ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Рухты көтеретін, мызғымас бірлік пен бейбітшіліктің басты көрінісі — мемлекеттік рәміздердің еліміз үшін маңыздылығы қашан да жоғары. Ұлттық құндылықтың ажырамас бөлігіне айналған Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз елдіктің ерен белгісі. Мемлекеттік мереке қатарында аса маңызды мейрам — Рәміздер күнінің кеңінен аталып өтілуі маңызды екенін ұмытпау керек. Осы орайда, ауданда 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнінің кешенді іс шаралар легі ұйымдастырылды.
Айтулы мереке орталық алаңда аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу» орталығының ұйымдастыруымен спортшылардың, тұрғындар мен жастардың қатысуымен ұзақтығы 3 шақырымға созылған марафон жарысынан бастау алды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру және патриоттық сезімге баулу мақсатында ұйымдастырылған шара нәтижесінде мәре сызығын 1-болып Д.Қонаев атындағы орта мектептің мұғалімі Қолхаметов Абдуғали кесіп, жүйрік атанса, 2-орынды М.Әуезов мектеп-гимназиясының мұғалімі Жолбаев Тасқын иеленді.
Жүлделі 3- орынды тағы бір М.Әуезов мектеп-гимназиясының мұғалімі Кенжеқараев Ислам жеңіп алды. Барлық жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан медальдар, дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Бұдан кейін көк туларды желбірете көтерген автокөлік шеруі Жаңатас қаласының орталық көшелерімен жүріп өтті. Қала тұрғындары арасында мемлекеттік ту шеруі расында жігер мен асқақ рух сыйлады. Қаланы аралап орталық алаңға оралған шеруден кейін тұғырға үлкен Ту салтанатты жағдайда көтеріліп, аудан тұрғындарының, мекеме қызметкерлерінің қатысуымен Әнұран шырқалды.
Жиналған көпшілікке аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов құттықтау сөз сөйледі. — Құрметті жиналған қауым!
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елтаңба, Ту, Әнұран-Тәуелсіздігіміздің бас-ты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі», – деп айтқанындай, аспан түстес Көк Байрағымыз асқақтап, тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз жарқырап, Гимніміз шарықтап, Тәуелсіздігіміз нығая берсін!
Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын! — деп жылы лебізін білдірді.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының орындаған патриоттық әндері көрермендерге рух пен жігер сыйлады. Концерт шымылдығы әншілердің «Көк Тудың желбірегені» әнімен бастау алып, Жадыра Даукенова «Елім-ай», Әмірғали Бақытов пен Ермахан Оңғарбеков «Алға», Мөлдір Мұсаева «Халқым-ай», Диана Сейдіш «Қазақстаным» әндерін тамылжыта орындаса, «Айжанқыз» би ұжымының мың бұрала билеген «Қазақ» биі мерекелік концерттің көркін ашты.
Мереке күні қала тұрғындары да қалыс қалмады. Рәміздерді ұлықтауға арналған іс – шара барысында көпқабатты тұрғын үй иелері балкондарына көк Туды іліп, мерекелі күнде бойын баураған патриоттық сезімін көрсетті.
Мерекелік шаралар легі ауылдық округтерде де жалғасын тапты. Ауылдық округтер Туды құрметтеуге арналған мотошеру өткізіп, ауыл тұрғындарын керемет әсерге бөледі. Сондай — ақ, концерттік бағдарламалар қойылып, ауыл іші әсем әуен мен керемет күйге тұнды.
Жалпы, мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, қорғау Ата Заңымызда жазылып бекітілген басты құндылық. Оны қастерлеу Қазақстан Республикасының әрбір азаматының қасиетті борышы. Міндет пен мүддені жоғары қоя білетін әр азамат Отанға деген сүйіспеншілікті жүрекпен білдіру керек.
Самат қуандықұлы, «Sarysý»