта да  жалғасын табады. Көп саланың ішінен бір мәселе шешілсе, бұл алдымен халықтың бастамасы екенін ұмытпауымыз керек. Олар қоғамды өмір сүруге ыңғайлы етуге бағытталған ұсынысын, мұң-мұқтажын бізге айтады. Біз мұны жергілікті атқарушы орган өкілдеріне жеткізіп, келісе отырып, іске асыруды мерейлі міндет санаймыз.

Мәслихаттың негізгі жұмыс қағидасы оның ашықтығында. Депутаттардың сайлау алдындағы бағдарламаларының орындалуы, сайлаушылармен байланысы, сессия, тұрақты комиссияда қаралатын мәселелер туралы халықты хабардар ету мақсатында аудандық мәслихаттың сайты мен парақшасында, жергілікті баспасөз беттерінде хабарландыру жарияланады. Халық қалаулысы атанып, сайлаушылардың сенімін иеленген аудандық мәслихат депутаттары жергілікті жерлерде орын алып отырған көкейкесті мәселелерді атқарушы органдар алдында көтеріп, шешімін табу  жолында   аянбай еңбек етуі тиіс. Сондықтан аудандық мәслихат депутаттары атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, Президентіміздің тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына атсалысып, аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.

Шаттық Мұсабеков,

Сарысу аудандық мәслихат төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.